Түркия мен түркі әлемі арасындағы қатынаста Қазақстан ерекше маңызға ие. Қазақстан қабылдаған шешімдер мен ұсыныстар осы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін де, институттандыруды жеделдету үшін де маңызды болды. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Осы себеппен Қазақстандағы оқиғалар мен трансформация процесі Түркия үшін де маңызды.
Қазақстаның екінші Президенті ретінде сайланғанына екінші жыл толып отырған Тоқаевтың түр-тұлғасын, шешімдері мен саясатын зерделеу Түркияның оны әлі де жақынырақ тани түсуі үшін қажет.
Кәсіби дипломат және тәжірибелі мемлекет қайраткері
Тоқаевтың айрықша ерекшеліктерінің бірі – оның зияткерлігі деп айтуға болады. Білімі, ол өскен орта және елдегі сыни кезеңдерде атқарған жауапты міндеттері тұлға ретінде қалыптасуында ықпалды факторлар болды. Оның әкесі – Кемел Тоқаев белгілі журналист және жазушы болғанын атап өткен жөн. Оның үстіне Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы. Анасы – Тұрар Шабарбаева Алматы шет тілдер педагогикалық институтында қызмет еткен. Ол өскен көптілді орта оның әртүрлі мәдениетпен алғашқы кездесуі деп айтсақ, қателеспейміз. Атап айтқанда, анасының шет тілдерінің оқытушысы болуы оның тіл үйрену қабілетін ерте жасында-ақ дамытуға жол ашты. Президент Тоқаев қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін меңгерген.
Тоқаев – кезінде дипломаттарды даярлаған Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының түлегі. 1975-1991 жылдары Кеңес дәуірінде Сингапур мен Қытай Халық Республикасында қызмет етті. Одақ ыдырар тұста Тоқаев басшылық қызметтерде болды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елге оралған Қ.Тоқаев 1992 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне кірісіп, қазақстандық дипломатияны дамыту жолында үлкен еңбек етті. Осы тұрғыда ол елдің айрықша аспектілерінің бірі саналатын көпқырлы сыртқы саясатты қалыптастыруда елеулі орынға ие. Көп жыл бойы Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып жұмыс істеген Тоқаев бір кезде Премьер-Министр болып та тағайындалды. Президент болып сайланғанға дейін Сенат Төрағасы қызметін атқарды. 2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған алғашқы қазақ дипломаты ретінде есте қалды. Тоқаевтың қызмет жолы оның ел ішіндегі және халықаралық саясаттағы беделінің нығаюының айқын көрінісі сыңайлы.
Басқаруды түсіну
Айта кету керек, Президент Тоқаевты ерекшелендіретін қасиеттерінің ішінде оның қарапайымдығы және адалдығы екенін де айта кету керек. Расымен, уақытша Президент ретінде ұсынылған күндерде бұған халықтың көп бөлігінің көзі жеткен еді. Сайлау кезінде және одан кейін мұның ерекше атап өтілуі дұрыс нәрсе.
Екінші жағынан, оның қызметке кіріскен бетте әлеуметтік желілердегі белсенділігі – ашық қарым-қатынас оның мақсатының бірі екенін айқындай түсті.
Тоқаевтың басқару түсінігінің негізгі кодтары – өткеннің мықты бастамаларын жалғастырып, реформалар, инновациялар арқылы жаңа процестерді құру. «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің негізін қалаушысы. Сондықтан мен оның саясатын жалғастыратынымды ең басынан бері айтып келемін. Ең алдымен, бұл бағыт Қазақстан үшін маңызды», деген болатын Қ.Тоқаев.
Реформаларға қатысты келесі сөздерді еске салуға болады: «Қазақстан – реформистік мемлекет. Қаласақ, экономикалық, не саяси салада да қоғамның алға жылжуын тоқтатпауымыз керектігіне сенеміз. Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін барлық сала бойынша құрылымды реформаларды жалғастыруымыз қажет».
Қ.Тоқаев сонымен қатар талантты жастардың жолын ашып, мемлекет ісіне араластыру үшін де бірқатар бастаманы қолға алды. Осы ретте өткен жылы 300 талантты жас іріктеліп, Президенттің жастар кадрлық резерві құрылды.
Халық үніне құлақ асқан мемлекет
Президент Тоқаевтың халықпен диалог, демократия және әділет талаптарына сай болуға тырысуы байқалады. Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдарда азаматтардың талаптарына тез арада жауап беріп, шешімін табуды міндет етеді. Мемлекеттік қызметшілердің бұл жаңа түсінікке ұмтылуы да – айқындалған мақсаттың бірі. Қазақстанда шетелдіктерге жердің сатылуына тыйым салынғанын оның жарқын мысалы ретінде келтіре аламыз.
