Спорт • 17 Маусым, 2021

Роналдудың рекорды мен немістердің автоголы

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Еуропа біріншілігінде F тобында өнер көрсететін командалардың ойындарын тамашаладық. Будапеште Мажарстан мен Португалия құрамалары күш сынасса, Мюнхенде Германия мен Францияның футболшылары шеберлік байқасты. Бұл кездесулердің екеуі де көпшілік көңілінен шықты деген ойдамыз, деп жазады Egemen.kz.

Роналдудың рекорды мен немістердің автоголы

Қазіргі кезде пандемияға байланысты әлемнің көптеген стадиондарында көрермендер санынына шектеу қойылғаны белгілі. Алайда бұл әңгіменің Мажарстанға еш қатысы жоқ. Өз отандастарының ойынын тамашалау үшін сол кеште Будапештегі «Пушкаш Аренаға» 55 662 көрермен жиналды. Бұған дейін олар өзара 13 мәрте кездесіп, тоғыз кездесуде Пирней түбегінің түлектері басым болған екен. Тағы төрт бәсекеде тең есеп тіркелді. Яғни, мажарстандықтар Португалия құрамасын бірде-бір рет жеңе алмапты. Бұл жайттың барлығы жанкүйерлердің жадында. Сол себепті де стадион толы көрермен матчтың басынан аяғына дейін айғайға басып, жергілікті футболшыларға барынша қолдау көрсетті. Солардың демеуінің арқасында алаң иелері 83 минут бойы Еуропа чемпиондарының қарқынына тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де ара-тұра қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Тіптен, олар алғашқы болып есеп те ашты. Алайда 80-минутта Сабольч Шённің соққан голы есепке алынбады. Оффсайд!

Тек содан кейін барып қана португалиялықтар ес жиді. Бірден екі ойыншысын алмастырған қонақтар 84-минутта қарсыластарының қақпа кілтін тапты. Рафаэл Геррейрудің соққан добы қорғаушылардың біріне тиіп, өз бағытын өзгертті – 0:1. Содан кейін-ақ жергілікті футболшылардың салы суға кетті. 86-минутта олар өз айып алаңында ереже бұзды. Криштиану Роналду 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 0:2. Бәсекенің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Роналду тағы бір мәрте нысананы дәл көздеді – 0:3.

Осылайша, Португалия құрамасы биылғы «Еуро» додасындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Ал Криштиану Роналду болса, үш бірдей рекордты жаңартты. Біріншісі, ол қарт құрлықтың басты доп додасында бесінші мәрте бой көрсетті. Екіншісі, әлем және Еуропа чемпионаттарын қос алғанда, Криш 39 рет жасыл алаңға шықты. Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіш Бастиан Швайнштайгерге тиесілі еді. Германия құрамасының жартылай қорғаушысы 38 ойынға қатысты. Үшіншісі, Португалияның жұлдызы «Евро» додаларында 11 рет нысаны дәл көздеп, Францияның сұрмергені Мишель Платиниді басып озды.

Мюнхендегі «Алльянц Аренада» соңғы екі әлем чемпионатында бас жүлдені олжалаған қос команда – Германия мен Франция күш сынасты. Алғашқысының 2014 жылы Бразилияда бағы жанса, екіншісі 2018 жылы Ресейде қарсылас шақ келтірмеген еді. Бұл командалардың екеуі де 4-3-3 схемасын ұстанды.

Кездесудің алғашқы 10 минуты алма-кезек шабуылмен өткенімен, одан кейін француздар ойын тізгінін бірте-бірте өз қолдарына алды. Нәтиже көп күттірген жоқ. 20-минутта Дидье Дешам шәкірттерінің ұйымдастырған жақсы бір комбинациясынан кейін доп қақпа торынан табылды. Қарсы жақтан төнген қауіптің бетін қайтармақ болған Матс Хуммельс автогол авторы атанды.

Екінші таймда да екі команданың да гол соғуларына тамаша мүмкіндіктері болды. Осы орайда, алаң иелеріне қарағанда Франция құрамасы әлдеқайда ширақ қимылдап, көбірек қауіп төндіргенін айта кеткен абзал. Әсіресе, Адриан Рабьо. Килиан Мбаппе және Карим Бенземаның есепті еселеуге тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ олардың бағыттаған добы бірде бағанаға тисе, енді бірде «ойыннан тыс қалдың» деп төреші соғылған голды есепке алмады. Сөйтіп, қос мықтының тартысы Франция құрамасының жеңісімен аяқталды – 1:0: