Өнер • 15 Маусым, 2021

Қылқалам ұшындағы кеңістік

532 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалам құдіретімен өнерсүйер қауым­ның ыстық ықыласына бөлен­ген белгілі суретші Бектас Кә­ріммен аудандық мәдениет үйін­де жолықтық. Шеберлік сағатын өткізіп жатқан сәті. Қамырдан қыл суырғандай мипаздап баяндайды. Бәлкім шын өнер дәл осындай шынайылықты қажет ететін шығар.

Қылқалам ұшындағы кеңістік

Талыстай дала талықсып жатыр. Көз ұшы жететін кеңістік аппақ көрпе жамылған. Қолына қыран бүркіт қондырған саят­шының тұлғасы оң иығынан асыла қараған асқар шыңмен аста­сып тұрғандай. Үстіндегі ықшам, жылы киім, кемер белбеу, күміс үзеңгі, алтайы тымақ саятшының сәні мен салтанатын асырып тұр. Қанжығадағы қызыл түлкі бір қызықтың белгісіндей. Жүзінде сәл ғана қуаныш лебі байқалады. Дарқан даланың иесі де, киесі де өзі. Бұл – Бектас Кәрімнің Нью-Йорктегі көрмеге қойған суреті.

ч

Ұлан-Батырдағы көркемсурет университетінің театр-сахна және сурет факультетін бітіргеннен ке­йін музыкалық драма театрында сахна суретшісі болып еңбек етті. Оңай шаруа емес. Қойылымның ішкі мәні, меңзейтін мезірет, айтар ой суретпен қабысуы шарт әрі актердің тіліне ілікпеген сыр суретпен ұштастырылып, ма­ғына үстеуі шарт. Ақсүйек өнерге құлай ғашық Бектас Кәрім бірте-бірте қол қанықтырған. Шын өнерге еңбек серік. Әсіресе, «Ең­лік-Кебекті» қояр алдындағы да­йындық санасына сіңіп қалған.

Дәл сол күні қолы жүрмей қой­ды. Көптен бері нақ осылай болмап еді. Күн арқан бойы көтерілгенде қырға шыққан. Ұшар басын жел жұлмалаған шалғынның сыбырлаған сырына құлақ түрді. Көкірегіндегі бір беймәлім сезім жан-дүниесін тұм­шалап алып, тұншықтыратын тәрізді ме, қалай? Баяғы бала ке­зінен бері биіктікке жаны құштар. Өзі туып өскен, кіндік қаны там­ған өлке. Көсенің иегіндей бір тал қылтанағы жоқ болса да, саясына сайғақ саялар бір түп ағашы болмаса да, әлемдегі ең көркем жер болып әсер етеді.

Кенет алаңсыз жайылып жүр­ген қос елікті көрді. Естілер-естіл­мес сәл ғана сыбдырынан секем алып, құлақтарын қайшылап қо­йып, бір-бірінен көз айырмай қарайды. Суретші осы сәтте өзі іздеген бейнені жаза баспай тап­қанын анық сезінді. Әдетте қалам ұстаған қауым ғашық жү­ректерді аққуларға теңейтін, ақын біткен айдын төсіндегі құс төресін жырлайтын. Бәлкім, олар­дікі де жөн шығар. «Еңлік-Кебек» қойылымын көрерменге ұсыну үшін Бектас Кәрім осындай жол тапқан. Жіңішке, бунақты аяқтарын қаздаңдай басатын қос елік мынау жарық дүниеде өздеріне төнер қауіп-қатердің бар екенін мүлдем ұмытып кеткендей. Әлде ғашықтық дерті шалғанда бір-біріне шексіз ғашық жанарлар өздерінен басқа ешбір жанды көрмей ме екен? Құдды сұлу әйелдің «менен басқа ешкімді сүймейсің, менен басқа ешкімге көңіл аудармайсың» дейтін талабы тәрізді.