Халық пен үкімет арасындағы диалогты тереңдету мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы – бірлік пен әлеуметтік тұрақтылыққа жасалған үлкен қадам. Кеңестің негізгі міндеттері – ұлттық стратегия мен бағдарламаларды, заң жобаларын халықтың атынан бақылап, маңызды стратегиялық қадамдар туралы азаматтық қоғамның ойын тыңдап, сындарлы диалогы қамтамасыз ету.
Жаңа құқықтық нормалар
Кейінгі екі жыл ішінде Парламентте Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсынысымен әзірленген маңызды заңдар қабылданды.
Мәселен, «Бейбіт жиындар туралы» заң халықтың бейбіт наразылыққа шығуы құқығын қамтамасыз етеді. Бұрынырақта бейбіт жиын ұйымдастыру үшін алатын рұқсаттардың орнына заң қабылданғаннан кейін тек жиын туралы ескерту жеткілікті болды. Наразылықтар мен басқа да бейбіт жиындарды енді үлкен қалаларда да өткізуге рұқсат бар. Демократия тұрғысынан қарасақ, бұл – мемлекет үшін үлкен қадам.
Парламент құрамы мен депутаттардың жұмысына қатысты өзгерістерді де атап өткен жөн. Бұл ретте Парламент жоғары заң шығарушы органда оппозицияның болуы мәселесін қарастырып, шешім қабылдады. «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгеріс енгізу арқылы алғашқы рет ендігі кезекте Парламент құрамының 30 пайызы әйелдер мен жастардан тұратынын айқындап алды. Бұл өзгерістерді әйелдер мен жастарды қажет болса Парламентке, не жергілікті саясатқа араластырудың жолы ретінде қабылдасақ болады. Өзгерістер 2021 жылы 10 қаңтарда өткен Парламент және аймақтық мәслихаттар сайлауында белгілі бір жаңа өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2021 жылы 25 мамырда қабылданған өзгерістер ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауына мүмкіндік береді. Саяси партияның Парламентке өту межесі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.
Бұл заңдарға қосымша ретінде Қазақстан адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттері аясын кеңейтпек. Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі өлім жазасын жоюды мақсат ететін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қол қойды. Маңызды шешім 9 маусымда қабылданып, елдегі адам құқығы мәселесін ілгерілету үшін Үкіметке «Адам құқығы бойынша жұмыс жоспарын» әзірлеу тапсырмасы берілді.
Ұлттық құндылықтар мен латын алфавиті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару кезеңінде маңыз берген рухани құндылықтар жүйесі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған жол. Қазіргі Президент те қазақ тілі мәселесіне бейжай қарамайды. Латын әліпбиіне көшуді Мемлекет басшысы түркі әлемімен интеграция жолы ретінде де қарастырады.
Президент болып сайланғаннан кейін бірқатар дағдарыспен бетпе-бет келгені жасырын емес. Бұл оның көшбасшылығы үшін де сын болғаны анық. Артта қалған екі жылда мемлекетте бірқатар табиғи-технологиялық апат, этносаралық қақтығыс болды. Тоқаевтың оқиға орнына барып, жағдайларды бақылауда ұстауы халықтың көңілінен шықты. Оның басқару кезеңіндегі ең үлкен дағдарыс ретінде қазіргі пандемияны айта аламыз. Белгілі бір уақытта қиындықтар болса да, қазіргі кезде Қазақстан жағдайды қолға алды. Тіпті өз вакцинасын дайындаған санаулы мемелкеттердің қатарына енді.
Қорыта келе, Қ.Тоқаевтың екі жылдық қызметі туралы айтқанда өзгерістер туралы да айтамыз. Қазіргі Президент бір жағынан Елбасы Н.Назарбаевтың саясатын жалғастырып келеді, ал бір жағынан саяси реформаларды да естен шығармайды. Қабылданған жаңа заң мен өзгерістер нәтижесінде мемлекеттің демократиялануы жеделдейтінін болжай аламыз. Екі жылда әлі де реттелуді қажет ететін мәселелер туындаса да халық пен билік арасындағы диалогтің нығаюымен қатар, Президент Тоқаевқа деген сенім нығая түскенін айта аламыз.
Күршад ЗОРЛУ,
Еуразия аймағы мен түркі әлемі бойынша профессор,
Бозок университетінің Экономика және әкімшілік білім факультетінің деканы
«Анадолы» агенттігі