Театр • 15 Маусым, 2021

Маэстроның шеберлік сабағы

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Операда» Миланнан келген  маэстро, Форо Бона­парттағы музыкалық академияның профессоры және Гаэтано Доницетти атындағы музыкалық академияның каме­ралық ән айту бөлімінің меңгерушісі, вокалистер арасында үлкен беделге ие Анатолий Гусевтің шеберлік сабағы мен жеке жаттығу бағдарламасы өтеді.

Маэстроның шеберлік сабағы

– Өткен 8 маусымда опера труппамыз толық қалыптасты, енді осы уақыт аралығында со­лис­тердің вокалдық қалыбын сақтауға күш саламыз. Театр – кә­сіби сахна, оған жеңіл қа­рауға болмайды. Сондықтан өнер­паздар жоғары деңгейде болуы үшін оған даму қажет, сол үшін басшылық оларға түрлі шебер­лік сабақтарын ұйымдасты­рып тұ­рады. Мәселен, опера труп­памызбен бірнеше рет про­фесс­ор, италиялық коуч Алла Симо­ниш­вили, атақты маэстро Джузеппе Акуавива және тағы басқа талантты тұлғалар жұмыс іс­теді. Анатолий Алексеевич Гу­сев­тің де орны бөлек, ұстаздық тәжі­рибесі мол, оның шәкірт­те­рі халықаралық деңгейде өте танымал. Енді біздің солистер де онымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды, − деп атап өтті опера труппасының директоры, профессор, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Азамат Жыл­тыркөзов.

Қазіргі күні Анатолий Гу­сев Миланда тұрады, сонда опе­ралық ән айту мектебінің негізін қалаған. Сонымен бірге ол Sibe­rian Solo жас вокалистердің шы­ғармашылық зертханасының ұс­таздар тобына енген, қазылар ал­қасының мүшесі ретінде ха­лық­аралық және италиялық во­кал­дық байқауларға жиі қаты­сады.

– Бұл менің «Астана Опе­раға» төртінші келуім. Бір жа­ғынан, жұмыс қарапайым, ал екінші жағынан – күрделі. Күн сайын 7-8 солистпен техни­ка­лық дайындық, стилді түзе­ту, опералардың италиялық, фран­­­­цуздық мәтіндерін айтуы бо­йын­ша дайындаламыз. Кей­бір әншілер жоғары ноталар­ды, кейбірі төменгісін ала алмай жатады. Белгілі бір солис­термен речитатив бойын­ша жұ­мыс істейміз. Сондай-ақ ма­ған алдағы уақытта Дж.Вер­дидің «Травиата» операсына солистердің екі құрамын да­йындау жүктелді. Алдағы 20 мау­сымда «Астана Операға» шәкір­тім – неаполитандық соп­рано Елена Сомма мен Домо­дос­сола қаласынан әнші, лирика­лық баритон Маттиа Росси келеді. Ол осы театр сахнасында Г.До­ницеттидің «Махаббат сусы­ны» операсында сержант Бель­коренің партиясында дебют жасайды. Елена Сомма аталған операдағы Адинаның рөлін орын­дайды. Тағы бір дарынды шәкіртімнің бірі – мықты ба­ритон Бадрал Чулуунбаатар Дж.Вердидің «Аида» операсында Амонасроның рөлін сомдаса, тенор Саян Исин «Аида» операсындағы Радаместің пар­тиясын шырқайды. Ал «Аста­на Опера» солистері бар күш-жігерімен ізденіп, құштар­лық­пен еңбек етіп жатыр, оларға көмектесіп жатқаныма дән ризамын. Біз өмір бойы білім аламыз, ал вокалист өз-өзін үнемі жетілдіріп отырмаса қиын. Жыл санап дауысымыз өзгереді, сол себепті біз де соған қарай қай­та өзгеруіміз қажет, бұл – тоқ­таусыз жұмыс үрдісі, – деді А.Гусев.