Нұр-Сұлтанда өткен I халықаралық ECOJER конгресінде сөз сөйлеген ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ләззат Рамазанованың айтуынша, жаһандық ауа температурасының одан әрі жоғарылай түсуі табиғаттағы орны толмас процестердің басы болуы ықтимал.
– Сондықтан Үкімет экономиканы декарбонизациялау және саланы «жасылдандыру» бойынша жүйелі шараларды бастап жатыр. Процесс саяси еріксіз және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы тұрақты диалогсіз өз мақсатына жете алмайды. Біз бәріміз соған ұмтылуымыз керек, – деген-ді Л.Рамазанова.
Қазіргі таңда Үкіметте 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайындау бойынша жұмыс тобы құрылған. Сарапшылардың бағалауынша, парниктік газдарды 2050 жылға дейін кем дегенде 70 пайызға дейін азайту үшін 350 млрд доллар инвестиция қажет. Жаңғырмалы энергетика саласы 163 млрд долларды керек етіп тұр.
Айыппұл табиғатты
тазартпайды
Қазақстанның экологиялық тұрғыда артта қалып отырғаны белгілі. Арагідік әр аймақта ауаға лас заттардың бөлінуіне байланысты дау-шар туындап тұрады. Мемлекет халық шуласа, бірер айда, егер қатты шуласа бір апта көлемінде естиді. Сосын бұл мәселені қатаң бақылайтындарын айтады. Сонымен сөз тәмам. Дау саябырсиды. Бірақ ауаға тарайтын у тоқтамайды. Былтыр атыраулық белсенділер қаладағы мұнай өңдеу зауытынан шыққан ащы түтін тұрғындарды улап, тіпті ұйқысынан тұрмай қалатын қайғылы жағдайдың көбірек орын ала бастағанын айтып дабыл қаққан еді. Біздің ел қазір көмірқышқыл газы қалдығының ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) шаққандағы ең жоғары көрсеткішіне ие бес елдің қатарына кіреді. Мұны Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та растайды.
– Бұл біздегі көмір өндірісінің және 1960-1970 жылдары тұрғызылған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көптігімен байланысты. Соңғы екі жылдағы жұмыстың нәтижесі – Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы қабылданып, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Онда Қазақстан өнеркәсібін экологияландыру бойынша негізгі бағыттар анықталған. Жаңа кодекстің негізгі тұжырымдамалық жетістігі – кәсіпорындардың 2025 жылдан бастап ең жақсы қолжетімді технологияларға көшуі және бірінші категориялы кәсіпорындарда автоматтандырылған мониторинг жүйесінің датчигін орнату. Қолжетімді технологияға көшу уақыты – он жыл. Егер кәсіпорын оған көшпесе, онда 2025 жылдан бастап қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем мөлшері көбейіп, әр үш жыл сайын артып отырады. Еуроодақ елдері осы технологияның нәтижесінде негізгі ингредиенттер үшін ластаушы заттар шығарындыларын 90 пайызға төмендетті. Автоматтандырылған мониторинг жүйесінің датчигін кәсіпорындар 2023 жылға таман орнатуы тиіс. Онсыз кәсіпорындар жұмысына тыйым салынады, – деді А.Пірімқұлов.
Бірақ қазір кәсіпорындар үшін айыппұл дегенің бұйым емес. Айып ақшаны төлеп тастап, лас түтінді бұрқыратып отыра бергенді қолай көреді. Айыппұл төлегеннен қоршаған ортаның тазарып кетпесі белгілі. Мұндайда екі жол айқындалады: не айыппұл қалтаға тым қымбат түсуі тиіс, не лас түтінді фильтрлеу бойынша кәсіпорын міндет алуы керек. Дәл бұлай асығатындай да жөніміз бар. Париж келісімі бойынша Қазақстан 2030 жылы парниктік газ шығарылымын 15 пайызға төмендетуге міндетті.
– Биылдан бастап еліміз жыл сайын парниктік газдар шығарындыларының Ұлттық жоспарын 2 пайыз тапшылықпен бекітетін болады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы климаттық саммитте 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығын жариялады. Осыған байланысты соңғы екі жылда Қазақстан төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайындады. Онда парниктік газ шығарындыларын азайту, декарбонизациялау бойынша жұмысты бастау мақсатында Экология министрлігінің де, Энергетика, Индустрия және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің де, ірі бизнестің де негізгі тетіктері, атқаруы тиіс негізгі механизмдері белгіленеді. Тек осындай кешенді шаралар ғана экологиялық ахуалдың жақсаруына бастайды, – деді вице-министр.
