Спорт • 17 Маусым, 2021

EURO-2020: Бельгия жеңісті жорықты жалғастырады

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Топтық кезеңдегі көпшілік күткен матчтың бірі – Дания мен Бельгия құрамаларының кездесуі болар. Бельгия бірінші ойында Ресейді тас-талқан етсе (3:0), Дания беташар матчта Финляндиядан айласын асыра алмаған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

EURO-2020: Бельгия жеңісті жорықты жалғастырады

Әрі бірінші кездесуде Дания құрамасының көшбасшысы Кристиан Эриксен есінен танып құлап, бүкіл әлем халқын алаңдатып қойған еді. Сол бір ауыр сәт ойыншыларға да әсерін тигізіп, турнир аутсайдерінің бірі саналған Финляндияға есе жіберіп алған. Содан болар бүгінгі матчты Каспер Хьюлманд шәкірттері аса белсенді бастады. Бірінші минуттан бастап Куртуа қақпасына тыныштық берген жоқ. Тайлы-тұяғы қалмай шабуылдады. Құдды бір ойынның соңғы минуттарында жанталасып жатқандай жан алып, жан беріп ойнады. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. Айып алаңындағы қарбалас сәтте Юссуф Поульсен тепкен допқа Тибо Куртуа жете алған жоқ. Дания бұдан кейін де қорғанысқа қарайлай қоймады. Шабуылдауды одан әрі жалғастырды. Жалпы, бірінші таймды Данияның таймы десек те болғандай.

Сондай-ақ қос құрама ойынның 10 минутында матчты бір сәтке тоқтатып, қазір ауруханада жатқан Кристиан Эриксенге құрмет көрсетті.

Ойынның екінші жартысында Бельгия құрамасының көзірлері Кевин Де Брюйне мен Эден Азардың алаңға кіруі ойын картинасын өзгертті. Кезекті шабуылдардың бірінде Лукаку Кевин Де Брюйнеге, «Манчестер Сити» лидері Торган Азарға әдемі пас асырып, Азар дат қақпашысы Шмейхел тосқауыл бола алмастай соққы жасап, гол соғып кетті. Осыдан кейін ақ Бельгия қорғанушы позициядан шабуылдаушы позицияға анық ойысты. 70 минутта Кевин Де Брюйненің өзі алыстан соққы бағыттап, есепті еселеді. Ойын соңына қарай Данияның бастапқы қарқыны да бәсеңдей берді. Каспер Хьюлманд ойын бітуге 20 минут қалған сәттен бастап бірнеше тың ойыншыны алаңға шығарды. Алайда бұл рокировкалар еш нәтиже берген жоқ.

Осылайша В тобында Бельгия 6 ұпаймен сенімді түрде көш бастады. Одан кейін еншісінде 3 ұпайдан бар Ресей мен Финляндия тұр. Дания құрамасының қоржыны бос. Келесі турда Бельгия Финляндиямен аладоп аламанын жасаса, Дания Ресей құрамасынан 3 ұпай алуға тырысады.