Бағдарламалар • 18 Маусым, 2021

«Мерейлі отбасы» атанғысы келетіндер көп

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің өңірлерінде «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау аяқталды. Берілген өтінімдер саны отбасылық құндылықтарды насихаттау қазақстандықтар арасында өте танымал және сұранысқа ие екенін көрсетті.

«Мерейлі отбасы» атанғысы келетіндер көп

Биыл жаңа ережелер аясында «Мерейлі отбасы» байқауына қатысу үшін өтінімдерді тек отбасылардың өздері ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдары, еңбек ұжымдары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, ҮЕҰ және басқа да заңды тұлғалар бергенін атап өту керек.
Енгізілген өзгерістердің арқасында өңірлік комиссияларға барлығы 2768 өтінім келіп түсті. Соның ішінде отбасыларға – 1692, заңды тұлғаларға 1076 өтінім тиесілі. Өтінімдердің ең көп саны Алматы (454), Шығыс Қазақстан (232) және Қарағанды (223) облыстарында.
«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының лауреаты атағы қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 17 үздік отбасына берілетін болады. Ал бұрын республикалық деңгейде бір ғана отбасы жеңімпаз атанып келген. Биылғы жылдан бастап өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған барлық 17 отбасына конкурс лауреаты атағы беріліп, тең марапаттар тапсырылатын болады.
Бұдан басқа, биылдан бастап конкурсқа қатысуға өтінім беру, конкурс нәтижелері бо­йынша марапаттау, конкурс қорытындыларын анықтау жөніндегі комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері ғана емес, сондай-ақ байқаудың бұрынғы жеңімпаздары да кірді және жеңімпаздарды анықтау мен бағалаудың жаңа балдық жүйесі бойынша шарттық өзгерістер енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық байқау өткізуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың желтоқсанында бекіткен болатын. Содан бері «Мерейлі отбасы» конкурсына 15 мыңнан астам отбасы қатысты.