Тарих • 14 Маусым, 2021

Кішкентай император

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тасбақа тірлік. Қазақтың тірлігіне қатты ұқсайды. Мимырт та жайбасар. Бағыты бар, бірақ жүрісі баяу. Уақыттың ұйытқып соққан желі төңкеріп тастаса екен деп тілейсің. Аузына тістеген шөбі арманына жеткізе қояр ма екен?! Оны да ойлайсың. Үздіксіз ауыр, шабан жүріс әлі аяқталған жоқ. Қазақ тасбақаның үстінде ұйықтап жатыр. Астындағы сауыт қатты болғанымен, ұйқысы тәтті.

Кішкентай император

Тасбақаның шөбін алған адам­ның қа­лауы болатыны тура­лы аңыз бар. Жазушы Әбіш Кекілбаев «Тасбақа шөбі» ат­­ты әңгімесіне арқау болған әп­сана. Үмітсіз келе жатып, кенет үмі­ті оянған пенденің тағ­дырын сөй­летеді. Алып тасбақаны бесік еткен сәбидің әрекетіндей ойлы. Біз назар­­ларыңызға ұсынған, мұндағы «Кіш­­кентай импе­ратор» картинасы соны меңзейді. Бел­гілі суретші Дәу­рен Қастеевтің туындысы аңыз­­бен астасып жатыр.

Вертикаль пішінді картинадан буырқан­ған сары-жасыл бояу­лардың арасындағы тасбақа сауы­тының үстінде ұйықтап жатқан кішкентай баланы көреміз. Бұл көрер­меннің қызу пікірін тудыратын ерекше маңызды әрі филосо­фиялық туынды өз сезімдеріңді жинақтап, толғануға мәжбүрлейді.

Әлемдік түсінікте тасбақаның рөлі миф­тік құбылыстарға ие. Ол ежелгі жануар­лар түріне жата­ды және әлемдегі көп­теген мә­де­ниеттің символы ретінде де мәні жо­­­ғары. Шығыс халықтары жалпы әлем жара­тылысының басталуын осы­мен байланыстырады. Ежел­гі грек­тер тасбақа физикалық үрдіс­тер­дің тұрақтылығын біл­діреді десе, Үндістан тұрғындары осы күн­­ге дейін тасбақа жер бетіндегі бар­лық жан­ды нәр­сенің түп анасы деп санайды.

Ежелгі мифтер тасбақаның сауыты көк­­тің аспан күмбезі, ал судың ортасын­да қал­қып жүр­ген Жер болса, оның тіршілігі деп айтады. Оны отбасына мол­­шы­лық пен сүйіс­­пеншілік әке­леді деп санаған. Символ­дық ана­логияның қытайлық жүйесінде тас­­бақа қасиетті бес жануардың бірі ре­тінде сол­түстікті, суды және қысты біл­дірсе, ал оның сауы­тының сынығын сәуегей­лік­ке пай­даланған. Бұл жануар ұзақ өмір сүру­ді, кемең­герлікті, тұрақтылықты, табанды­лық­ты, денсаулықты және қорғаушыны біл­ді­реді.

Қытайда отбасындағы жалғыз баланы «Кішкентай император» деп атаған, өйткені мұндай бала­лар­ға бәріне рұқсат етіледі. Қытай баласы ата-анасы да, мұғалімдері де, өткен-кеткен де, тіпті күн де бар­лығы сол бала­ның төңірегінде айналуы қажет бүкіл әлемнің кін­дігіне айналады.

Суретші жасыл түстің суық реңк­терін жылы сары түспен керемет үйлестіре білген. Бізге сәбиді күн сәулесінің жылуы қоршап тұрғандай. Ал кәрі тасбақа «Кішкентай императорды» қауіп-қатерден, тауқыметтен қорғап уақыт пен кеңістікте баяу қозғалып бара жатқандай көрінеді.

Білесіз бе, тасбақа жердің асты­нан сүл­­дерін сүйретіп әрең шық­қанда, дауыл тас­бақаның үстінің шаңын қағу үшін соғады екен. Ең ғажабы тасбақаның дауылы тас­бақадан басқаның бәрін көтеріп кететін құ­діретке ие. Тас­бақа орнында қалады, бас­қа­ны көктен ізде, жерден ізде, тап­пайсың. Қа­зақ емес деңізші, нақ өзі. Қазақ деген – дәл қазір «кіш­кентай император» секілді.