Футбол • 11 Маусым, 2021

Еуропада футбол тойы басталды

544 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін футболдан кезекті Еуропа чемпионатының жалауы желбірейді.

Еуропада футбол тойы басталды

Әу баста кәрі құрлық біріншілігі 2020 жылы УЕФА-ның (Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы) 60 жылдығына орай Еуропаның 12 елінде өткізілуі тиіс болатын. Алайда пандемияға байланысты доп додасы бір жылға кейінге шегеріліп, 12 емес 11 елде өтетін болып келісілді.

Барлық шеберлер қатыса алмайды

Сөйтіп футбол жанкүйерлері асыға күткен Еуропа чемпионаты биыл ерекше жағдайда өткелі тұр. Ала допқа арбалған жанкүйерлер алдағы бір ай бойы түнде түсінен айырылып, күндіз ісінен береке кетіп, күні бойы ұйқы қысып әрі-сәрі болып жүрмек. Чемпионат біт­кенше бәріміз Роналдуға риза, Бэйлге бауыр, Азарға ақылшы, Мюл­лердің мүлт кетпеуіне, Зин­ченконың зыр жүгіруіне тілекші болып, Кейнді көрші ауылдың баласындай көріп, Модричтің пастарына мәз күй кешпекпіз.

Өкінішке қарай, жарақатына және ұлттық құрамадағы бәсе­ке­лестіктің жоғары болуына бай­ланысты бір­қатар фут­болшының өнерін тамашалай алмаймыз. Атап айтар бол­сақ, жарақат алып қалғандардың қа­тарында «Барселона» мен Гер­мания құрамасының қақпашысы Марк-Андре тер Штеген, «Реал» мен Испания құрамасының қор­ғаушылары Серхио Рамос пен Дани Карвахаль, сондай-ақ Ис­пания фут­болының болашақ жұл­дызы саналған Ансу Фати, Нидерланд капитаны Виржийл ван Дейк пен төрт жылдық үзі­лістен кейін Швеция ұлттық құ­рамасына қайта оралған 39 жас­тағы әйгілі шабуылшы Златан Ибрагимович бар. Сонымен қа­тар Ибрагимович сияқты ұзақ жылдан кейін алғаш рет Франция ұлт­тық құрамасына шақырту алған шабуылшы Карим Бензема да биылғы чемпионатқа қатыспауы мүмкін. Ол осыдан бірер күн бұ­рын Болгариямен өткен жол­дастық кездесудің бірінші тай­м­ында тізесінен жарақат алып, ойынды соңына дейін жал­ғас­тыра алмаған болатын.

Он екі мүшесі сау бола тұра, ұлт­тық құрамадағы бәсеке­лес­­тікке байланысты Еуропа бірін­шілігіне қатыса алмайтын футболшылардың қатарында Англия мен «Манчестер Юнай­тед» клубының қорғаушысы Аарон Уан-Биссака, былтыр ғана Ни­дерланд құрамасының негізгі құ­рамына іліккен қорғаушы Ханс Хатебур, «Лестер» құрамында би­ылғы маусымды тамаша өт­кізіп, «гол+пас» тізімінде 15 ұпай жинаған ағыл­шын футболшысы Джеймс Мэддисон, 2012 және 2019 жылдары Германияның жыл футболшысы атан­ған Марко Ройс және тағы басқа бір­неше танымал аяқдоп шеберлері бар.

 

Пандемияның

Еуро-2020-ға енгізген түзетуі

Коронавирус індеті өзге салалар секілді, спортқа, оның ішін­де фут­болға да өз түзетуін ен­­гізді. Ін­дет­ке байланысты футбол матчтары көп елде бір жылға жу­ық кө­рер­менсіз өтсе, кей елдер стадионға жан­күйер­лердің кіруіне рұқсат беріп жатты. УЕФА басшылығы да биылғы чем­­пионаттың матчтарын жан­кү­йерлердің стадион­нан тамашалауына келісімін берді. Мәселен, Санкт-Пе­тербург пен Ба­кудегі стадиондарға жан­­күйерлердің 50 пайызы жіберілсе, Буда­пешт­тегі «Ференц Пушкаш» ста­­дио­нына көрерменнің 100 пайы­зы­на кіруіне рұқсат беріліп отыр. Алаң­­ның сыйымдылығы – 65 мың адам. Амстердам, Бу­ха­рест, Глазго, Копенгаген, Рим және Севильядағы матчтарға 25 пайыздан 45 пайызға дейін, Лон­дондағы топтық кезең, ширек, жартылай финал ойындарына да жанкүйерлердің 25 пайызы кіре алады. Мюнхендегі стадионға тек 14,5 мың (стадионның 22 па­йызы) жанкүйердің кіруіне рұқсат етілді.

УЕФА пандемияға байланыс­ты әр құрамаға әдеттегідей 23 емес, 26 футболшыға дейін тізім­ге ен­гізуіне рұқсат берді. Бұл мүм­кіндікті біріншілікке қа­тысатын 24 құраманың, 23-і толық пайдаланса, тек Испания ғана Еуропа біріншілігіне 24 фут­болшымен келді. Сонымен қатар командалар чемпионаттағы бірінші ойынына дейін ауыр жа­рақат алған немесе індетке шалдыққан футболшылардың орнына қосымша ойыншы шақырта алады. Еуро-2020 турнирінде әр құраманың бір ойында бес футболшыны алмастыруға құқы бар.

 

Статистика мен

болжам

Еуропа чемпионатында ең көп топ жарған құрама – Гер­­мания (1972, 1980, 1996). Сондай-ақ тәртіп өмір сал­ты деп білетін немістер үш мәрте (1976, 1992, 2008) фи­нал­­ға шыққан. Екінші орында Ис­па­ния құрамасы тұр. «Қызыл фурия» өкілдері де чемпионатта 3 рет (1964, 2008, 2012) жеңіске жетіп, 1 рет (1984) финалда қар­сыласына жол берді. Үздік үш­тікті Франция түйіндеп тұр. «Үш жолақты» елдің футболшылары 2 рет (1984, 2000) кубокты басынан асыра көтерген. Ал 1 мәрте (2016) финалда сүрінді.

Еуропа чемпионатында же­ңіске жеткен 10 коман­даның 3-еуі (Испания, Италия, Фран­ция) жарыс қожайыны ретінде бас жүлдеге қол жеткізген. Ал Германия, Нидерланд, Пор­тугалия және Франция құрама­лары Еуропа чемпионы атанса да, өз елдерінде өткен біріншілікте бірде-бір мәрте жеңіс тұғырына көтеріле алмаған. Еуропа чемпионатында мүлде топ жармаған Швеция мен Ан­глия өз елдерінде өткен жарыста тек жартылай финалға дейін жеткен. Бұл – екі құраманың бүгінге дейін қол жеткізген ең үздік нәтижесі.

Биылғы біріншілікке Еуро­паның жеті чемпионы (Италия, Испания, Фран­ция, Нидерланд, Германия, Португалия, Дания) қа­тысып жатса, Финляндия мен Сол­­түстік Маке­дония құра­мала­ры тұңғыш рет Еуро­дода бәсе­келерінде бақ сынамақ.

Белгілі футбол сарапшылары биылғы чемпионатта қай құрама топ жаратынын дөп басып айта ал­май отыр. Дегенмен, Франция құ­­рамасының дайындығы қазір өте жоғары деңгейде екеніне назар аударып отырғандар да аз емес. Шын мəнінде «Үш жолақ­ты» ел құрамасының барлық ше­бінде де əлемдік деңгейдегі жұл­дыз­дар шоғыры ойнайды. Уго Льорис, Рафаэль Варан, Н’Голо Канте, Ан­туан Гризманн, Килиан Мбаппе, Пол Погба секілді футболшы­лармен қоса, құрлықтың үздік клубтарында өнер көрсетіп жүрген өзге де жас ойыншылар жеткілікті. Сонымен қатар қазіргі Еуропа чемпионы Португалия, қа­тарынан екі біріншілікте үздік шық­қан Испания, футболдың ота­ны бола тұра, бірде-бір чемпионатта топ жара алмай жүрген Англия құрамасын да негізгі үміткерлер қатарынан шығаруға болмайды.

Еуропа чемпионатының бү­гінгі тұсаукесер кездесуі тура­лы айтар болсақ, алғашқы матч Италияның бас шаһары – Римде өтеді. Бүгінге дейін кәрі құрлық додасына тоғыз рет қатысып, тек бір мәрте ғана (1968) жеңіс тұғырынан көрінген Италия мен 2008 жылғы біріншіліктің сенсация­сын жасап, үшінші орын иеленген Түркия құрмалары күш сынасады.