Руханият • 16 Маусым, 2021

Күй – қазақтың қазынасы

1483 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда «Рухани жаңғыру» мемле­кет­тік бағдарламасы аясында «Дала ­фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасының күй өнеріне ар­налған 2-томы жарық көрді. Жинақ­тың элек­трон­ды және аудионұсқаларының сапасы әлемдік стандарттарға сай. Бұл Антологияны – ұлттық музыкамыздың ғасыр жаңалығы деп бағалауға болады. Мұнда қазақтың күй мұхитына құйылған теңіздей мол мұра жарыққа шығып отыр.

Күй – қазақтың қазынасы

Елең еткізер бұл жаңалық үлкен ең­бек­тің нәтижесі екені сөзсіз. Үш тілдегі жинақта шаңқобыз, сыбызғы, үш ішекті домбыра, қобыз, жетіген, шертер және домбыра күйлері нотасымен және кез келген жерден тыңдауға ыңғайлы QR-cod-мен ұсынылған.

Антология М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының «Му­зы­катану» бөлімінің «Дала фольк­лоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұдан бір жыл бұрын жоба жетекшісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанованың бас­шы­лығымен дәстүрлі әнге арналған 1-том жарияланған еді.

Мақаламызға арқау болып отырған 2-томға 1950-2020 жылдарда жасалған экспедиция материалдарынан бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтер молынан ұсынылды. Көне үнтаспаларда (ленталарда) сақталған өте құнды күйлерді кәсіби мамандар нотаға түсіріп, ол орындауымен бірге жарияланды. Мәселен, бұрын жинақтарда кейбір күйлердің нотасы ғана шықса, бұл антологияда тұңғыш рет орындаушының аудиожазбасы мен соның нотаға түсірілуі бірге беріліп отыр.

Аймақтық халық күйлеріне қоса, 22 күйшілік мектеп бойынша 180 күйші композитор мен олардың таңдаулы күй­лері алыныпты. Әрине бүгінге дейін жарияланған ең ірі жоба «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» болса, мұнда авторы мүлдем белгісіз, аты да, заты да бей­мәлім боп бұрын-соңды шықпаған күйлер таңдалды. Ал қайталанған жағ­дайда ол күйлер басқа күйшінің орындауында ұсынылды. Жобаның ұтымды тұсы – күйлердің аудиожазбасы мен нотасы қатар берілді және күйдің авторы мен шығу тарихы туралы  ақпарат мейлінше қамтылып жүйеленіп отыр.

«Қазақтың күй қорына біршама жаңа туындылар еніп отыр. Олар бұ­рын белгісіз боп келген Тәттімбеттің «Ал­­ша­ғыр-Шағаны», Итаяқтың «Итаяқ­тың шертпесі», Қыздарбектің «Жұба­туы», Түркештің «Терісқақпайы», Мөң­­кенің «Кеңес» күйі мен Әсима Із­мұ­­қанбетова орындаған Мақаштың «Бай­жұмасы» сияқты тың күйлер. Құр­ман­ғазының «Қосалқа», «Сырым сазы» және «Көркем ханым» күйлері, Дәулеткерейдің «Қаражан ханымы», Сей­тектің «Лауышкесі». Дәулеткерейдің «Кеңес» деген күйін орындаған жазба­сы, Сейтектің шөбересі Егзет Мұхамед­қалиевтің орындаған «Соқыр Есжан­ның» 2-нұсқасы табылып отыр», дейді Айнұр Жасағанбергенқызы. Бұл орай­да Дәулеткерейдің «Қаражан ханым» ­­күйі 1963 жылы институт ғалымдары жа­са­ған экспедицияда таспаға түсіп, сақ­та­лып келгені, оның да табылып отыр­ға­ны қуантады. Ал Құрманғазының «Са­ры­­арқа» күйінің 2-нұсқасы Сапар Ора­­зовтың орындауында жазылыпты. Бұ­­рыннан белгілі күйлердің екінші нұс­қа­ла­рының табылуы да рухани қазы­­на­мызға қосылған үлкен жаңалық. Мә­­се­лен, бұлар – «Ақсақ құланның», «Аң­шы­­ның зарының», Байжігіттің «Ер­ке ата­нының», Дәулеткерейдің «Қосал­қа­сы» (3-нұсқасы), Жантөренің «Шал­қы­ма­сының», Ерғалидың «Бозашы» күй­лерінің 2-нұсқасы және т.б.

Еліміздің әр аймағынан шыққан күй­­­шілер өз туындыларымен жария­лан­­ды. Олар – шығыстан Шай­қы Құ­сайынов («Ой күйі»), Сүбелек Нұр­баев («Сүбелектің тартқан күйі»), Қы­­тай же­ріндегі қандастарымыздан шық­қан Мұса Қамитұлы («Шаттық»), Же­­тісу жерінен Бөлтірік Атыханұлы («Әуен күйі»), Сыбанқұл Қалбасұлы («Нү­­сіп­ханның зары»), Сатқынбай («Қар­­лығаштар»), Қаратау өңірінен Әйкен Қоңырбай­ұлы («Әйкеннің шерт­песі»), Сейітхан Әлім­беков («Сейіт­хан­ның шертпесі»), Батыс айма­ғынан Қозда («Ақжелеңі»), Жақия («Сары­жайлау», «Айдау»), Қуа­нышқали (Кер­без керік), Боқбала Ер­тө­лепұлы («Мана­тау», «Ақжелең»), Сыр бойынан Ошақты Күзеубай («Нар идір­ген») мұрасы болашақта ғылыми тұр­ғыдан зерттеліп, теориялық жан-жақты талда­нып өз баға­сын алатынына кәміл сенеміз.  

