Әлем • 17 Маусым, 2021

Әйелдердің құқықтары лайықты қорғалуға тиіс

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәжікстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер әйелдерінің ІІІ форумы өтті. Форумға Қазақстаннан Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, сондай-ақ Ұлттық комиссияның басқа да мүшелері мен сарапшылары онлайн форматта қатысты.

Әйелдердің құқықтары лайықты қорғалуға тиіс

Форумның пікірталас алаң­дарында ШЫҰ елдерінде әйел­дердің құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін нығайту, кемсітушілікті, оның ішінде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелеріндегі өзара іс-қи­мыл мен ынтымақтастықты жақ­сарту, сондай-ақ әйелдердің кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

«Пандемиямен байланысты жаһандық қиындықты еңсеру үшін барлық ел үшін қазіргі қиын уақытта әйелдердің күш-жігері ерекше маңызға ие болды. Әйелдер оң өзгерістер мен прогрестің, дағдарыс салдарын еңсерудің қозғаушы күші бола алатынын түсіну маңызды», деді Л.Рамазанова.

Ұлттық комиссия басшысы тең­дік қағидаттарын жаппай ілге­­рілетуге ұлттық институт­тар­­дың әлеуетін және әйелдер­дің құ­қықтарын қорғау тетік­терін ны­ғайту, әйелдердің шешім­дер қабылдау деңгейінде демо­кра­тиялық қатысуын дамыту, сон­­дай-ақ барлық салада әйел­дер­дің құқықтары мен мүмкін­дік­терін кеңейту ықпал ететінін атап өтті.

Форум алаңында бейбітшілік және өңірлік қауіпсіздік мәсе­лелері қозғалды. «Қазақстан ядро­лық қарудан өз еркімен бас тарт­қан бейбітсүйгіш мемлекет ретінде өңірлік және халықаралық деңгей­лерде елдер арасында жан­жалды жағдайларға жол бермеу­ді қолдайды. Біз әйелдер превен­тивті дипломатияның алдың­ғы қатарында болуға, өңірдегі өзара сенімді, тату көршілікті, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бойынша ортақ күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз», деп атап өтті Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова форумға қаты­сушыларды Мемлекет басшы­сының 2021 жылғы 9 маусымда қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы жөнінде ха­бар­дар етті. Онда Үкіметке адам құқықтары саласындағы, оның ішінде әйелдерге қатысты кемсітушілікті жоюға бағытталған бірінші кезектегі іс-шаралар жос­парын қабылдау тапсырмасы қамтылған.

Қазақстандық тарап қара­латын мәселелер бойынша ынты­мақтастықты нығайтуға және халықаралық бастамаларды іске асыруға сындарлы үлес қосуға дайын екенін білдірді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әйелдердің саяси көшбасшылығы мәселелері, әйелдерді қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар және әйелдер құқығына қатысты басқа да мәселелер бо­йынша ақпарат және озық тәжірибе алмасудың Бірыңғай банкін құру ұсынылды.