Бірде университеттің Ғылыми кеңесіне лекция оқу үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Кеңестік дәуірде мұндай деңгейдегі шенеуніктердің өздерін өзгелерден жоғары ұстайтынын, кез келгенге сәлем бере бермейтінін жұрт білетін. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының кеудемсоқтығы жоқ, кішіпейіл, ізетті де инабатты, биік эрудициялы жан екендігі бірден байқалды. Оның лекциялары мазмұндылығы, қызықтылығымен есімізде қалды. Аса білгірлік, үлкен мәдениет, зиялыға тән әдеп, ибамен сөйлейтін ол студенттерді бірден баурап алды. Ол КСРО-ның Сингапурдегі елшілігінде, Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында қызмет етумен қатар, Бейжіңдегі Қытай тілі институтында да оқыған, одан кейін КСРО Дипломатиялық академиясында да дәріс алған, қытай және ағылшын тілдерін жақсы меңгерген, тәжірибелі маман екен. 1994 жылы министр болып тағайындалған соң да уақыт тауып, Халықаралық қатынастар факультетінің студенттеріне, яғни болашақ мәмілегерлерге лекция оқып тұрды.
Анығында, ел тәуелсіздігіне дейін, негізінен, протоколдық қана міндеттерді атқарумен келген Қазақстан Сыртқы істер министрлігі басшыларының бірен-сараны болмаса, көпшілігі кәсіби дипломаттар емес еді. ҚазҰУ-ды бітіріп, сыртқы саясат ведомствосына қызметке барғандар Қасым-Жомарт Кемелұлының өз ісінің шебері әрі талапшыл басшы екендігін айтатын. Ол негізгі қызметіне қоса, қолына қалам алып, әлемде болып жатқан түрлі өзекті мәселелер жайлы жазып жүрді. Соған қарап көзіқарақты оқушы оның сыртқы істердің, дипломатия саласының қаламы қуатты, ойшыл, шебер аналитигі екендігін аңғарды. Мәселен, 1993 жылы оның «Как это было... Хроника волнений в Пекине (апрель-июнь 1989)» атты еңбегін оқып, көршілес алып елді дүрліктірген Тяньменьмен оқиғасының жай-жапсарына қанықтық.
Сөйткен азамат көп ұзамай Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, онан соң Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Сол жылдары Азия, Африка, Еуропа, АҚШ секілді елдерде елшіліктеріміз бірінен соң бірі ашылып жатты. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың Халықаралық қатынастар, Шығыстану факультеттерін бітірген дарынды жастар да елшіліктерге қызметке тартылды. 1997 жылы сәуірде мен де Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігімізге кеңесші болып тағайындалдым.
Дипломатиялық қызметте болғандықтан да ойға түйгенім: Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында Сыртқы істер министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын дұрыс әрі биік деңгейде жүргізді.
Уақыт жылжып өтіп жатты. Қасым-Жомарт Кемелұлы 1999 жылы Премьер-Министр болып тағайындалып, 2002 жылға дейін осы аса жауапты лауазымда қызмет етті. Бұл еліміз аяғынан енді ғана қаз тұрып, егемендігін бекемдей бастаған қиын шақ еді. Өңірлерде электр жарығы жиі сөніп, қалалар кештен таңға дейін қараңғылық құшағында қалып жүрді. Жұрт үйін жылыту немесе ас дайындау үшін көшелердегі ағаштарды кесіп, отын ретінде пайдаланды. Жұмыскерлер жалақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын бірде алса, бірде оған қол жеткізе алмай қиналып жүрді. Тіпті дипломатиялық қызметте жүрген біз де қаражат тапшылығынан демалысқа шыға алмаған кезіміз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы ретінде өте сабырлы, қандай маңызды іс болсын терең ойлап барып шешетін саясаткер ретінде танылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев одан кейінгі жылдары Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі қызметін атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған істерді әрдайым биік деңгейде орындап отырды. Сондай-ақ Елбасының бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шешімдерінің іске асырылуына және басқа да стратегиялық маңызы бар мәселелердің оңтайлы орындалуына белсене атсалысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары әрі Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры қызметіндегі Азияның алғашқы өкілі болды. Ол қызметте де өзіндік із қалдырды.
