28 Сәуір, 2010

АРМАНДА КЕТКЕН АҒАМ-АЙ...

875 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жуырда “Егеменнің” ре­дак­циясына Астана қаласының тұр­ғы­ны, қарт ана Машура Мақат­қызы келді. Ол кісінің өзі 1939 жылы туған екен. Әкесінің есімі – Нарұлы Мақат. “Нар” деп ата­сын зор тұлғасына қарап, халық атап кеткен, сол күйі құжатқа да солай жазылыпты, ал шын есімі Құсайын еді, дейді апай. Машура әженің туған елі Ақмола маңы болса да олар кейін Қызылжар өңіріне көшіп барған. Мақатов Жұмахмет деген ағасы сол жерге қызметке жіберілген соң, әкесі отбасын алып сонда көшіп барыпты. Содан соғыс басталып, Жұ­мах­метті майданға алады. Әскерге шақырылған жері Солтүстік Қазақстан облысындағы Бейнет­қор ауданы екенін Машура апай артынан естіп біледі. Өз ортасында озық, өлең шы­ғаратын және жақсы қызмет істеп жүрген жарқылдаған жас  Жұмах­мет сол кеткеннен хабар­сыз кетеді. Бұл көптің басына түскен трагедия болғанымен әр адамның өзінің орны бар ғой, Машура апай сол ағасын әлі күнге іздейді. Ағасы әскерге кеткенде бұлар отбасында үш қыз қалған екен. Соның үлкені ғана Жұмахмет ағасын жақсы біледі. Ортаншы қыз аса біле қоймайды, ал Ма­шу­ра апайдың өзі ол кезде 2-3 жас­тағы бала, тіпті ағасының бейне­сін де есіне түсіре алмайды. Тек көп жолдастарының арасында тұрған сарғайған суретіне қарап қана оның жарқын жүзін есіне алады. Жұмахмет әскерге аттанарда өзінің сүйген қызы Майраны ата-анасына та­ныстырады. Сонымен бірге қызға өзінің жолдасы Шаймұратты да та­ныстырып, мен аман келмесем, осы­ның етегінен ұста деген сөзін айтып кетеді. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан бір ерекше салты болатын. “Өзім болмасам да көзімдей көр”, деген сөзді де қазақ осындайда айтса керек... Сонымен Жұмахмет әскерден орал­майды, ал Майра оған берген серт­ті берік ұстанып, майданнан жа­раланып келген Шаймұратқа тұр­мыс­қа шығады. Одан үш-төрт баласы да барын Машура апай біліп отыр. Мақат ақсақал ба­ла­сы әскерге кеткен соң біраз уақыттан кейін өзі­нің туған жері Ақмола об­лысына көшіп келеді. Қы­зыл­жарда болғанда Майра оның үйіне келіп, көмек жасап жү­ре­ді екен. Бірақ Ақмолаға көшкен соң одан хабар болмай кетеді.  Ақсақалдың өзі қартайып, Байтуған деген ауылда қайтыс болады. Ол қазіргі Киевка деген селоның жанында орна­ласқан қазақ ауылы еді. Мәкең өле-өлгенше бала­сын аузынан тастамай, оны аңсап, жүрегі езіле сағынып өткен екен. Бертін, жасы ұлғайған шағында Ақмолада отырған Машура қызының үйінде болып, одан Қызылжарға апарып келуді өтінеді. Апырау, онда кімге барасың, ешқандай туысың да жоқ қой дегенде: “Майраны бір көріп қайтайын”, – депті. Баласының өзі болмаса да көзін көргендей болатыны – ақсақалдың аңсаған жүрегіне бір дәру болмақтай көрінген ғой... Үй-іші қатты толқып, не істерін білмейді. Өйткені, Майраны табу да оңай емес, одан хабар болмай кеткен. Оның қайда тұратынын, адресінен де хабарсыз еді. Сонсоң ақсақалды алдарқатып, басқа жерге көшіп кеткенін айтады. Әкесі өмірден өткелі оның сағынышы Машура апайдың бойында тұтанады. Екі апасы да қайтыс болып, туыстан жалғыз қалғаны да оның сағынышын үдете түседі. Ол соңғы кезге дейін ағасынан бір дерек болмас па екен деп талай әскери комис­сариатқа, Подольскідегі архивке де хат жазған. Бірақ барлық жерден еш жауап болмайды. Біз де Машура апайдың жоғын іздесіп,  соғыста опат болған сол­түс­тікқазақстандықтардың “Боздақтар” кітабынан Мақатов (мүмкін Наров немесе Құсайынов) туралы еш дерек таба алмадық. Ал әбден тозып, сар­ғайған мына суретті апай редакцияға әкелді. Онда Махтуов, Ма­ха­тов, Балтабаева, Набаков, Дауыл­баева сияқты жастар отыр. Бәрінің фамилиясын сыртта көрсе­тіл­ген жазудан зорға айырдық, арасында қатесі де болуы мүмкін. Бәлки осы­лар­дың бірі немесе олардың ұрпақ­тары бар шығар. Мүмкін олар Жұмах­меттен бір хабар білетін шығар деген оймен газетке беріп отырмыз. Сондай-ақ Майраның өзі немесе балалары болса редакцияға хабарла­сып, өздерінің білгендерін айтар деген үміттеміз. Жақсыбай САМРАТ, АСТАНА.