Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Солтүстікте 40 бас жылқы ұрлаған күдіктілер ұсталды

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полицейлер 40 бас жылқыны ұрлау ісін сотқа жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстікте 40 бас жылқы ұрлаған күдіктілер ұсталды

2020 жылғы 19 қарашада Уәлиханов ауданының полиция бөліміне шалғайдағы Қазанғап ауылының тұрғынынан еркін жайылымнан 40 жылқының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Жәбірленуші оларды бірнеше күн бойы өзі іздеген, кейін учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Келтірілген шығын сомасы 15 миллион теңгеден астам.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы мен аудандық ПБ тәжірибелі қызметкерлері санынан жедел-тергеу тобы құрылған. Мал ұрлығы бойынша бағдар облыстың аумақтық полиция бөліністері мен еліміздің Полиция департаменттеріне жолданады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұқсас белгілері бойынша екі жылқы көршілес Ақмола облысының Зеренді ауданы тұрғындарының бірінің қосалқы шаруашылығынан табылған. Салынған таңба жануарлардың жәбірленушіге тиесілігін растады. Одан әрі жүргізілген жедел іс-шаралар бұл жылқыларды туысына тастап кеткен 53 жастағы Бурабай ауданының ізіне түсуге мүмкіндік берді. Жедел уәкілдер істің мән-жайын тарқата келе 35 пен 50 жас аралығындағы Ақмола облысының үш тұрғыны мен екі солтүстікқазақстандықты әшкереледі. Күдіктілердің барлығы да табыншылар. Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылды, ұсталғандар өздерінің қатыстылығын жоққа шығарып, берген жауаптарын бірнеше рет өзгерткен. Дегенмен, жедел-тергеу тобының көп тер төгуінің арқасында қылмыстың мән-жайын анықтау мүмкін болды. Бірнеше күн күдіктілер ауысып отырып, ұрланған жылқыларды Ақмола облысына айдап апарып, сол жерде бөлген. Қазіргі уақытта материалдар сотқа тапсырылды.