Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Кәсіптің көзін тапқандар көбейіп келеді

514 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бизнес ашқысы келетіндерге көмек көрсетіп, кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасына биыл бес жыл толып отыр. Жобаның басты мақсат-міндеті қаншалықты орындалды, бүгінге дейін неше адамды кәсіпкер етіп шығарды? Бұл жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов газетімізге берген сұхбатында айтып берді.

Кәсіптің көзін тапқандар көбейіп келеді

– «Бастау Бизнес» жобасы елімізде 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қолға алынған жоба өзін толығымен ақтады деуге болады.

«Бастаудың» басты ерекшелігі – кез келген жұмыссыз немесе өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз ісін ашуға қаржылай қолдау көріп, жеңілдетілген несие ала алады. «Бастау Бизнес» іске асырылғалы мұндай жобаның ел азаматтарына қажет екеніне көзіміз жете түсті. Жоба ашылғалы мыңдаған адам бизнес көзін ашып, мықты кәсіпкерге айналды. 2017-2020 жылдар аралығында бизнес негізін үйрену курсына 151 528 адам қатысты, төрт жылда 44 362 жоба (29%) кәсіп көзіне айналды. Іске асырылған жобалардың 80% – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашылған жобалардың көпшілігі, шамамен 80%-ы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі.

– Жоба бойынша оқыту жұмыстары ең алғаш қай өңірден басталды? Барлық аймақ бірдей қолдады ма, оған ынта білдірушілер көбейді ме?

– «Бастау Бизнес» қанатқақты жоба ретінде алғаш рет 2016 жылы Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, одан кейін Ақтөбе облысының Темір ауданында, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында басталды. Ал 2017 жылы республика бойынша қолға алынды.

Жыл сайын біз 30 мыңнан аса қатысушыны оқытамыз. Жоба әлеуметтік салаға бағытталған. Қазір жұмыссыз жүрген азаматтарды (жұмыссыздар), өзін өзі жұмыспен қамтығандарды, жеке кәсіпкер ретінде мүлде тіркелмеген немесе тіркеусіз жұмыс істеп жатқан тұлғаларды, жастарды (NEET санаттары) қолдайды және оқытады. Бұл жобаға 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген жастар, жас отбасылар мен аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер және жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары қатыса алады.

Бағдарламаның басты бағдары – азаматтарды кәсіп көзін ашуға баулу, өзін өзі жұмыспен қамтуына қолайлы жағдай жасау, елдегі кәсіпкерлер санын арттыру. Өйткені бір адам кәсіп ашса, бірнеше адам жұмыспен қамтылады. Бизнесмендер көбейсе, елдің де әл-ауқаты артады. Бұл экономикалық әлеуетіміздің көтерілуіне де ықпал етеді.

– Жобаны жүзеге асыру кезінде қандай да бір кедергілер болды ма?

– Жобаны жүзеге асыру барысында қиындықтар бола қойған жоқ. Өйткені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұған үлкен дайындықпен келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ең мықты деген кәсіпкер-оқытушыларды іріктеп алды, бір топ әдіскер кәсіпкерлік негіздеріне баулитын оқу бағдарламасын әзірледі, жоба туралы ақпараттандыру жұмыстары да кеңінен жүргізілді. Оқу ұзақтығына байланысты ғана сұрақтар туындады. Өйткені 21 күн қатарынан оқу, әсіресе, ауыл тұрғындарына таңсықтау көрінді. Дегенмен де қатысушылар жобаға қызығушылық танытты. Бизнес жоспарын да белсенділікпен әзірлегенін көрдік.

Әрине, кәсіпкерлік саласына енді ден қоя бастағандар үшін бизнес-идеяны таңдау оңай болған жоқ. Кәсіп түрін таңдауға келгенде ұзақ ойланғандар болды. Қоғамдық пікірге немесе жоба тренерлерінің ақыл-кеңесіне дүдәмалмен қарағандар да кездесті. Ақыры, қай өңірде қандай бизнес түрі жоғары сұранысқа ие екенін анықтау үшін маркетинг зерттеу жүргізуге тура келді. Осылайша қатысушылар өз таңдауын жасады.

Биыл жобаға қатысуға ықылас білдіргендердің қатары көбейді. Өйткені қазір жұртшылықтың кәсіп көзін ашуға деген сұранысы артқаны байқалады. Жеке бизнес көп табыс табудың кілті екенін ел түсіне бастады. Сондай-ақ «Бастау Бизнеспен» оқығандарға арнайы сертификат беріледі. Осы сертификат арқылы «Еңбек» бағдарламасымен 200 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер бола алады. Бұл да қатысушылар санының өсуіне ықпал еткені анық. Әрі «Бастау Бизнес» – кәсіпкерлікті дамытуды қолдайтын мемлекеттік жалғыз оқыту жобасы.

– Жоба аясында биыл қандай жұмыстар жүргізілуде? Дәл қазір қанша адам оқып жатыр?

– 2021 жылы 30 мың қатысушыны оқыту жоспарланған. Елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты оқыту онлайн форматта «Atameken.academy» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде өтеді. Биылғы жаңалық та осы – азаматтар міндетті түрде порталда ЭЦҚ арқылы тіркелуі керек.

Курс бағдарламасын арнайы әдіснамалық топ әзірлегенін жоғарыда айттым. Оның жобасын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының комиссиясы бекітті. Курста мемлекеттік қолдау шаралары, маркетинг, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті жүргізудің құқықтық негіздері, агроқұзыреттілік, бизнес-жоспарлау негіздері және бизнесті электронды сүйемелдеу – барлығы 12 модуль оқытылады.

Биыл жобаны іске асыру үшін 120 бизнес-жаттықтырушы мен 224 кеңесші және бизнес-жоспарларды бағалау үшін 20 сарапшыны тарту жоспарланды.

Оқуға ниет білдіргендер 6 лекке бөлініп оқиды. Қазір екінші лек қатысушылары оқып жатыр. Үшінші лекке өтінімдерді тіркеу 14 маусымнан, төртінші лекке 12 шілдеден, бесінші және алтыншы лектерге оқу 9 тамыз бен 6 қыркүйектен басталады. Оған қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығы берген жолдама мен жеке куәліктің көшірмесі керек. Егер жобаға байланысты қандай да бір сұрақ туындаса, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына немесе «1432» колл-орталығына хабарласуға болады.

– «Бастау Бизнес» жобасына қатысқысы келетіндер көп екенін білдік, яғни сұраныс жоғары екен. Курсты қаншама адам бітіріп жатыр, осы азаматтардың бизнес жобасын қаржыландыру жағы қалай шешіледі? Оларға қолдау көрсетемін деген ұйымдар бар ма?

– Біз бұл мәселені де ойластырып жатырмыз. Қазір Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» палатасының қатысуымен микроқаржы ұйымдары құрыла бастады. Бұл саладағы Ұлттық палатаның міндеті – өңірлік микроқаржылық ұйымдар желісін одан әрі дамыту, автоматтандырылған жүйені енгізу, бизнес-процестерді жетілдіру. Ал микроқаржы ұйымдарының негізгі бағыты – республикалық маңызы бар қалаларда, моноқалаларда, ауылдық елді мекендерде (Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Еңбек» бағдарламасының түлектеріне микронесиелер беру. Осылайша, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен түлектер жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген микронесие алу үшін микроқаржы ұйымдарына жүгіне алады. Республика бойынша мұндай 15 ұйым құрылды, несиелендіру осы жылдың екінші жартыжылдығынан басталады.

– Микронесиені берудің де өзіндік шарттары бар шығар?

– Әлбетте. Микронесие мерзімі негізінен – 5 жылға дейін. Бірақ мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микронесие 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш дейгейінде. Нақтырақ айтқанда, қалаларда, моноқалаларда (Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан басқа) – 6,5 мың АЕК-ке дейін; Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 8 мың АЕК-ке дейін болады.

– Ал енді «Бастау Бизнес» жобасына қатысты алдағы жоспарларға тоқталсаңыз. Жобаның ауқымын кеңейту, бағытын көбейту ойда бар ма?

– «Бастау» жобасы үнемі жетілдіріліп отырады. Осы ретте халықаралық тәжірибені әрдайым ескеріп отырамыз. Жыл сайын жобаға заманауи тәсілдер енгізіліп, әрі қарай дамып отырады. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында бірқатар жоспар белгіленген. Бірақ әзірше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы «Атамекен» палатасының өкілдерімен бірге, осы ұлттық жобаны әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осылайша, жобамыз еліміздің жаңа кәсіпкерлер қатарын арттыра отырып, әрі қарай жалғасады деген үмітіміз бар.

 

Әңгімелескен Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

 «Egemen Qazaqstan»