Жеделдете жұмыс кабинетіне кел­ді де, ақ қағазға өзі көрген табиғаттың бейнесін тура сол қал­­пында көшіріп шықты. Ақ қа­ғаздың бетінде әсем мойын­дарын иіп, бір-біріне елжірей, елі­тіп қараған қос елік, сәл төменірек оң жақ бұрышта тасбақаның сауыты іспетті дөңгелек қалқан. Дөңгелек қалқан кез келгеннің қолы жете бермейтін іңкәрлік сезімді, таңғы шықтай мөлдіреген махаббат­тың қос періштесі – қос елікті сырт көзден, айтып келмес апаттан, бәлкім зұлымдықтан, мүмкін, қараулықтан қорғап тұрған тә­різді. Мына жарық дүниеде ай мен күннің алмасқаны сияқты, жақсылық пен жамандықтың бірін-бірі жеңе алмай шарпысуы мүмкін ғой. Алмас жүзді, бес, әлде алты найза төніп тұр. Іші­не пышақ айналмайтын, пейілі тар әлдебіреулердің болмашы бейнесі.

в

Еңлік пен Кебек ғұмыр кешкен, бір-біріне өлердей ғашық болған көне дәуірдің сұлбасы. Мынау жанарың жетпейтін жал­пақ жазықтық Алаш жұрты­­ның атамекені. Ақ қағаздың етек жа­­ғына сәл көлеңкелеу, қараң­ғылау бояу түсті. Өйткені, дарқан даладағы ғашықтардың тілімен сипаттауға келмейтін құдіреті ет жүректерді елжіретіп, баурап, аялап, әлпештеп тұрғанымен қа­уіп-қатер де аз емес еді. Аз бол­майтындығы ескі ғұрып, жақ­сы­лығынан зияны басым көне дәстүр, барлығы емес әрине, жас жүректердің лүпілін ұға алмайтын кейбір керітартпа пиғыл. Еңлік пен Кебектің үлбіреген пе­­ріште ғұмырларын ғана емес, бір-біріне ынтық махаббатта­­­рын ала кетті. Ғұмыр үзілді, бірақ жал­пақ жұртқа, қалың көпшілікке аян болған, кейін біреу сеніп, біреу сенбейтін әдемі аңызға айналған ғашықтық желісін үзе ал­ған жоқ. Осы бір қаралы, дегенмен кейінгі ұрпаққа тамаша тағылым қалдырған оқиға уақыт өте келе қайта жаңғырып, жасанып, сыланып сахна төріне көшкенде көрерменге сахнадағы үздіккен сөз, үйлесімді қимыл, айшықты сезімдер ғана емес, сах­на төріндегі дәуір бейнесі, уақыт бедері өзгеше мағына үс­теп, айрықша мазмұн бітіріп, ұқ­тырып тұр еді. Көкірек көзі ашық көрермен суретшінің айтар ойын анық ұққан. Суретші де елесі еміс-еміс қана сақталған, әйтеуір сорабы айқын, бағыты белгілі өткен дәуірдің өшіп бара жатқан бедерін сурет арқылы сөйлетіп, сурет арқылы жырлап қойылымның тұтастығын, барлық композициялық құрылымды алты өрім қамшының жымдасқаны тәрізді жігін жатқызып жеткізді.

2005 жылы атажұрттан дәм бұ­йырған. Шортанды ауда­нын­да қоныстанды. Содан бері аудан­дық мәдениет үйінде сахна безен­дірушісі ретінде жұмыс істеп ке­леді. Сол жылы Көкшетау қала­сында өткен «Мәңгілік күй» атты көрмеге қатысқан. Мұн­дағы жұрт шын таланттың ше­бер­лігін көрмеден көрді. Кейін әл­денеше жыл қатарынан «Ақ­мола жұлдыздары» облыстық бай­қауында топ жарды. Же­­ңіс мерекесіне орай Нұр-Сұл­тан қаласында өткен «Қай­ран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты облыстық байқауда бірінші орынға ие болды. 2015 жылы астанада Қазақ хан­дығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде тақырыпқа орай ұсынған туындысы лайықты бағаланып, жеңімпаз атанды. Қол жеткізген табысын, жүлдесін айтып тауыса алмас еді­ңіз. Бағаланған, әділ бағасын алған. Соның барлығы ізденімпаз жанның қабілетінің қарымтасы.

