Облыс әкімі ең әуелі өзі басшылық ететін өңір халқының өмірі мен денсаулығына қатысты жасалған іс-шараларға тоқталды.
– Коронавируспен күрес әрдайым назарымызда. Қазіргі таңда 3 200 орынға арналған 21 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істейді. Онда 3 600 медицина қызметкері еңбек етеді. Жаңадан 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Қазалы қаласындағы ауданаралық және Облыстық көпсалалы
ауруханада оттегі стансалары орналастырылды. 488 млн теңге қосымша дәрілік құралдарға бөлінді. Азаматтардың вакцина алуына да лайықты жағдай жасалған. Айталық, бүгінде 106 вакциналау кабинетті бар, оның 91-і аудандық деңгейде орналасқан. Шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына арнап 39 мобильді вакциналау пункті іске қосылды. Облыс халқының 74,4%-ы, яғни 95 963 адам вакцинаның бірінші компонентін алып үлгерді. Ал вакцинаның екінші компонентін 40 077 азамат, яғни тұрғындардың 46,8%-ы салдырды. Коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы компонентінен облысқа 129 050 доза, екінші компонентінен 87 300 доза түсті, – деді Г.Әбдіхалықова.
Пандемия кезінде көптеген сала тұралап қалды. Соның ішінде кәсіпкерлікке кесірі көп тигендей. Алайда Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, өңірде экономиканың даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Оған жергілікті биліктің кәсіпкерлерді қолдауы өз септігін тигізген.
– Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің нәтижесінде жағымсыз салдарды азайтып, экономиканың даму қарқынын сипаттайтын бірқатар көрсеткіш бойынша оң динамиканы қамтамасыз ете алдық. Соңғы 5 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде 12,8%-ға өсім байқалады, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндірісі 2,5%-ға, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7,3%-ға өсті. Бүгінде 16 тойхана өз бизнесін қайта бағдарлады. Яғни бұрынғы тойханалар нан өнімдерін шығаратын, қоғамдық тамақтандыру, тігін шеберханасы, спорт кешені, құрылыс заттарымен айналысатын сауда үйіне айналды. Міне, осыдан құрылыс жұмыстарының көлемі 62,5%-ға артты. 198 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық. Биыл 945 жалға берілетін пәтерге 54 үй саламыз, оның ішінде Байқоңыр қаласында 5 үй бар. Құрылыс салушылардан бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы адамдар үшін тағы 342 пәтер сатып алынады. 44 ипотекалық үйдің және 7 жеке инвесторлардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қызылордалықтар үшін жалдау ақысын субсидиялау шарттары мен талаптары талқыланып жатыр, бұл шамамен 31 мың адамды құрайды. Жыл соңында 645 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр, – деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, отандық инвесторлармен бірге қызанақ өнімдерін өндіру, ет және жұмыртқа өндірісі бойынша құс фабрикасын салу жобалары, шетелдік компанияларымен бірлесіп тері мен жүнді өңдеу қолға алынады. Сонымен қатар алдағы кезеңде инвесторлармен күріш сабанынан целлюлоза өндіретін кәсіпорын құру жоспарланған. Бұдан бөлек халықаралық компаниямен чех технологиясын қолданып сусындар мен шырындар шығару бағытында екіжақты келіссөздер жүргізілуде.
Г.Әбдіхалықова есеп беру барысында өңірдің негізгі мәселесінің бірі су деңгейінің тартылуына байланысты суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Қазір біз Сырдария бойындағы жыл сайынғы су жіберуді қамтамасыз етуге баса назар
аударып отырмыз. Су тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкімет Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе, егінді әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін түсінеміз. Сондықтан ылғалды қажет ететін дақылдардың, атап айтқанда күріштің егіс алқаптарын азайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы ретте ылғалды аз қажет ететін дақылдар – соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтып келеміз, бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша шаралар қабылдануда. Сыр топырағының қатты тұздылығына байланысты күріштен толықтай бас тарту мүмкін емес. Дегенмен күрішке арналған егіс алқаптарын азайту жұмыстары болашақта да жалғаспақ. Биылдың өзінде күріш егісі көлемін 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқарттық, келешекте бұл көрсеткішті 80 мың гектарға дейін қысқартамыз. Ал Балық шаруашылығын дамыту 2030 жылға дейінгі аймақтық бағдарламасы бойынша жүзеге асып келеді. Бұл тауарлық балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 еседен астам көбейтуге, балық өнімдерінің экспорты 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қызылорда облысының әкімі.
Өңір басшысы баяндағандай, Қызылорда облысында жұмыссыздық деңгейі 4,9% көрсеткішінде ұсталып тұр. Бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде жыл басынан бері 13,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 4 мыңынан көбі тұрақты. Соның ішінде жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтары арқылы 468 мүгедектігі бар адамдар жұмыспен қамтылған, оның 57-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Өткен жылы қабылданған 2023 жылға дейінгі экономикалық даму карта аясында кәсіпкерлікке 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 400 жоба ұсынылған. 2020 жылы 7 млрд теңгені құрайтын 89 жоба іске асып, 1 047 жұмыс орны құрылған. Биыл 14 млрд теңгені құрайтын 96 жоба іске асырылып, нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ 16 тойхана қызметін өзге бағытқа ауыстырған. Бұл да өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін ұстап тұруға және төмендетуге септеседі.
– Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 97%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, 65%-ы табиғи газ пайдаланады. Жыл соңына дейін осы көрсеткішті 67,4%-ға дейін жеткіземіз. Сондай-ақ су, кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу бойынша құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. 400 шақырым шамасында жол, көпір өткелдері мен көшелерді жөндеуге және салуға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал әлеуметтік нысандардың ішінде оқу ошақтарына келсек, 2021 жылы 2 600 орындық 6 мектеп (оның екеуі – 800 орындық жеке мектеп) пайдалануға береміз. Бұған қоса 3 750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Және 48 мектеп қайта жаңғыртылады, – деді Г.Әбдіхалықова.
Өңірде ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына орай 266 іс-шара өткізілмек. Соның ішінде Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына арналған іс-шаралар, республикалық айтыс, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына жыраулар мен жыршылар байқауын өткізу жоспарланып отыр. Атақты күрішші, «дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130, КСРО халық әртісі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтарын атап өтілмек. Сонымен қатар Бәбіш молла, Жанкент, Сығанақ қалаларының орнында археологиялық зерттеулер басталды.