Антологияның ерекше тағы бір жаңа­­лығы – жүйеленген жиырмадан астам мектеп арасында Құсайын Малшы­бай­ұлы мектебі (Моңғолия) Шығыс өңірі­мен рухани сабақтастықта өрбіген Моңғо­лия өлкесінің  күйшілік дәстүрі жеке аймақ ретінде тұңғыш рет күйшілік дәстүрлер жүйесінде ұсынылып отыр. Хұсайын, Дәуітбай, Өсерхан, Бәдел Дәлелхан, Қал­кейден бастап, олардың ізін жал­ғастырған бірнеше өнер иелері бар. Олар­дың арасынан Айған Бәделұлының «Құр ойнақ», Бәделдің «Қызыл аттың жүрісі», Қалкейдің «Сары ала қаз» күй­лері Антология арқылы халқымен қайта табысты. 

ХХ ғасыр мұрасына келсек, биыл туғанына 175 жыл толып отырған Жам­был Жабаев күйлерін ғылыми тұрғыдан тұңғыш А.Қазтуғанова зерттеген еді. Осы жоба аясында Жамбылдың бұрын еш жерде айтылмаған «Өттің дүние» күйі табылыпды. Сол сияқты Сатқынбай Әлмесұлының «Қарлығаш» күйі алғаш рет Рүстем Күлшебаевтың орындауын­да кірді. «Тілендінің күйі» Нұрғиса Ті­лен­диевтің өзінің қосдомбырамен орындауында сақталыпты. Н.Тілендиев бұл күйді әр кезеңде әртүрлі етіп орын­­­даған ғой. Тұраш Әбуовтың «Ар­нау» күйі де таспаға түсіпті. Кенен Әзір­баевтың «Құлақ күйі» баласы Бақыт­жанның орындауында табылса,  Әбді­момын Желдібаевтың «Боз жігіт», А.Мыр­забековтің «Күй-терме» күйі шық­ты.

Музыкатанушы ғалымдар мәде­ние­тімізге қайта қауышқан бір күйдің де салмағын бағамдап, сол туындының құн­­дылығын аймақтық, дәстүрлік, мек­тептік орындаушылық-стильдік ерекше­лігінің орнына ғылыми тұрғыдан талдау жүргізеді. Авторлық қолтаңбасын айқындап жатады. Сондай оқиғалардың бірі, соңғы жылдары Сүгірдің «Кауфман» күйі табылып, ол жаңалыққа  консерватория конференциясында арнайы көңіл бөлінгені мамандардың есінде. Ал мына Антологияда Қаратау мектебінің күйшілері туралы да жаңалық жоқ емес. Сүгірдің көзін көрген ірі тұлғалардың орындауындағы аудиожазбалар табылды, олар – Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов. Таспада «Қосбасарды» Г.Асқаров орындапты және оның орындауындағы «Кауфман» күйі жаңа дүние. Бұл мүлдем басқа «Кауф­ман», ол бөлек әңгіме... 

Институт архивінен батыс аймағы бойынша халықтық «Боз шолақ атты боқ дүние», «Аққу», «Құламерген», «Ескі бұлбұл» секілді тың күйлер шықты. Маң­ғыстаулық Арал Тоғаниязұлының «Лек-лек», Шамғұл Ыбырайымұлының орындауында «Есбайдың тартыс күйі» алты күйімен тұтас берілді. Осы өңірден Қоңыр Жүсіпұлы деген күйші табылды. Тіней Боқбала, Тас Көпеш «Шоқан төре», «Манатау» күйлері нотасымен, аудиожазбасымен берілді. Көбісі Әл­қуат Қожабергеновтің орындауында табылғаны қуантады. Әлқуаттың «Жаңа күш» күйі тұңғыш рет баспа жүзін көріп отыр.

Мақаламыздың соңында күйлерді орындаушылар туралы да қысқаша айтып өтелік. Жоба аясында табылған, нотаға түсірілген материал өте көп бол­ғандықтан, жоспарлаған ауқымға сый­май, осы 2 томның қосымшасы іспеттес шағын кітап ретінде басылыпты. «Көне күйлерді жүйелеу және ірік­теу жұмыстарының өзекті мәселелері» ат­ты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылып, сонда ортаға салған құнды ой-пікірлермен бірге Антологияға кірген ХХ ғасырдың 170-тен астам күй­шісінің өмірбаяны фотосуреттерімен үш тілде жарияланды. 

Олардың арасында Арқа жерінен Болман Қожабайұлы, ал шығыстан Бура­тай Мусин, қытайлық қандасымыз Дәр­мен Дәулетханұлы, Сейтектің жиені астар­хандық Мәжит Досмұхамбетов, сара­товтық Нұрбай Қыдырғалиев, маң­ғыстаулық Оралбай Борашев, Тұр­­жан Жолдасбаев, оралдық Сапар Жұма­ғалиев пен Мұқас Құсайынов, Әси­ма Ізмұқамбетова, атыраулық Сапар Оразов пен Бәтіш Дәненова және бас­қалар.

Қазақ музыка мәдениеті мен ғылы­мына үлкен жаңалығымен келген Анто­логияның жаңалықтары талай теле­жо­баларға, ғылыми еңбектерге арқау болары сөзсіз.

 

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,

өнертану кандидаты