«EXPO-2017» көрмесі – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды әрі ел абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткен көрме – жалпы EXPO тарихындағы ең сәтті өткен мамандандырылған көрмелердің бірі.
2017 жылғы 10 қыркүйекте «EXPO-2017»-нің жабылу салтанатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев көрме еліміздің экономикасының одан әрі дамуына серпін бергенін атап өтті. Саралап қарасаңыз, көрмені өткізудегі түпкі мақсат орындалды, еліміздің әлемдік аренадағы имиджі нығая түсті және көрме ұлттық бренд қалыптастырды. Көрменің аяқталуы басқа да жаңа жобалардың басталуына себеп болды. EXPO алаңындағы көрме нысандары әрі қарай қызметін жалғастыра берді.
Көрме аяқталған соң Москва-сити (Мәскеу), La Défense (Париж), Canary Wharf (Лондон) және Downtown Core (Сингапур) сияқты әлемнің жетекші іскерлік орталықтардың үлгісі бойынша нысандарды көрмеден кейін пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Негізі EXPO аумағындағы ресурстар көрмеден соң ел мен халыққа пайдалы болу жағы көрме инфрақұрылымын жобалау кезеңінде-ақ қамтылған болатын. Бұл мақсатта кешен аумағында серпінді жобаларды іске асыру үшін жаңа инновациялық экожүйе қалыптастырылды.
Бүгінде «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясының стратегиясына сәйкес компания біртіндеп өз шығынын өзі өтейтін болады. Бұған нысандарды коммерцияландыру, көрме іс-шараларын өткізу және пайдалану шығындарын қысқарту арқылы қол жеткізіледі.
EXPO көрмесі арқылы елімізде іскерлік экожүйе қалыптасты. Бүгінде EXPO аумағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі және Astana IT University сияқты инновациялық жобалар шоғырланған елорданың іскерлік орталығына айналды. EXPO кешені ғылым, ақпараттық технология мен экономиканы дамытудың орталығы ғана емес, сонымен қатар ойын-сауық индустриясына айналды. NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы және Конгресс орталығы маңызды ғылыми және мәдени мұра болып, соңғы 4 жыл ішінде ел мен елорда халқы үшін ең жарқын және маңызды іс-шаралар өтетін орынға айналды.
Биыл EXPO халықаралық көрме орталығында Automechanika Astana, ULTTYQ ÓNIM, KIOSH-2021, IndustryWeek сынды ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Smart City Expo Nur-Sultan» ақылды қалалардың халықаралық IT-конгресін өткізу жоспарда бар.
EXPO-2017 Astana көрмесі бір мезеттік, жылт еткен оқиға емес, өміршең жоба екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Ол тарихты, бүгін мен болашақты байланыстыратын орталыққа айналды. Бүгінде EXPO кешені тың идеялар мен инвестицияларды, сондай-ақ еліміздің ақылды адамдарын бір жерге шоғырландыратын, елорда қонақтары мен тұрғындарын қуантатын өзіндік өмір ырғағы мен ерекше рухы бар экожүйеге айналды.
EXPO аясында Қазақстан Дубайда өтетін Дүниежүзілік EXPO-2020 көрмесіне орай елге пайдалы болатын құнды тәжірибеге ие болды. Қазақстан Дубайға EXPO-2017 Astana көрмесінде Халықаралық көрмелер бюросының туын табыс еткен болатын. Қазақстан 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурызға дейін өтетін іс-шараға қатысуға белсенді дайындалуда. «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» ұранымен өтетін көрмеге біздің еліміз бай тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ елдің туристік әлеуетін, технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерін ұсынады.