Оқиға • 15 Маусым, 2021

Алматыда полицей әйелді қағып өлтірді: куәгерлер мән-жайды айтты

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда полицей қызметтік көлігімен 50 жастағы әйелді қағып кетті. Қатты соққы алған келіншек сол жерде, тілге келместен қаза болды. Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда полицей әйелді қағып өлтірді: куәгерлер мән-жайды айтты

Патрульдік көлік әйелді қағып өтіп, сол жерде тұрған Газельге соғылған. Оқиғаны өз көзімен көргендер апат қас-қағым сәтте болғанын айтады. Ал марқұм көлік жуу орталығында жұмыс істеген. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін орталықта түнгі ауысымда болып, жұмысты аяқтауына бірер сағат қалғанда оқыс жағдай болған.

«Келіншек осы тәулік бойы істейтін көлік жуу орталығында бір айдан бері жұмыс жасады. Ол жуылған көліктердің ішін тазалаумен айналысатын. Бүгінде мына жерде тұрған шаңсорғыш аппаратымен жұмыс істеп жатқан. Полицей көлігі оны шаңсорғышымен қоса ана жаққа ұшырып апарды», деді көлік жуу орталығының әкімшісі Юрий Приходько.

Келіншектің артында ересек екі баласы қалды. Кішісі биыл мектеп бітіріп жатыр. Марқұмның отбасы полиция көлігі жылдамдықты шектен асырған деп отыр.  

«Жүзбен келе жатқан ғой, 5 метрге ұшырып жіберген. Өзіңіз ойлаңыз, өліп кетті. Бастан дым жоқ. Қызметкерлер бәрібір өзін қазір саумын деп айтып отыр. Жазасын алады, алуы керек», дейді марқұмның қайын әпкесі Сүңгілшаш Айтуғанова.

Күдікке іліккен полицейдің әріптесі оның осы салада 6 жылдан бері қызмет етіп келе жатқанын, бұл оқыстан болған оқиға деп мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, қызметте болған қызметкер. Сау кісі. Қабырғамыз қайысып, келіп көңіл айтып отырмыз. Бұл отбасына бар жағынан көмек көрсетіледі», деді Алматы патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Жәнібек Өскенбаев.