Аймақтар • 10 Маусым, 2021

Экология министрі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етудің жағдайын түсіндірді

765 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев еліміздің оңтүстік өңіріндегі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етудің жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Экология министрі егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етудің жағдайын түсіндірді

«Биыл ақпан-наурыз айларында біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен өңірлерге барып, кеңестер өткіздік. Қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайы туралы жан-жақты хабардар еттік. Және суды көп қажет ететін дақылдардың егістігін азайтуды ұсынып, вегетация кезеңіне тиісті дайындықтарды өткіздік. Алматы облысы бойынша биыл жоспарланған 449 мың гектар суармалы жердің 371 мың гектары бойынша егу жұмыстары өтті. Кейбір жерлерде егіс жұмыстары жалғасуда. Жалпы, вегетация кезеңі аса бір қиын өтіп жатыр деп айтуға болмайды. Бірақ, Іле өзеніндегі былтырғы вегетация кезеңінде өзен ағысының көпжылдық деректерімен салыстырғанда ағын көрсеткіші нормадан 70 пайызға төмен болды. Былтыр Қапшағай су қоймасы бойынша қиын жағдай қалыптасқанын ескеру қажет. Бұл жайт ағымдағы жылы да қайталануы мүмкін», деді М.Мырзағалиев.

Оның айтуынша, осыған байланысты облыс әкімдігі қала тұрғындарын ауыз сумен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Қапшағай және Ақдала, Шеңгелді суармалы алқаптарында тиісті іс-шаралар қабылдау керек.

«Жамбыл облысы бойынша биыл суармалы жерлер алаңында барлығы 110 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде бүгінгі күні 48,4 мың гектары суарылды. Қазіргі уақытта Қордай ауданында Қырғызстаннан келетін суармалы судың тұрақты берілмеуі байқалды. Сонымен қатар, ыстық ауа-райының қалыптасуы әсер етіп отыр. Осыған байланысты Қордай, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруашылықтар арасындағы су кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен беріледі», деді министр.

Оның айтуынша, Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты облыстың суармалы жерлерін, әсіресе, күріш егістіктерін сумен қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай жалғасып келеді.

«Әкімдіктің деректері бойынша 2021 жылға арналған егіс жоспары шамамен 188 мың гектар құрайды. Оның ішінде 84,4 мың гектарына күріш егу жоспарланған болса, бүгінгі таңда нақты сексен үш 83 мың гектар егілді. Бұл былтырға қарағанда 7 мың гектарға аз», деді М.Мырзағалиев.

Түркістан облысы бойынша 2021 жылға жоспарланған егіс көлемі 440 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күріш алқаптары – 2 мың гектар. Осы аймаққа тиесілі ағынның шамамен 85% пайызы Өзбекстаннан келіп түседі.

Шардара су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 550 млн текше метрге аз болып тұр. «Достық» каналында өтінімдердің ұлғаюына байланысты мамыр айының екінші онкүндігінен Шардара су қоймасынан машиналық су беру арнасы іске қосылды.