– Оң жамбасына келетін тақы­рып – ауыл өмірі, – дейді суретші, – мына суреттегі әжей Құрманжан апамыз. Бүгінде жасы 80-ге таяу. Маңдайдағы әжім өткен өмірінің сорабы. Шаттықтың жұп-жұқа лебі ата жұртқа табаны тигендегі қуанышты сәті. Ал мейірім барша әжеге ортақ қасиет. Бұл сезім Құрманжан апамызда да бар. Қазақтың бар әжесі мейірімді ғой.

с

Суретшінің өз айтуына қа­ра­ғанда, өнер қанмен дарыса керек. Машық кейінгі дүние. Қала­мына іліккен дүниенің бәрі көз қанықтырған, көңіл тоғайтқан дүниелер. Айрықша ықыласы ауған ғажайып әлем – жауырын. Кәдімгі малдың жауырыны. Ілкі заманда ел ішінде болашақты күні бұрын болжай білетін жауырыншылар аз болмаған. Бұл да бір ғажап қасиет. Айналып келгенде Алаш жұртының бойындағы жаратқан ие сыйлаған айрықша дарынды көрсетсе керек.

Малдың жауырын сүйегінің бітімі де тегін емес екен. Құпияны ашуға арналған кәдімгі айна іс­петті. Бәлкім содан ба екен ықы­лым заманнан бері қасиетті са­налған. Егер ұсақ малдың жауы­рын сүйегі сәл имектеу, жа­зық болып бітсе, осыған қарап алдағы қыстың қабағын аңдаған. Жауырынның қасиетті сүйек екенін бақсы-балгер де жақсы түйсінген. Арғы жағына қасиет қонып, кие дарыған көріпкелдік қабілеті бар әулеттің балаларын жауырынмен ауыздандыру салты болыпты. Қойдың отқа қақтаған жауырын сүйегін жас сәбидің жөргегімен бірге бөлеп, кейін оны ел көзінен таса, баланың қолы жетпейтін жерге жасырған. Әлгі бала он беске толғанда ғана ұстауға рұқсат етілген. Оның өзін­де де ел анасы сипатындағы әжей баланы бөлек бөлмеге апарып, оңашалап барып қана көрсетеді екен. Сонда ғана қасиет қашпаса керек. Жауырынға қарап сөйле­ген кезде жаңылмаудың себебі осын­дай қағидаларды қапысыз атқарғандықтан деп есептеген. Бала кезімізде естіген ертегілерде жауырыншылар туралы көп дерек бар ғой.

Бектас Кәрім ұлтпен бірге жа­са­сып келе жатқан осы бір ға­жап дүниені тереңдей зерттеп, сан жауырынды табиғи күйінде қалыптапты. Біз тілдескен уақыт­та он шақтысын көрсетті. Сәби кезімізден санамызға сіңген дү­ниеге тағы бір тәнті болдық.

– Сіз де жауырынға қарап бола­шақты айта аласыз ба, зерттеген дүниеңіз ғой? – деп сұрадық.

Суретші риясыз жарқылдап күлді. Ол үшін туабітті қасиет керек екен. Ал болашақтың, қазақ­тың болашағын айта аламын деді.

– Алдымызда ақжарылқап заман тұр, Мәңгілік ел мұраты толайым орындалады, – деді ол.

Біз де жақсылыққа жорыдық.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы

 

Суреттерді түсірген Советбек Мағзұмов