Табиғатты ластанудан құтқаратын тағы бірегей бастама ретінде министрлік көтеріп жүрген жобаның бірі – Waste to Energy технологиясы. Бұл – жиылған қатты тұрмыстық қалдықтарды жағып жіберіп, одан электр энергиясын өндіріп алатын технология. Дәл осы технологияға қарсылар да көп. Министрліктің есептеуінше, ел аумағында қоқыс жағатын 6 заманауи зауыт салу үшін 180-185 млрд теңге керек екен.
– Екі жарым жыл ішінде Қазақстанда қалдықтарды жағу зауыттарын салу мүмкіндігін талқылау бойынша Еуропадағы осындай кәсіпорындардың әзірлеушілерімен және инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Біз тіпті олардың құрылыс сметасымен де таныстық. Салыстырар болсақ, 185 млрд теңге көп ақша емес. Мысалы, бір ғана еуропалық аналог инвестициясы 600 млн долларға жетуі мүмкін, – дейді қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошырбаев.
Оның айтуынша, аукциондық саудаға қатысу арқылы ғана инвестор атануға болады. Аукцион тәртібіне сай ел резиденттері де саудаға қатысуы керек. Министрлік қалдықтарды энергетикалық утилизацияға жіберу бойынша жобаға аукциондық сауда жариялап та қойды. Waste to Energy кешендері Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында салынады деп жоспарланған.
Жаңғырмалы энергияның жағдайы қалай?
Бізде соңғы жылдары жаңғырмалы энергия көзі (ЖЭК) туралы жиі айтыла бастады. Бірақ көмірге деген тәуелділіктен арыла алмай отырғанымыз ақиқат. Жақын арада арыла қоюымыз да екіталай. 2020 жылы елде 107,2 млн тонна көмір өндірілген. Оның 58,8 млн тоннасы энергия өндіруші кәсіпорындарға жіберілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,6 млн, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке және халыққа 10,6 млн тонна жіберілген. 29,3 млн тоннасы экспортталыпты. Елімізде ең көп пайдаланылатын энергия ресурстарының да көшін көмір бастайды. Мұнай, табиғи газ, гидроэнергетика содан кейінгі орындарда. Бізде көмірдің 70 пайызы ашық әдіспен Екібастұз кен орнының 3, Қарағанды облысының 4 учаскесінде өндіріледі.
Көмірдің әлемдік қоры жөнінен жаһандағы тоғызыншы елміз. Үздік ондыққа кірген елдің мұндай ен байлықтан әзір бас тарта қоюы қиын. Соған қарамастан, Қазақстан 2050 жылға таман күннен, желден іздейтін жаңғырмалы энергия көлемін 50 пайызға жеткізу жауапкершілігін алғанын да ұмытпау керек. 2030 жылы ішкі энергияның 10 пайызы осы жаңғырмалы көздерден түсіп тұруы тиіс. Иә, бірнеше жел және күн электр стансаларын самсатып салып қойдық. Бірақ соларды кәдеге жарата алып жатырмыз ба?
«Жасыл экономикаға» көшу концепциясы біздің елде 2013 жылы қабылданды. Бұл бойынша жаңғырмалы энергия көздерінің үлесі 2020 жылы – 3, 2030 жылы – 10, 2050 жылы 50 пайызды құрауы тиіс. Жаңғырмалы энергия дегеніңіз күн мен жел ғана емес, гидродинамикалық су энергиясы, геотермалдық энергия: топырақтың жылуы, жерасты суы, өзендер, су нысандары, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: биомасса, биогаз және электр мен (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан шығатын басқа да отындар.
PwC Kazakhstan осы тақырыпқа арнайы зерттеу жасаған. Онда 2011 жылдан бері ЖЭК нысандары 23-тен 111-ге көбейгені, салаға салынған инвестицияның көбеюі біздегі ЖЭК үлесінің артуына себеп болғаны айтылады. Әсіресе шетелдік компаниялар мен даму банктері ЖЭК нысандарын қаржыландыруға пейілді екен. Дегенмен ЖЭК өсімін тежеуші факторлар да көп. Зерттеу қатысушылары заңнамалық базаны ЖЭК-тің қазіргі даму кезеңіне сай емес деп бағалайды.
