Биыл «Алтын белгі» иегері атанған түлектердің басым бөлігі Түркістан (1 856), Алматы (1 432) және Шығыс Қазақстан (738) облыстарынан. Ерекше үлгідегі аттестат иегерлері салтанатты іс-шара барысында марапатталды.
«9 738 үміткер қорытынды аттестаттау барысында өз білімдерін дәлелдеп, «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл түлектердің жалпы санының 6,2% құрайды. Мектеп оқушыларының саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты, жақсы көрсеткіштерге жеткендердің саны да өсіп жатыр. Сонымен қатар тағы қуантарлық жәйт — «Алтын белгі» иегерлерінің көбі мұғалім мамандығын таңдап жатыр. Болашақта дәл осындай оқушыларымыз мұғалімдердің қатарын толықтырса, нұр үстіне нұр», деп атап өтті ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.
Биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің емтихан жұмыстарын мектептер емес, білім басқармалары жанындағы комиссиялар қарағанын айта кеткен жөн. Комиссия құрамына білікті әрі тәжірибелі пән мұғалімдері кіреді. Құрылған комиссияның шешімінен кейін ғана оқу озаттарының тізімі бекітілді. Бұл «Алтын белгі» тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды.
Жалпы биыл қазақстандық оқушылар әлемдік зияткерлік байқауларға қатысып 67 алтын, 125 күміс және 195 қола медаль жеңіп алды. Сонымен бірге халықаралық аренада өз білімдерін көрсетті. Қазақстан әлемнің 110 елінің арасында бейресми командалық есепте үздік отыздыққа кірді. 1998 жылы Қазақстан 50-ші орында болған еді.