Аймақтар • 16 Маусым, 2021

Бала қауіпсіздігі – басты назарда

1032 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында бала­лар­дың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйым­дас­тыру қолға алынбақ. Қазір­гі пандемия жағдайында бұл, әрине, оңай шаруа емес. Әсі­ресе, демалыс кезіндегі қауіп­­сіздік мәселелеріне баса мән беріледі.

Бала  қауіпсіздігі – басты  назарда

Облыстық білім басқарма­сының жоспарына сай, қазіргі қолайлы санитарлық-эпиде­миялық жағдайдағы каникул уа­қытында қала сыртындағы 11 лагерь мен 102 шатырлы және киіз үйлі балалар лагері жұмыс істейді. Аталған демалыс орындары 190 мыңнан аса оқушыны қабылдауға әзір екен. Олардың ба­сым бөлігі әлеуметтік аз қам­тыл­ған отбасыларының балалары болмақ.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте облыс­тық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова осындай жоспарымен бөлісіп, жазғы уақытта оқушылардың пайдалы және қауіпсіз бос уақытын ұйым­дастыру туралы айтып берді. Сон­дай-ақ ол мұғалімі шомылу мау­сымы кезінде балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акция­сын, «Жас құтқарушы» облыс­тық және өңірлік жарыстарын өткі­зетінін атап өтті.

– Балалар мен педагогтер суға батқан кезде алғашқы ме­ди­циналық көмек көрсетуді үй­ренеді, жадынамалар мен буклет­тер таратуға бастамашылық жа­сай­ды. Мектеп басшылығы оқу­шы­ларды жүзуге үйрету бойынша бассейндермен мемо­рандумдарға қол қоя­ды. Соны­мен қатар жер­гілікті атқару­­шы органдар қаңқалы ба­с­сейн­дерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізуде, – деді Г.Қожахметова.

Бұған қоса жазғы каникул кезінде «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» акция­ларын ұйымдастыру да жос­­­парда бар екен. Мұндағы бас­ты мақсат – ата-аналарды ашық отты, электр құралдарын, газ жаб­дықтарын пайдалану ережелері, соны­мен бірге суда жүзу және жолда жүру ережелері туралы балалармен әңгімелесуге шақыру. Балаларға шұғыл қызметтердің 112, 101, 102, 103 нөмірлерін үйре­ту керек.

Ал аталған брифингке қатыс­қан Қарағанды облысы ТЖД бас­шысының міндетін атқарушы Ақыл­­бек Ахметжанов жазғы кани­кул кезінде ведомствоға қарасты бөлім­шелердің жоғары дайындық режі­міне көшірілгенін мәлімдеді. Құт­қарушылар су айдындарында рейд­тер жүргізіп, демалушыларға жады­намалар таратылатынын айт­ты.

– Бүгінге дейін олар жабдық­талмаған су айдындарына 174 тыйым салу белгісі орнатылды. Біз­дің бастамамыз бойынша 2GIS жүйесінде шомылуға болатын су айдындары мен демалыс аймақтары арнайы белгілермен белгіленді, – деді А.Ахметжанов.

Облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы өңірдегі Фе­доров, Самарқанд, Шерубай-Нұра, Кеңгір суқоймаларының жаға­лауларында, сондай-ақ Балқаш және Айнакөл көлдерінде тәулік бойы жеті құтқару бөлімшесінің жұмыс істейтінін хабарлады. Мұн­дағы қызметкерлер қажетті авто­көлік техникасымен және жүзу құрал­дарымен жеткілікті мөлшер­де жабдықталған екен.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай­лар департаментінің қызметкерлері жүзден аса қоғамдық құтқарушыны оқытып-үйрету жұмыстарын ұйым­­­дастырған. Олар облыстың су ай­дын­дарында қауіпсіздік іс-шара­ларын жүзеге асыру жұмыстарына тартылады.

 

ҚАРАҒАНДЫ