Әдебиет • 13 Маусым, 2021

Пушкинді кім көп оқиды?

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бәрімізге аян, 6 маусым орыстың алып ақынының туған күні. Иә, иә, Александр Пушкинді айтып отырмыз. Ұлы шайырдың Отаны соған байланыстырып халықаралық орыс тілі күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ол енді таңсық дүние емес. Ең қызығы мынада: әлемдік Storytel аудиокітап қызметі Пушкиннің танымалдылығын тексеріп көргісі келіпті. Нәтижесінде, түріктер таңдай қақтырған.

Пушкинді кім көп оқиды?

Несі таң екен, жаңа ғасыр ұрпағы жаңаша пікірде. Бұрын­ғыдай қолына портфелін кө­теріп, қойынына том-том кітап қыстырып жүрмейді. Жеңі­лі сол, сүйікті авторының шығар­ма­сын құлаққап арқылы кез келген уақыт­та, кез келген жерде тыңдап, көңілге түю. Бұл процесс соңғы 10 жылда белсенді түрде жүйеге енді. Әлемдік үрдіс деп әуселесін көтеруге болады. Жә, айтпағымыз ол емес, әңгіме ұлы ақын мен оның ұлтында болып отыр ғой. Орыстардан гөрі, Пушкинді қат­тырақ жақсы көретін мемлекеттер жетерлік екен. Біздің қолымызға тиген мәліметтер былай сөйлейді.

«Пушкин бәрінен бұрын Түркия­да, Мексикада, Швеция­да, Норвегияда және Үндіс­тан­да көп тыңдалады. Алай­да оның басқа елдердегі танымал­дылығы өз ұлтының ұлы ақын­ға деген сүйіспеншілігімен салыс­тыру­ға келмейді. Ол бұ­рыннан орыс ақы­ны болған және солай болып қалады», дейді Storytel аудиокітап қыз­меті өз мәлім­демесінде.

Әрине, Пушкин орыс ақы­ны болып қалатыны белгілі. Бұл – бұзылмайтын ереже. Бірақ оның мұрасы дүниеге ортақ байлық, рухани қазына. Біз тек «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қай­дан алар кемеңгерді» деген сөзді қосқымыз келе­ді. Достық рәуіште айтыл­ған лебіз есебінде бізге де үлгі бо­лар пайым деп ойлаймыз.

Енді қараңызшы, осымен бір­неше жыл қатарынан Ресей­де Пушкиннің ең таны­мал шығар­масы «Евгений Оне­гин» романы екені айтылып келе­ді. Алайда даңқты туынды әлем­­дік шығармалар арасында жалпы поэтикалық рейтингте екінші орында. Қайталап айтамыз, екінші орында. Себебі орыс оқырмандары  Данте Али­гьеридің «Құдіретті комедиясын» сүйіп оқиды екен. Әрі оқылымды һәм тыңдарманы өте көп шығарма есебінде бірінші орыннан төмен сырғыған емес. Бүгінге дейін. Әрі қарай өзіңіз әңгімеміздің астарын топшылай беріңіз.

Бүгінде Пушкиннің аудио­ форматтағы әлемдегі ең танымал туындысы «кішкентай траге­диялар» деп аталады.­ Олар: «Ашкөз рыцарь», «Тас қонақ», «Моцарт және Салье­ри». Бұлардың бәрі түрік оқыр­ман­­дарына етене таныс туын­дылар. Ал «Капитан қызы» мен «Спад патшайымы» болса мексикалық және испандық ауди­торияға өтімді екен. Ағыл­шын тілінде ең таны­­мал шы­ғар­ма «Евгений Онегин» болып табылады, оны Швеция, Нор­­вегия, Финляндия, Бол­га­рия және Польша сүйіп тың­дай­­ды.

Осы орайда айта кетейік, арыс­тан шал Лев Толстойдың «Анна Каренина» мен «Соғыс және бейбітшілік», Федор Достоев­скийдің «Қылмыс пен жаза» және Михаил Бул­­гаковтың «Мастер мен Мар­га­рита» шығармалары шетел­діктерге ерекше әсер етеді. Жыл сайын басылып шы­ғатын кітап­тар тізімінен түс­кен емес.

Ал біздің данышпан Абай­ды ше? Кім көп оқиды екен. Өзіміз бе? Өзгелер ме? Іштегі сауалға уақыт жауап бермейді, біз жауап береміз. Ойланайық, ойлы оқырман!