«Бүгінгі таңда Қосшы ауылы қарқынды дамып келеді. Тиісінше қосымша инфрақұрылым қажет», деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, ауылға облыстық маңызы бар қала мәртебесін беруді қарастыратын алгоритм әзірленді.
Ауылға облыстық маңызы бар қала мәртбесін беру туралы құжатты әзірлеуге Қосшы ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы негіз болды. Президент жарлығының жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында» жарияланды.
Онда: «Қосшы ауылының қазіргі жағдайы мен даму болашағы оның мәртебесін көтеру қажеттігін көрсетеді. Ауылға қала мәртебесін беру жылжымайтын мүліктің өтімділігін, кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін кәсіп құру мен оны дамытуға арналған несие ресурстарына қолжетімділікті арттырады» делінген.
Айта кетсек, Қосшы Ақмола облысының Целиноград ауданында орналасқан. Ауылдың жалпы аумағы – 2 413 гектар, халық саны 50 мыңнан асады.
Ботагөз АМАЛБЕК