Елордалық кәсіпкерлер палатасы Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарлама аясындағы байқау жөнінде әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізді. Онда палата директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев және Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Айжан Нұрматова қажетті мәліметтерді бөлісіп, бағдарлама аясындағы жобалар туралы кәсіпкерлерге түсіндіріп берді.
Айжан Нұрматованың айтуынша, 2021 жылы инновациялық бизнес-жобаларды гранттық қаржыландыруға 345 млн теңге бөлінген. «Биыл байқауға қатысуға өтінімдер qoldau.kz порталы арқылы тек онлайн қабылданады. Порталға жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің электронды цифрлы қолтаңбасымен ғана кіруге болады. Өтініммен қоса, керекті құжаттың бәрі PDF форматында тапсырылуы керек. Грант алуға Үкіметтің қаулысымен бекітілген экономиканың басым секторларындағы шағын бизнес өкілдері үміткер бола алады (экономиканың басым секторы тізбесін мына сілтемеден көруге болады: https://adilet.zan.kz/rus/docs/P1900000968). Грант алудың басты шарты тың бизнес-идея, инновациялық жоба болуы қажет және жаңа жұмыс орындарын құруға септігі тиюі керек», деді А.Нұрматова.
Байқауға қатысуға үміткерлердің «Бастау-Бизнес» немесе «Бизнес-мектеп» курстарынан өткенін растайтын, мерзімі екі жылдан аспаған сертификаты, бизнес-жоспары, мемлекеттік грант сомасының 10 пайызынан кем түспейтін тең қаржыландыру мүмкіндігі барын растайтын құжаты болуы міндетті. Қалған құжаттар тізім бойынша анықталады.
«Әлеуметтік осал топқа жататын үміткерлерге жеке қаржыландыру және бизнес-идеяның жаңашылдығы жөніндегі талаптар қойылмайды», дейді бас маман.
Кәсіпкерлер ұтқан грант қаржысын тауарға, қызмет көрсетуге қажетті шикізатты, материалдарды сатып алуға немесе материалдық емес активтер мен технологияларды, кешенді кәсіпкерлік лицензияға құқықтарды алуға (франчайзинг) жұмсай алады. Сондай-ақ зерттеулерге, жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарды өтеуге арнаса да болады.
«Грант қаражаты екі траншпен бөлінеді. Бірінші транш толық игерілгеннен кейін екіншісі беріледі. Байқау өткізу туралы және өтінім қабылдаудың нақты уақыты жөнінде жекелей хабарлаймыз», дейді А.Нұрматова.
Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасы берген мәлімет бойынша, былтыр жалпы сомасы 250 млн теңгені құрайтын 5 млн теңгеге дейінгі грантты 57 кәсіпкер алған екен.