Парламент • 18 Маусым, 2021

Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде омбудсмен институтының проблемалары мен даму келешегі талқыланды

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2021 жылғы 18 маусымда ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстандағы Омбудсмен институты: проблемалары мен перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде омбудсмен институтының проблемалары мен даму келешегі талқыланды

Шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, ұлттық құқық қорғау институттарының, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектордың өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы заң қабылдау арқылы құқық қорғау саласын жетілдіру мәселелері талқыланды.

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров отырысты аша келіп, заң жобасын әзірлеушілер өз жұмысында халықаралық оң тәжірибені және баршаға мойындалған стандарттарды, атап айтқанда Париж және Венеция қағидаттарын басшылыққа алғанын атап өтті. Омбудсменге ауқымды өкілеттіктер мен артықшылықтар берілуі сонымен бірге медиатордың қоғам мен билік арасындағы адам құқықтарына қатысты жағдайды әділ және кәсіби бағалауға қабілетті орынға ие болуын көздейді. «Бұл заңның қабылдануын елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғырту мен либералдық бағыт тұрғысынан қараған жөн. Жақында Мемлекет басшысы шығарған «Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралар туралы» Жарлық осы саланың мемлекет үшін басымдығын көрсетеді», деп атап өтті Сенат Төрағасының орынбасары.

Негізгі баяндама жасаған сенатор Қайрат Қожамжаров қатысушыларды заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды. Атап айтқанда, Омбудсменнің мәртебесін нығайту, оның тәуелсіздігіне кепілдік беру, шағымдарды қарау кезіндегі оның өкілеттіктерін кеңейту, сондай-ақ институттың қаржылық дербестігін қамтамасыз ету атап өтілді. Қ.Қожамжаровтың пікірінше, «жалпы, заң жобасы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құқық қорғау функцияларын күшейтеді».

Жан-жақты пікір алмасу аясында Парламент аралық Одақтың Вице-президенті Акмал Саидов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қазақстандағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ришард Коменда және басқалар сөз сөйледі.

Халықаралық және отандық құқық қорғау қоғамдастығының өкілдері осы саладағы заңнама жаңалықтарын жоғары бағалады.

Бұл заң жобасы бұдан бұрын ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық кеңесі аясында сараптамалық және ғылыми қоғамдастыққа ұсынылған болатын, онда бірқатар ұсыныстар айтылып, кейіннен заң жобасының мәтінінде көрініс тапқты.

Дөңгелек үстелге төрағалық еткен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Қазіргі уақытта заң жобасы бойынша құқықтық, лингвистикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама алынды. Сонымен бірге заң жобасы Үкіметтің қарауына жіберіліп, оны талқылау үшін ҚР Парламенті Сенатының сайтына орналастырылды»деді.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше