![Шаруаға шынайы көмек](/media/2021/06/17/crop-34_8_615x1146_ch.jpg)
Зайыбы Аманқыз да отағасын қолдап, ойсылқараның көбейгенін қалайды. Соңғы жылдары жұмысты үйлестіру жауапкершілігін өзіне алған. Жантақ, шеңгел, қарасора, алабота барда түйе аш қалмас. Дегенмен шағын шаруа қожалығы мал азығын дайындау мақсатында жайылымдық, суармалы жер аумағын ұлғайтады. Бүгінде шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал санын көбейтіп отыр. Шаруа көбейіп бара жатса, механизатор, бақташы, сауыншыны науқандық жұмысқа қабылдайды. Мал азығын дайындауға қажет «МТЗ-80» тракторын несиеге алған.
Иә, бұл өлкеде таңмен таласа тұрып, уақытпен санаспай еңбек етуден ешқашан ерінбейтін жандар көп. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері ойсылқара түлігін бағып-күтіп, осы істің үдесінен шығу жолында аянбай жұмыс істеген Совет Ержанов отбасымен еңбекқор. Жеті ұл мен үш қызды жарық дүниеге әкелген көпбалалы «Батыр ана» Аманқыз Тасболатқызы төрағалық ететін «Ғани» шаруа қожалығы бүгінде көпке үлгі. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында агроном қызметін адал да жемісті атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан отағасы Совет Аманқыз ананың әрбір игі ісіне қолдау көрсетіп жүр.
Өмірден көкейіне түйген пайдалы ақыл-кеңестерімен істің ілгері жылжуына қосқан үлесі зор. Осындай өнегелі ата-анадан әдепті тәлім-тәрбие алған перзенттері де шеттерінен еңбексүйгіш, іске бейім болып өсті. Адал еңбекпен отбасын асырап, нәсібін тауып жүрген азаматтар қоғамға қай кезде де үлгі.
Тұңғыш немерелері Әбдіқасымұлы Ғанидың атынан ашылған қожалықта қазір 101 түйе бар. 65 түйесі бар қожалық Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 10 жылға 30 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Ол қаржыға 850 мың теңгеден 36 түйе сатып алыпты.
«Бүгінде еңбек етуге ниетті жандарға барлық жағдай жасалған. Қордан алған қаржы бізге үлкен көмек болды. Мал басын өсіруге алған несиеміз 16 пайызбен берілді, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонда біз несиені 6 пайызбен ғана төлейміз. Бұл – мемлекеттің шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы», дейді Аманқыз Тасболатқызы.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жеңілдетілген несие беру арқылы қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ашуға және жеке бизнесті кеңейтуге мол мүмкіндік жасап келеді.
Бүгінде Аманқыз Тасболатқызының ұлы Әбдірайым мен келіні Айбала барлық жұмысты атқарып отыр. Шаруа қожалығы қазір 37 түйе сауады. Әбдірайымның 15 жастағы тұңғышы Әліби де ата-анасына қолғанат болып жүр. Еңбексүйгіштік секілді ізгі қасиеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы дегеніміз осы болса керек. Иелігінде 275 гектар жайылымдық, 28 гектар суармалы жері бар қожалықта түйелер күніне 3 мезгіл сауылып, 200 литрдей сүт алынады екен. Әр литрі 500 теңгеге бағаланатын балдай қымыранға сұраныс жоғары. Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп, мал басын көбейтіп отырған отбасы ертеңіне сенімді әрі шаруашылығын тағы кеңейте түсуді жоспарлап жүр.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жобасын қаржыландырып келеді. Ауыл тұрғындарына, оның ішінде шалғай елді мекендегі еңбекқор жұртқа үлкен қолдау болып отырған «Еңбек» бағдарламасының мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтиже беріп келеді.
Мысалы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалының директоры Мұхит Жуасбай өткен жылы Отырар ауданы бойынша жалпы сомасы 363,8 млн теңге болатын 78 жоба қаржыландырылып, қосымша 111 жұмыс орны құрылғанын айтады.
«Биыл жыл басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Түркістан облысы бойынша 2,2 млрд теңгенің 282 жобасын қаржыландырды. Нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы облысымызда биыл 9,5 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отырмыз», – дейді филиал директоры Мұхит Жуасбай.
Түркістан облысы