Аналардың баспаналы болуын көздеген неткен ізгі бағдарлама деп біз де «Ұмайға» үміттене қарадық. Сырттай қарағанда тәп-тәуір бағдарлама. Алғашқы жарна сұрамайды. Аталған банкте жинаған ақшаң, депозитің болуы міндетті емес. Үйіңнің бар-жоғына қарамайды. Қайда, неше жыл тіркелгенің де маңызды емес. Тіпті шалғай бір ауылда отырып, Нұр-Сұлтан немесе Алматы сынды ірі қаладан баспаналы болуға мүмкіндік бар. Керемет емес пе?! Бірақ бағдарламаның шарттарына терең үңіле бастасаңыз, қитұрқысы көп екенін түсініп, шошып түсесіз.
Қош, сонымен, бағдарлама басталмай жатып, банк қызметкерлері Инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфир өткізіп, «Ұмайдың» шарттарын түсіндірді. Банк өкілі Мақсат Рахымовтың сөзінен ұққанымыз, бұл ипотекалық бағдарлама ай сайынғы кірісі бар, яғни жұмыс істейтін әйелдерге, зейнеткерлерге (әйел) арналған. Ал декреттегілер, табысы жоқ үйде отырған жандар оған қатыса алмайды. Жәрдемақы алатындар да үміткер бола алмайды, өйткені жәрдемақы кіріс болып саналмайды. «Бағдарламаға қатысудың басты шарты – отбасының жалпы табысы, яғни ерлі-зайыптылардың ортақ табысы 200 мыңнан кем, 320 мың теңгеден артық болмауы керек. Ең жоғарғы сомадан 1 мың, 2 мың теңге асса да ипотека берілмейді. Біз 320 мың дегенде салығы, басқасы ұсталып, қолға түсетін ақша мөлшерін емес, таза жалақы (оклад) көлемін айтып отырмыз», дейді М.Рахымов.
«Ұмайға» үміткерлер құны 30 млн теңгеге дейінгі үйді ғана рәсімдей алады. Бірақ баспана қай қаладан екені, жер үй ме, пәтер ме, жаңа ма, ескі үй ме, оған қарамайды. Ең бастысы, бағасы талап етілген сомадан аспауы тиіс. Өйткені шарт бойынша ай сайын төлейтін несиеңіздің көлемі жалақыңыздың 55%-нан асып кетпеуі керек. Сонда 320 мың теңге айлық алатын адам ай сайын шамамен 176 мың теңгесін ғана ипотекаға жұмсауы қажет.
Ал енді басты сұрақ: «Ұмай» несиесі қаншалықты тиімді? Отбасы банкінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялаған мәлімет бойынша, бағдарламаның бастапқы жарнасы – 15%. Бұл қаржыны банк өзіне алмайды, үйді сатып алушы сатушыға төлейді. Қалай дейсіз ғой? Мысалы, айлығыңыз 200 мың болып, 22 млн теңгенің үйін алғыңыз келсе, банк үй құнының 80%-ын несиеге береді. Яғни 17 млн 600 мыңды несиеге аласыз да қалған 4 млн 400 мыңды қалтаңыздан төлейсіз. Бір сөзбен айтқанда, үй құнының 15%-ын сатушыға өзіңіз беруге тура келеді. «Егер отбасының жалпы табысы 200 мыңнан аспайтын болса, банк үй құнының 85%-ын сатып алушыға несие ретінде береді. Ал егер отбасының ортақ табысы 320 мың теңге болса, онда үй құнының 80%-ы несиемен аударылады», деп түсіндірді банк өкілдері.
Ал банк беретін несиенің жылдық мөлшерлемесі – 12%. Бірақ тұрғын үй заемына ауысқан кезде, яғни үй құнының 50%-ын төлеп, банктегі жинағыңызға үш жылдан асса, онда жылдық мөлшерлеме 3,5%-5%-ға дейін азаяды, деп сендірді кеңесшілер.
«Ұмай» ипотекасы басталуы мұң екен, жұртшылық бірден оның бағасы удай екеніне шүйлікті. Банктің әлеуметтік желідегі парақшасында «Ұмай» емес, удай ғой, «бір қолымен беріп, екінші қолымен тартып алғаны несі», «әйелдер емес, нағыз еркектің еркегі ғана ала алатын ипотека ғой мынау» деген пікірлер қаптады дейсіз.
Расымен жылдық мөлшерлемесі 12%-бен, 25 жыл бойы ипотека төлеу оңай емес. Несиені ұзаққа созған сайын үстемақысы да көбейе беретіні белгілі. Бұл бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі мен несиені беру мерзімінің ұзақтығын ескерсек, 10 млн теңгенің үйін үстемақысымен шамамен 25 млн теңгеге аласыз деген сөз. Бұл – банктің қосымша комиссиясын есептемегендегі сома. Сондықтан әйелдерге арналған ипотекамен үй аласыз ба, жоқ па өз еркіңізде. Әгәрәки «Ұмайға» көзіңіз түсіп жатса, онда банктің сайтына өтінім қалдыруға болады. Банк өкілдерінің айтуынша, өтінім қалдырған адамға менеджерлер өздері хабарласып, кездесу уақытын белгіліп, мән-жайды түсіндіріп береді.