«Шығармашылық ұжымымыз алғаш рет ашық алаңда өнер көрсеткелі тұрған жоқ. Жыл сайын Дж.Вердидің «Аида» операсы сынды ғаламат спектакльдерді ашық аспан астында орындап жүрміз. Осындай жобалар ағартушылық сипатта жасалып, асқақ өнерді танытуға бағытталып отыр. Бірқатар тосынсый әзірледік, олардың бірі – Италия, Швейцария, Жапония, Ресей мен Чехиядан келген шетелдік әртістердің өнер көрсетуі», деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров.
Концерттердің бағдарламасы ересектерге де, балалар аудиториясына да ортақ. Жас көрермендерді 13 және 19 маусым күндері сағат 12:00-де Аффари сахнасында өтетін «Балалар сыйға тартқан өнер» атты концерт күтуде. Әр күндері балаларға жарқын балеттік және хор нөмірлері ұсынылады. Балалар театрлық студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.
Ал 13 маусым сағат 20:00-де Аффари сахнасында өтетін «Вокалдық музыка жауһарлары» концерті жексенбілік кештің романтикалық әсерін арттыра түспек. Көпшілік назарына опералардың белгілі ариялары мен дуэттері, танымал халық әндері мен романстар, аспаптық пьесалар ұсынылады. Музыкалық жауһарлар «Астана Опера» театрының опера солистері мен оркестр әртістерінің орындауында ұсынылмақ.
Абзал Мұхитдиннің «Жылдың сегіз мезгілі: Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла» авторлық концерті 12-13 маусым сағат 20:00-де Орталық қалалық саябақтағы амфитеатрда өтеді. Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» және Астор Пьяццолланың шығармалары – өз заманындағы, сондай-ақ қазіргі таңда да өзекті музыка мәдениетінің ең жарқын үлгілерінің қатарында. Солистер – «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкалары Бағдат Әбілханов пен Айсұлу Байкенова.
Апта соңында 26 және 27 маусым күндері сағат 20:00-де Орталық қалалық саябақтағы амфитеатрда Опера-гала ұсынылмақ. «Астана Опера» театрының жетекші опера солистері, хор әртістері мен симфониялық оркестрі қазақстандық авторлар мен батыс еуропалық классик композиторлардың опералық ариялары мен дуэттерін, аспаптық әрі хорға арналған шығармаларын орындайды.
Сонымен қатар «Астана Операның» бірегей жобасы – PICCOLO театры 5 шілде күні сағат 20:00-де қалалық саябақта өз репертуарының інжу-маржаны – Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» екі бөлімді драма-буффасын ұсынады. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қойылымның көркемдік жетекшісі – Алла Симонишвили, сценограф әрі костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Орындаушылардың жұлдызды құрамы елордалық жұртшылық көңілін қуантпақ. Норина – Либуше Санторисова (Чехия), Эрнесто – Эцуо Дои (Жапония), Малатеста – Алексей Шаповалов (Ресей), Дон Паскуале – Антуан Бернхейм (Швейцария), Карлито – Ерұлан Кәмел. Дирижер – Коррадо Вальво (Италия). Ал Астана күнінде (6 шілдеде) Орталық қалалық саябақтағы амфитеатр сахнасында мерекелік Гала-концерт өтпек.