13 маусымда Алматыда өткен грэпплинг бойынша кәсіпқойлар арасында Arlan «Grip PRO 8» турнирінде аталған клубтың үш өкілі, атап айтқанда жаттықтырушылар Нұрсұлтан Орынбасаров, Самат Айтпанбет және Диас Қанайбеков жеңімпаз атанды.
Депутат «Sagadat batyr – QTT» клубының осы жылдардағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, сәттілік тіледі. Ол клубтың жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілері түрлі турнир өткізетінін, қайырымдылық акциялары мен қоғамдық жұмыстарға қатысатынын, көптеген беделді жарыста жеңіске жететінін, шетелде ел намысын лайықты қорғап, халық қаһарманы, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін белсенді насихаттайтынын атап өтті.
«Бүгінде «Sagadat batyr – QTT» клубы әртүрлі жастағы 200-ден астам спортшыны тәрбиелеп отыр. Олардың көпшілігі халықаралық турнирлерде мақтанышпен өнер көрсетті. Сіздер Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы сынды батырлардың, сондай-ақ мықты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың лайықты ұрпағысыздар. Сіздер жарыстарда абыроймен өнер көрсетіп, халықаралық аренада елдің намысын қорғау өз міндетіңіз деп санайсыз. Алда көптеген түрлі сынақтар бар, бірақ сіздер лайықты түрде жеңіске жете аласыздар деп ойлаймын. Еліміздің дамуы мен гүлденуіне үлкен үлес қосып, біздің алғашқы қорғаныс министріміз Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін насихаттап жүрсіздер. Өскелең ұрпаққа лайықты үлгі көрсетесіздер деп сенеміз. Жастар – біздің болашағымыз», деді депутат өзінің құттықтау сөзінде.
Одан кейін Бақытбек Смағұл клубтың бас бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровқа Алғыс хат пен Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалін табыс етті. Ол жарысқа қатысқан барлық жаттықтырушылар Самат Айтпанбет, Елжан Жұмаділ, Нұртуған Бекмұратов, Диас Қанайбеков екі дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова, спортшылар Азамат Әбдиев, Мақсат Мұратұлына үлкен табыстар тіледі.
Сондай-ақ «Ауған» соғысының ардагері, 3-дәрежелі «Айбын» орденінің кавалері, дінтанушы Алдажар Сейітұлы балаларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде Нұрсұлтан Орынбасаров оларға көрсетілген сенім мен назар үшін алғыс айтып, ел игілігі үшін одан әрі дамып, жұмыс істейтінін мәлімдеді.
«Бұл менің ғана емес, бүкіл командамның еңбегі. Шәкірттеріме, сондай-ақ клубымыздың президенті Ерболат Сапарұлына көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Баршаңызды осы марапатпен құттықтаймын», деді ол.
«Arlan Grip PRO 8» турнирінде Нұрсұлтан Орынбасаров ресейлік Магоммед Кабардиевті жеңді. Бұл – қазақстандық спортшының бес жылдан кейінгі алғашқы турнирі болды. Соңғы рет ол Қырғызстанның Ош қаласында шаршы алаңға шыққан болатын.
«Мен бес жыл бойы өнер көрсетпегендіктен, қиын болды. Бұл ұзақ мерзім. Менің қарсыласым ушу-саньда бойынша Ресейдің екі дүркін чемпионы, ММА бойынша әлем чемпионы болды. Сондықтан мен бұл күреске мұқият дайындалдым. Салмақ қудым. Жақында джиу-джитсудың қара белбеуін алдым, бұл мені жігерлендіргені анық. Бір жағынан, бұл үлкен жауапкершілік және мен біздің жаттықтырушымыз Адам Фокстың үмітін ақтап, нәтижесінде жеңіске жеттім. Өте қуаныштымын. Маған лайықты қарсылық көрсеткен қарсыласыма алғыс айтамын. Бұл да жақсы тәжірибе», деп өз әсерімен бөлісті Н. Орынбасаров.
Ол бұл жеңістің тек бастамасы ғана екенін және болашақта өз оқушыларымен бірге үлкен жарыстарда өнер көрсетуге ниетті екенін жеткізді.
Сонымен қатар «Sagadat batyr-QTT» клубының тағы екі жаттықтырушысы Самат Айтпанбет Бауыржан Алымбаевтан басым түссе, Диас Қанабейбеков Шамиль Балаевты жеңді.
Айта кетейік, клубтың Алматы облысы мен Алматы қаласындағы Қазақфильм шағын ауданында екі залы бар.