Ал Парламент Сенатының Төрағасы ретінде аса жауапты істердің бірі – әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінің астанада жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салғанына куәміз. Әдетте бастары қосылмақ түгіл, бір көшенің бойымен де жүре бермейтін түрлі дін өкілдерінің бір-біріне қол беріп, ізетпен сәлем бергені де осы маңызды іс-шараның нәтижесі дер едік. Бұл оңай шаруа емес-ті.
Съезге алыстан келген бір қонақ: «Қазір дүние жүзінің көптеген елі Қазақстандағыдай көпұлтты елде орнаған саяси тұрақтылық пен халықтар арасындағы достықпен мақтана алмайды. Сіздер өзара келісім жолымен саясатта да, экономикада да үлкен жетістіктерге жетіп келесіздер. Конфессияаралық келісім мен төзімділікті орнатуда Қазақстанның табысы бүкіл әлемге үлгі-өнеге», деп әділін айтса, ал тағы бірінің: «Діндер съезі, менің білуімше, бұрын-соңды еш жерде дәл осындай ауқымда өткен емес. Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағы бір әлемдік қоғамдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болған бастамаларының бірі. Біздің халық Қазақстандағы әрбір жаңалыққа елеңдеп, әрбір оқиғаға қуанып отыратынын білесіздер», дегені де жайдан-жай айтыла салған сөз емес.
Сол жылдардың бірінде Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Сенат депутаттары мен еліміздегі дәстүрлі діндер көшбасшыларынан құралған делегация арнайы ұшақпен «Бейбітшілік жолында» атты діндераралық халықаралық форумға қатысу үшін Италияның Неаполь қаласына барғанымыз есімде. Әлемдік діндердің 200-ден астам өкілі қатысқан жаһандық мәжіліс «Зорлық-зомбылықсыз дүние: діндер мен мәдениеттің қатысуы» тақырыбында өтті. Осы айтулы іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Италияның сол кездегі Премьер-министрі Романо Проди, Неаполь мэрі Руссо Йерволино жер бетіндегі бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүру – әлем халықтарының аңсаумен келе жатқан арманы екендігін баса айтып, осы орайда Астанада өтіп келе жатқан дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне үлкен баға берді. Форумда, сондай-ақ дінаралық бірлік пен ынтымақты сақтаудағы Қазақстан тәжірибесі мен атқарып отырған іс-шаралары туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы баяндама жасап, ел абыройын биік белеске көтеріп тастағанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Осы ретте ерекше атап өтерлік бір жайт – аталған форумға Италияның сол кездегі Президенті Джорджио Неаполитано мырза да қатысып, Қазақстан Республикасының Сенат Төрағасы мен ол бастап келген делегацияға құрмет көрсеткен еді.
2004 жылы Сыртқы істер министрі кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – ар-Рияд пен қасиетті Мекке мен Мединаға ресми сапарының биік деңгейде өтуін ұйымдастырды. Тұңғыш Президентіміз қасиетті Қағбаға кіріп мінәжат етті. Мединада пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мешіттері мен тұрған мекенжайларында болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – өзіне Елбасы тапсырған қандай қызмет болсын әрқашан оның беделін арттырып, биік белеске көтеріп отыратын өз ісінің білгірі екендігін талай мәрте танытты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан
Республикасының дипломатиясы» атты кітабы (2001) Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған. Онда Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен даму үдерісіне жан-жақты талдау жасалған. Автор шетелдерде қазақстандық мемлекеттіліктің архитекторы ретінде танылған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қызметіне айрықша назар аударған. Ал келесі «Жарық және көлеңке» кітабында Қазақстанның сыртқы саяси бағытының қалыптасу тарихы, дамуы мен нығаюын сөз етеді. Онда автор Елбасының сан қырлы халықаралық қызметіне кеңінен тоқталған. Сондай-ақ заманымыздың көрнекті саясаткерлері мен дипломатия тұлғаларына қатысты ойларын да ортаға салған. Бұл ретте дүниежүзілік саясаттану әдебиеттерінде жарияланбаған бірегей материалдар мен мәліметтерді қолданған. Кітапта қазіргі Қазақстанның дамуы туралы кең түсінік беретін тарихи фактілер де бар.