«ЖЭК-тің тарифтері дәстүрлі электр энергиясы тарифтерімен салыстырғанда жоғары. Сондықтан мемлекеттің қолдауынсыз ЖЭК бәсекеге қабілетті бола алмайды. Алайда респонденттер пікірінше, энергетикалық жүйенің ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз ететін дәстүрлі энергияға нақты тариф жоғары болуы керек. Нарықтық тарифтердің жұмыс істеуі жағдайында ЖЭК-тің бәсекелестік ортаға ауысуы әбден мүмкін. Балама энергия көздері уақыт өткен сайын өзекті болып келеді», деп жазады PwC Kazakhstan.
Елдегі 111 ЖЭК нысанының 57-сі – гидро, 29-ы – күн, 24-і – жел, біреуі – биоэлектр стансасы. Ал IRENA (ЖЭК бойынша халықаралық агенттік) болжамы бойынша, Қазақстан Париж келісімі аясындағы ЖЭК үлесін 50 пайызға жеткізу міндетін орындау үшін елдегі ЖЭК қуаттылығы 10 есе артуы тиіс екен. 2011 жылы елдегі 23 ЖЭК нысанының қуаттылығы небәрі 94 МВт болса, былтыр 111 ЖЭК нысаны 1 846 МВт қуаттылық берген. 2011 жылдан бері жаңғырмалы энергия көздерін салуға 628,5 млрд теңге жұмсалған. Ал еліміздегі ЖЭК нысандарын салуға кімдер қаржы беріп отыр? Олар негізінен даму банктері. Атап айтсақ, Еуропалық қайта құрылымдау және даму банкі, Қазақстан даму банкі, Қытай даму банкі, Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялау банкі.
ЖЭК нысандарын салу мезетінде елдің табиғи және территориялық ерекшелігін де ескеру маңызды. Өйткені ЖЭК-тің таралуы аймақтың табиғи әлеуетіне тікелей тәуелділікті көрсетеді.
«Желдің жоғары деңгейлі әлеуеті негізінен барлық өңірге тән. Гидроэнергетика ең ірі өзендері бар аймақтарда – Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысында жақсы жүзеге асады. Сонымен қатар оңтүстікте күн потенциалы да жоғары. Қазақстанның батысы желдің жоғары әлеуетімен ерекшеленеді. Дегенмен батыстың жабық энергетикалық жүйесі бұл аймақта жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік бермейді», деп жазады авторлар.
«ЦАТЭК Green Energy» ЖШС директоры Еділ Сариевтің айтуынша, Қазақстан аумағында гидроэлектр стансасының болашағы бұлыңғыр.
– Менің ойымша, Қазақстан аумағында кез келген энергия көзі шикізат ретінде өте жақсы ұсынылған, бірақ белгілі бір қиындықтардың болуына байланысты жел электр стансаларын, биогаз қондырғылары мен су электр стансаларын іске асыру шектеулі. Бұған логистикалық шығын, тарифтің төмен деңгейі және жобаның ұзақ уақытқа жалғасуы себеп. Жел стансасын салуға 1-2 жыл кетсе, гидро стансаны салуға 2 жыл керек. Ал күн стансасын небәрі алты айда тұрғызуға болады, – дейді маман.
Бұл ретте зерттеу қатысушылары Қазақстанда ЖЭК-ке қатысты заңнаманы жетілдіру қажет деп санайды. Қазіргі заңнама инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары үшін тиімді, алайда ЖЭК-тің елімізде әрі қарай дамуы үшін жеткіліксіз дейді.
Жаңғырмалы энергия көздері дәстүрлі энергия көздерімен бәсекеге түсе ала ма, жоқ па, оған жауап айту қиын. Сан жағынан, қуаттылық жағынан дәстүрлі энергия деңгейіне тақағанда барып бұл жайлы әңгіме қозғау қажет шығар. Мұнай мен көмір гегемониясы әлемде әне-міне біткелі жатқан жоқ. Кемі ғасырдан астам уақыт осы екі өнім үшін жаға жыртысармыз. Темір етігі теңгедей болған Қазақстан да әл-әзір мұнайы мен көмірін саудалап бағуға ниетті. Мемлекет енді Түркістан облысынан бесінші мұнай өңдеу зауытын салмақ. Ол да алдыңғылары секілді экологиялық тазалық дегенді жиып қойып жұмыс істей ме, әлде Waste to Energy-дің «тұзағына» түсе ме, оны алдағы бес жылда байыптай жатармыз.