Футбол • 15 Маусым, 2021

«Астана» өз алаңында ұта алмады

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының 15-турындағы соңғы үш бәсеке Нұр-Сұлтан, Тараз және Қызылорда қала­ларында өтті.

«Астана» өз алаңында ұта алмады

Елорда төрінде чемпиондық атақтан бас­ты үміткер қос команда – «Астана» мен «Тобыл» өзара күш сынасты. Алма-кезек шабуылмен өткен бәсеке барысында қонақтар есеп ашты. 29-минутта Неманья Николич қостанайлықтарды алға шығарды. Бірақ олар бұл басымдықты ұстап тұра алмады. Арада 15 минут өткеннен соң алаң иелері пенальтиден есепті теңестірді – 1:1. Бұл голдың авторы – Марин Томасов. Содан кейін есеп өзгерген жоқ. «Тараз» бен «Қайрат» арасындағы матчта алматылықтар жеңіске жетті – 0:2. Қонақтар қатарында мергендік танытқандар – Вагнер Лав (11-минут) пен Артур Шушеначев (67-минут). Ал «Қайсар» мен «Атырау» арасындағы матчта есеп ашылған жоқ – 0:0.

Жарыс кестесінде «Астана» әлі де жеке-дара көш бастап тұр. Елордалық футболшылар 35 ұпай олжалап үлгерді. Оларды «Тобыл» өкшелеп келеді. Қостанайлық клубтың қоржынында 32 ұпай бар. 27 ұпай жиған «Қайрат» үшінші орынды иеленуде.