Қазақстан • 18 Маусым, 2021

Жас отбасылар қалай баспаналы бола алады?

2054 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР ИИДМ қазақстандық жас отбасыларға пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдаудың жеңілдікті шарттары мен қолданыстағы және әкімдіктер әзірлейтін тұрғын үй бағдарламалары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас отбасылар қалай баспаналы бола алады?

Қолданыстағы «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ арқылы жылдық 2% жеңілдікпен несие беру көзделген. Нысаналы топ – кезекте тұрғандар, атап айтқанда, көп балалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар жанұялар.

Бүгінге дейін аталған бағдарлама бойынша табысы төмен санаттағы 9443 отбасы баспаналы болды.

Кезекте тұрған тағы 17 мыңында «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер сатып алуға қарыз алу мүмкіндігі бар. Олар тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасын төлеп, 5%-бен 20 жылға дейін несие ала алады.

Бұл мақсатқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 210 млрд теңге бөлінген болатын. Аталған бағдарлама бойынша 9 699 отбасы пәтер сатып алуға несие рәсімдеген.

2020 жылдың шілдесінде банк жас отбасыларға арналған «Жас отбасы» атты өзінің тұрақты бағдарламасын іске қосты. Бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үй, сондай-ақ өз үйін салу үшін жер учаскесін сатып алу үшін қарыздар жылдық 6%-бен беріледі. Ал 2 жыл өтісімен мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейді. Несиелеу мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін.

Бұл бағдарламада ерлі-зайыптылардың жасына және отбасындағы балалардың санына ешқандай шектеулер жоқ. «Жас отбасы» бойынша қарыз алудың негізгі критерийлері: некеде 3 жылдан 5 жылға дейін тіркелу, «Отбасы банкте» депозиттің болуы (ашылуы), тұрғын үй құнының 50%-ын жинақтау. Сондай-ақ, сатып алынатын тұрғын үй сомасының 50%-ын бір мезгілде салған кезде жеңілдікті қарыз алу мүмкіндігі бар.

Жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспарына сәйкес, облыстық әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін жас отбасыларды жеңілдікпен несиелендіру бойынша өңірлік жобалар әзірлеуде.

Ақтөбе облысының әкімдігі Отбасы банкімен ынтымақтастық аясында жергілікті бюджеттен «Ақтөбе Жастары» және «Жас отбасылар мен мамандарды несиелендіру үшін қолжетімді баспана» өңірлік бағдарламаларын жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге бөлуге ниетті.

Алматы облысының әкімдігі жұмыс істейтін жастар үшін «Жетісу жастары» бағдарламасын бастапқы жарнасыз (бірақ қосымша кепіл болған жағдайда) жұмыс жасауда. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 10 млн теңгеге дейін.

Нұр-сұлтан қаласының әкімдігі «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар жергілікті бюджеттен 3 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық 5% жеңілдікпен қаржыландыру есебінен 10 млн теңгеге дейін қарыз ала алады.

Осы жобаларды іске асырудың басталғаны туралы өңірлік әкімдіктердің сайттарында және БАҚ-та, сондай-ақ Отбасы банкінің сайтында хабарланатын болады.

Сонымен қатар жастар саясаты жөніндегі уәкілетті орган жастар мен студенттік ұйымдарды, сараптамалық және азаматтық қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін кешенді шешу үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеуде.