Медицина • 18 Маусым, 2021

Алғыс арқалаған жанашыр жандар

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде маусымның үшінші жек­сенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні.

Алғыс арқалаған жанашыр жандар

Әлемді әбігерге салған індет ақхалатты абзал жандардың қадірі қаншалықты биік екенін тағы бір дәлелдей түсті. Ауа жетпей, ауыр халде емхана есігінен енген науқастардың аяғынан қайта тұруына аянбай еңбек еткен маңызды мамандық иелерінің алар орны айрықша.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында медицина саласына мейлінше көңіл бөлінетінін атап өткен еді. «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үй­ретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін баға­лай білетін болдық. Бір кезде медицина қыз­меткерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады», деді Президент.

Өткен жылы жалпы медицина маман­дарының жалақысы 20-30 пайызға көтерілді. Ал биыл дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл игілік одан сайын артып, еңбекақы 2023 жылы 561 мың теңге болмақ. Сондай-ақ орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 2021 жылы 173 мың теңге болса, 2023 жылы 210 мың теңгеге дейін жетеді.

Басы ауырып, балтыры сыздаған дәр­мен­сіз адам дәрігерлердің дәргейіне жүгінетіні анық. Сүрінгенге сүйеніш, құлағанға таяныш болып жүретін мейірімді медицина қызметкерлерінің мерейлі мерекесі ұлт үшін де, ұрпақ үшін де аса маңызды. Ізгілікті істе іркілмейтін жанашыр жандардың еңбегі ерен. Мемлекеттің мерейі тасып, мәдени мәртебеміз һәм экономикалық еңсеміздің биік болуына бірден-бір әсер ететін медицина екені айдан анық. Салмақты саланың тізгінін ұстап, тіршілікке нәр беріп тұратын аяулы да айбынды дәрігерлердің дәрежесі қашанда биік болуға тиіс.