Руханият • 16 Маусым, 2021

Эйнштейнмен ерегісу

625 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Эйнштейннің фотосын тоңазытқышқа жабыстырып қойыпты. Әжем ғой баяғы, ырымшыл. Көрші үйдің баласы Берлинге барып келгелі апам осы бір «оқымысты шалды» айналсоқтап шықпайды. Немеренің тұңғышы болған соң ба, әйтеуір бола­шағыма немкетті қарамайтын әдеті. Онысын жатқа білемін. Әйтсе де тілін иегіне дейін созған «шалды» маған несіне үлгі етеді екен. Түсінсем бұйырмасын. Енді қараптан қарап отырмай, Эйнштейннен әжемді қызғанатын болдым. Әрі-бері өткенде құлағымды екі жаққа қарай соза тартып, мен де тілімді шығарамын. Әй, содан ғалым болғанымды қайдам, қалқан құлақ бола жаздағаным есімде.

Эйнштейнмен ерегісу

Сөйтсем, данышпан Эйн­штейн тілін маған емес, күллі адам­­­­затқа қарап шығарыпты ғой. «Мықты болсаң, мендей болып ал» дегені. Рас қой. Ұқсап бағуға тырыстық, шопанның атын бәй­геге қосқанымен ұзаққа шаппай­ды екен. Ұқтық та, қаламға серт еттік. Енді, ол өз алдына бө­ге­найы бөлек әңгіме. Мәселе Эйн­штейннің әре­кетінде болып отыр.

Суретке түсуді ұнатпайтын ға­­­­­лымды қоярда қоймай нысана­ға алған фотографқа ерегісіп істе­ген ісі әлемді әбігерге салып қой­ған жоқ па? Бірі – мұнысын таза ақы­­­мақтық десе, бірі – сол фотодан астар іздеп әлек. Бірақ не­міс перзен­тінің бір білгені бар-ау. Әйт­­­­песе бұлай жасамасы анық қой.

Жә, жүргенге жөргем ілі­ге­­­­ді дегендей, бертін келе бұл туын­­­дының тарихына да жо­лы­қ­­­­­­-
тық. Сөйтсек жорамалы­мыз бе­­кер емес екен. 1951 жылы 72 жас­тағы Альберт Эйн­штейн өзі­нің туған күнін Прин­стон уни­верситетінде атап өтеді. Аты әлем­ге мәшһүр ұлы ға­лымның мен­шікті мерекесімен құт­тықтауға сол заманның зиялы қауымы тү­гел­дей жиналады. Думанды кеш ұзаққа созылса керек, қартайған физик қаумалаған халықтан қаш­пақ болып, жиын аяқталмай жатып үйіне қайтуды ұйғарады. Кө­лігінің артқы орындығына отыр­­ғалы жатқанда, кенеттен есік­ті фото-журналист Артур Сас­се жұл­қа ашады. Жансебіл фотограф қолындағы фотоаппаратымен соңғы рет кеш иесін объек­тив­ке тартуға оқталады. Кеш бойы жыпылықтаған сәулелерден ығыры шыққан Эйнштейн осы жолы ерекше қалыпта түсуді ойласа керек. Лезде камераға қарап, таңдайын соза тілін шығарады. Десе де атақты физик артынан ра­йынан қайтып, әрекетінің әбес­тік екенін ұғады. Оның үстіне ка­ме­раның осы сәтті тартуға жыл­дам­дығы жетпейтініне сенімді еді. Бірақ сол заманда Contax III аппаратының қас-қағым сәтті қағып алуға қауқары жететін. Бәрі кеш еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, Ар­турдың атақты туындысы осылай өмірге келеді.

Енді өзіме келейінші. Суреттің қызығын сосын айтамын. Ақыры тоңазытқышқа жабысқан магнит­тің әуеніне төңкеріле жүріп физика пәні мұғалімінің ең үздік шәкірті болып шыға келдім. Оған дейін мектепішілік тәп-тәуір ақын болатынмын. Тіпті аудандық, об­­лыстық білім аламанында атой салып, ауылдың абыройын көтеріп жүрдім. Кейін әжем асыра сілтеп «Эйнштейнім менің» деп еркелететінді шығарды. Сөйтіп жүргенде республикалық білім олимпиадасына жолдама алып, ауданның намысын Алматыға барып қорғайтын болдым.

Не керек, ауылда әжем мен Эйн­­штейн қол бұлғап қала берді, ал біз алып шаһарға аттандық. Бұл дода оңай емес екен, екінші орын бұйырды. Жаман нәтиже емес, әрине, бірақ үнемі жеңіске же­тіп үйренген әдетім сағым­ды сын­дырды. Біраз уақыт өзіме келе ал­мадым. Ақыры көңілім құла­зып жүргенде әдебиет пәні­нің мұғалімі иемденіп кетті ғой. Эйн­штейнге қолымды бір сіл­теп, өлеңге біржолата ойыстым. Содан бері ұлы физиктің суре­тін көргенде, сәл-пәл ғалым бола жаз­дағаным есіме түседі, басқа бізді байланыстыратын түк жоқ. Оныншы сыныпқа дейін озат оқушы болғанымды айтпай-ақ қояйын. Мақтанғандай болам ғой. Енді жаңағы сурет жайын жалғастырайын.

Кәсіпқой фотограф сәтті тү­сірілімге кішкентай балаша қуа­нады. Бұл туындының баспа бе­тінде «бомба» болатынына бек сенімді еді. Алайда бас редактор тілін безеген ғалымның суретін шығаруға тыйым салады. Тап мұндай материал журналға абырой әкелмей-ақ қойсын дегендей теріс қарайды тағы. Неге дейсіз ғой? Себебі Нобель сыйлығы лау­реатының әнтек ісі ертең үлкен жан­жалдың ұйытқысы болатынына сенімді болса керек.

Автор қайтсін, меселі қайтқан соң, аталған суретті Эйнштейннің өзіне жібереді. Неміс ғалымы осы сәтте өзінің бала кейпін қайта көр­гендей болып, ішек-сілесі қата күледі. Риза болғаны соншалық, фотографтың туындысын жо­ғары бағалайды. Ол ол ма, бас редакторға өзі хабарласып, суретін журналдың мұқабасынан беруін сұрайды.

Редактор не істесін, ұлы ғалымның өзі қоңырау шалып, өтініш білдірген соң, жалма-жан айтқанын орындайды. Міне, содан бастап ұлы физиктің фотосы әлемді шарлап кетеді. Ең қызығы ол емес, бұдан кейін әпербақан ғалым өзінің тілін шығарып түскен белгілі суретін достарына ашық хат ретінде жолдайтын болған екен. Мұны әріптестері құрметпен қабылдаған көрінеді.

Ал мен ше, Эйнштейнмен ере­гісемін деп сәл болмағанда ғы­лым жолын қуып кете жазда­дым. Маған сол керек пе еді? Әй, біреу естісе мазақ қылатыны анық. Кейде ойлаймын, қазір дү­ние­ні технократтар билеп тұр­ған шақта, менің әдебиетке әуес бол­ғаным сол шақта мақтау қаға­зына мұқтаж әдебиет пәнінің мұға­лімінен басқа ешкімге қажет бол­маған-ау. Өзіме өкпелеймін, сосын ұста­зыма. Эйнштейн болмасам да, ең құрымағанда ЕҰУ-да лекция оқып отыратын едім ғой. Эхх...