Т.Маткеновтің айтуынша, «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудегі негізгі мақсат – елдің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобының есірткілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адамдарды анықтау, героин трафигі арналарының жолын кесу, сондай-ақ синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін, заңсыз есірткі зертханаларын жою.
Бұл операцияның ашылу орны ретінде Шу қаласының белгіленуі кездейсоқ емес. Тәжірибе көрсеткендей, өткен жылы Шудан шыққан каннабис тобының есірткілері елдің барлық аймақтарынан дерлік алынған.
Жамбыл және Қызылорда облыстарының полиция департаменттерінде каннабисті тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып, патрульдеу бағыттары әзірленді. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін, күштер мен құралдарды тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақтарда әуе барлауы жүзеге асырылады. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдің оңтүстік аймақтарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тетрагидроканнабинолдың көп мөлшері бар марихуана жасалған «Үнді қарасорасын» өсіруді жолға қою әрекеттері тұрақты түрде анықталып, оның жолы кесілуде.
Кеңесте полиция департаменттерінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшелерінің осы жылдың 5 айындағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы шығарылды әрі алдағы кезеңге бірқатар тапсырма берілді.
Бұдан кейін, нұсқаулық кеңеске қатысушылар Жамбыл облысының Шу ауданында орналасқан «Дельта-Долина» арнайы бөлімшесінің материалдық-техникалық жабдықтарымен танысты. Осы бағытта тәжірибе алмасты.
Естеріңізге сала кетейік, «Қарасора» кең ауқымды операциясы жыл сайын маусым мен қазан аралығында қарасора өсетін кезде өткізіледі. 2020 жылы операция нәтижесінде 830 қылмыс анықталған. Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында жалпы көлемі 260 гектардан астам 62 плантация, салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түп қарасора алынып, жойылған. Негізгі бөлігі Қызылорда облысына тиесілі 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленген. Қарағанды және Қызылорда облыстарының шекарасында тікұшақпен ұшу кезінде Қызылорда өңірінің тұрғындары ұсталған, олар өз көліктеріне жасырынып, атыс қаруын қолдана отырып қарсылық көрсеткен.