Білім • 18 Маусым, 2021

«Мен қазақша сөйлеймін»

567 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі Тіл сая­саты комитетінің ұйымдастыруымен өткен қазақ тілін насихаттауға бағыт­талған «Мен қазақша сөйлеймін» респуб­ликалық акциясының І кезеңі бойынша еліміздегі оқыту тілі қазақ тілі емес орта мектептердің 5-8-сынып (тек этнос өкіл­дері) арасында қазақ поэзиясынан үзін­ділер оқу іс-шарасы өз мәресіне жетті.

«Мен қазақша сөйлеймін»

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында: «Біз қазақ тілін жақсы біле­тін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Олар­ды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайын­дап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отыр­ғанымыз дұрыс. Мұн­дай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қол­даныс дәрежесіне көтеруге көмектеседі», деген болатын.

Кейінгі уақыт­та өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйре­нуге деген құлшыныс жылдан-жылға артып келеді. Оған жыл сайын өтіп келе жатқан осы акция дәлел.

Байқауға еліміздің 16 өңірінен құрамы 22 этнос өкілдерінен тұратын 326 адам қатысты. Қазылар алқасының сараптауы нәтижесінде дарындылар марапатталды. Мұқағалидың «Туған жерге» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыған Алматы облысы Қарасай ауданындағы А.С.Пушкин атындағы орта  мектептің 7-сынып оқушысы Луиза Шарипова ең көп лүпіл жинап (2045), ак­ция­ның көш басынан көрінді. Оқушылармен қ­а­тар олардың қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескеріліп, Тіл саясаты комитеті төрағасының Алғыс хаты тапсырылды.