Президенттің 2020 жылдың қаңтарында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да ойлы дүние. Біз Абайды ұлықтау арқылы елімізді танытып, беделін асқақтататынымыз сөзсіз. Мемлекет басшысы Абай жайлы салиқалы ой түйе отырып, бірқатар келелі мәселені көтерген. Мақала халықтың рухын көтеріп, Президентке деген ризашылығын арттыра түсті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әбу Насыр Әл-Фараби – Отырардың ұлы перзенті, адамзаттың кемелділікке ұмтылу жолындағы маңызды бағдар. Қазақ халқы Әл-Фарабиді қадірлейді, оны орта ғасырлардағы сияқты, қазіргі XXI ғасырда да адамзаттың ең жақсы ұлдарының қатарына жатқызады», дейді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы – қазақ дипломаттары арасынан алғаш рет 5 томға жинақталған саяси мақалалар жазған, жазу стилі мейлінше әдемі және жеке көзқарастарындағы алғырлық пен ой биіктігі айрықша қайраткер екендігін айтқан жөн. Ол аса жауапты қызметтерде жүріп, ғылыммен де айналысты. Әуелі 1998 жылы «Азия-Тынық мұхит мемлекеттері Қазақстанның сыртқы саясатында» кандидаттық диссертациясын, ал 2001 жылы «Әлемдік жаңа тәртіптің қалыптасу кезіндегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Осы ғылыми еңбектеріндегі ойлы талдаулардан оның шалқар білімі, жан-жақты тереңдігі байқалады.
2019 жылғы 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеуін жариялап: «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.
Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.
Қазір Парламент Сенатының Төрағасы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.
Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деп мәлімдеп, тарихи да көрегендік шешімін қабылдады.
Тұңғыш Президентіміз адам тани біледі. Сол себепті де ол өзі құрып, негізін қалаған тәуелсіз мемлекетіміздің тағдыры мен болашағын ел басындағы қилы кезеңде өзінің сенімді серігі бола білген Қасым-Жомарт Кемелұлына сеніп тапсырды. Елбасының таңдауын халқымыз да қолдап, 2019 жылдың маусым айында кезектен тыс өткен Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын жақтап дауыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев билік тізгінін ұстағалы небәрі екі-ақ жыл өтті. Бұл – тарих үшін өте қысқа мерзім. Бірақ осы мерзім ішінде Президентіміз туған елін биік белеске көтеру жолында көп еңбек сіңірді. Соның ішінде халқымыз үшін ең маңыздысы – ұзаққа созылған жер мәселесін шешіп, дауға нүкте қойды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, билік пен бұқара арасын жақындатуға, қоғамда әлеуметтік әділдік пен тәртіп орнатуға, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға, өңірлерді өркендетіп, ел іргесін бекітуге, кәсіпкерлікті өрістетуге, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға баса көңіл бөліп отыр. Мұқтаж жандарға үнемі көмек қолын созып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталды.
Екі жыл ішінде сынға түскен бірнеше күтпеген оқиға да болды. 2019 жылдың мамырында Арыс қаласында әлдекімдердің жауапсыздықтарынан оқ-дәрілер жарылып, халық қасіретке душар болғанда Президентіміз халқының қасынан табылды. Жанына жұбаныш болып, жұртты сабырға шақырып, еліне көмек көрсетуді ұйымдастыра білді. Қордайдағы қақтығысқа байланысты жергілікті тұрғындармен жолығып, жағдайды тұрақтандырды.
2020 жылы маусым айында Өзбекстандағы Сардоба бөгеті жарылып, жойқын су көпірі Мақтаарал ауданын басып, жұрт мал-мүлкінен айырылып, су астында қалып абыржығанда да халқын сабырға шақырумен қатар, көмектің дер кезінде жасалуына ұйытқы болды. Әр жолы Қазақстан сынды қуатты мемлекеттің ешкімді де қайғы-қасіретімен жеке, қараусыз қалдырмайтынына көз жеткізді. Халықты жұбатып, үй-жай салынуын өз бақылауына алды.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясы біздің елді де шарпымай қойған жоқ. Онымен күреске жауапты тұлғалар әуелгіде абдырап қалды. Әйтсе де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды дереу өз қолына алып, қатерлі індетке қарсы шаралар пәрменді де табанды жүргізілу үстінде. Мемлекетіміз адам өмірі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл қиыншылықтан да, Иншалла, еліміз абыроймен шығатынына күмән жоқ.
Халқын сүйетін, халқы да оны қадірлейтін Президентіміз Елбасының уақыт сынынан өткен сарабдал саясатын лайықты жалғастырып, қай салада болсын сындарлы сабақтастықты сақтап, талай сыннан сүрінбей, абыроймен өтті. Халқын ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра отырып, Қазақстанды алға – жарқын болашаққа бастап келеді. Ең бастысы – елі оған сенеді.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор