Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Ана да, бала да аман

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі жұқпалы аурулар орталығына 20 сәуір күні жеткізілген 38 жастағы жүкті әйелдің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылады. Науқастың өкпесі 98 пайызға зақымдануына байланысты республикалық дәрежедегі дәрігерлер консилиум өткізіп, науқасты ЭКМО аппаратына қосқан. Дәрігерлердің айтуынша, бұл аппарат ауыр халдегі науқастарды емдеуде нәтиже болмаған жағдайда қолданылады.

Ана да, бала да аман

Апта өте іштегі баланың жағдайы ауыр болуына байланысты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері шұғыл түрде «кесір тілігі» арқылы әйелді босандырып алған. Салмағы 1 кг 900 грамм болып туған нәрестеге орталық дәрігерлері медициналық көмек көрсетіп, қамқорлық жасады. Жаңа босанған әйелге 14 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді. Дәрігерлер осы аппараттың арқасында жаңа босанған әйелдің жағдайы жақсарғанын айтуда. Осылайша қауіпті індет жұқтырған науқас 50 күн бойы инфекциялық госпитальде ем алып, күні кеше ауруханадан сауығып шықты.

Жадыра Баймаханова өмірін арашалап қалған Шымкент қаласының бас реа­ни­матологі Батыр Шамамутов, қалалық жұқ­палы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер, анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсеңгірова, қалалық жүрек орталығының кардиохирургиялық анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменов, акушер-гинеколог Анар Махашова сынды білікті ақ халаттыларға өз алғысын білдірді.

Айта кетелік, Шымкент қаласында өткен тәулік ішінде 2 435 адам вакцина салдырды. Егу науқаны басталғалы барлығы 207 471 адам екпе салдырса, оның ішінде 111 647 адам вакцинаның екі компонентін алды. Ал індет жұқтыру жағдайы жөнінде айтар болсақ, дүйсенбідегі мәлімет бойынша соңғы тәулікте 42 жағдай тіркелген. Инфекциялық стационарға 9 адам жатқызылып, 33 адам үй бақылауына алынды. Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стацио­­­нарларда барлығы 1 276 орын бар. Қала аумағында санитарлық-эпидемиялық та­лап­тар­дың сақталуы бойынша жұмыс істейтін 20 мобильдік топ жексенбі күні 187 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 8 нысанда карантин режімінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған.

 

Шымкент