Руханият • 20 Маусым, 2021

Қуанай хазіреттің асасы қалай табылды?

898 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біз бүгін Алашорда үкі­ме­тінің Батыс бө­лім­­ше­сінің тағы бір қай­рат­кері, Жа­һан­ша мен Ха­лелдің рухани ұстазы Қуанай хазірет туралы айтпақпыз.

Қуанай хазірет – ауқымды тұлға. Егер оны тек діндар десек, қайраткерлігіне обал жасаған болар едік. Ал Алаш үшін атылған боздақтың бірі десек, шариғаттың шамындай лаулаған ілімін, дінге дің­гек болған қызметін қайда қоямыз хазіреттің?

Қуанай хазіреттің асасы қалай табылды?

Қуанай хазірет деген кім?

Қуанай хазірет жайлы жазған тарихшылардың бірі – жазушы, өлкетанушы Қайыржан Хасанов. Өңірімізде шығатын Dana.kaz журналының 2020 жылдың 21 желтоқсанында жарық көрген №50 санында Қайыржан Хасановтың «Қаратөбе – өнерлі өлке», «Қа­ратөбе. Алашорда сиезі», «Хазі­рет Құрбанғали», «Төлеген Иман­ғазиев» атты еңбектерінің негізінде дайындалған «Қуанай хазірет» атты мақала жарияланды. Қуанай хазірет кім деген сауалға осы мақалада толық жауап бар.

Ы

«Жымпитыдағы Батыс Алашор­даның діни басшысы Қуанай Қосдәулетов кім? Қуанай Қосдәу­летов – 1859 жылы Орал округі, Жымпиты уезі №8 ауылда (Қособа) орта шаруасы бар отбасында дү­ниеге келген. Руы – байбақты, тү­кіш. Әкесі Қосдәулет бай болды дегеннің өзінде жеке малын 20 бас ірі қарадан артық ұстамапты. 1929 жылы 29 қаңтарда тергеушіге берген жауабында айтылғандай, Қуанайда 1917 жылы 40-50 шамалы ірі қара болған. 1928 жылы 28 тамыздағы ҚазЦИК-тің декреті алдында жекеменшігінде 93 қойы, 11 жылқысы, 16 ірі қарасы, 2 түйе­сі болғандықтан, мал-мүлкі тәркіленген. Осы кезде оның екі қыстауы, екі қатыны болған. Екі киіз үйін бәйбішесі мен тоқалы пайдаланған. Бай ретінде, Қуанай Жетісу жаққа жер аударылған.

Қуанайдың білімі қандай десек, бала кезінде әкесі Қосдәулеттен сабақ алған. Діни кітаптар мен Құран оқитын дәрежеге жеткенде, ауыл молдасынан білімін жүйелі түрде жалғастырып отырған. Одан соң Орал қаласындағы Ғабра­фақов деген халфеден оқуын жетіл­діргеннен кейін әрі қарай Әлі халфенің курсында болады. Кейін Бұқарада медреседе оқи­ды. 10 жылдай өмірін діни оқуға арнайды. 25 жасқа толған соң, молдалық жолға түседі. 20-25 жас аралығында қазақ балаларын ақы алып оқытады. Кейін оны өзінің кіндік қаны тамған №8 ауыл Қосо­бадағы мешітке имам етіп сайлайды.

1914 жылдан бастап 3 жыл қа­тарынан Мәдина мен Меккеге қажылыққа барады. Ыстанбұлдағы «Ая-София» мешітінде имам халфе болады. 1928 жылы Уфадағы ЦДУМ-ның ұйғарымы бойынша, оның Жымпитыдағы өкілі болып сайланады», деп жазады Қайыржан Хасанов.

Өлкетанушы, журналист, «Ege­men Qazaqstan» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы хазірет Ыстанбұлға Меккеге сапарында барған болуы керек дейді.

Қуанайдың есімін Сәкен Сей­фуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан да кездестіреміз.

Алласына құлшылық, Ала­шына қызмет қылған Қуанай 1937 жылы ұлымен бірге атылды.

 

Асатаяқ қалай табылды?

Туған жері болғандықтан әрі саналы ғұмыры өткендіктен Жым­питыда Қуанайдың ізі қалмауы мүмкін емес. Ол – аңыздағы кейіп­кер емес, күні кеше өмір сүрген тұлға. Сондықтан ізі түгілі, көзі де қалуы ықтимал.

Осындай үмітпен жүргенде «Қуанай хазіреттің асасы сақта­лыпты. Жәдігер Жымпитыда С.Сей­фуллин көшесінде тұратын Мә­дина Хасанова апамыздың қолын­да көрінеді» дегенді естіп, алып-ұштық.

Е

Мәдина апамыздың анасы Айман Көбенғалиқызы Дат­тың Адам­байынан тараған. Өзі сөз ұстаған, шежіре кісі болып­ты. Айман шешейдің әкесі Көбен­ғалидің Кенжеғали деген інісі болған екен. Сол Кенжеғалидан туған Ғабделқұдес бес парызын түгендеп, Құран ашып, ша­риғат жолымен жүріпті. Ол кейін Жымпитыға Құдыс молда ретінде белгілі болған. Құдыс молда өмі­рінде Қуанаймен бірнеше рет кездескен. Онымен жүздесу үшін түр­меге де кірген. Қуанай да оны шә­кірт деп жақын тартқанға ұқ­сай­ды. Тоқетері, сондай кез­де­су­лердің бірінде Қуанай хазі­рет Құ­дыс молдаға асатаяғын аманат­таған:

– Аса туралы бала күнім­де естідім. Майсара Хабиболла­қы­зының сабағы басталайын деп жат­қан. Медбике келіп, екпе салады деген әңгіме келіп жетті кабинетімізге. Баламыз ғой, инеден қорқамыз. Сабақтан қашып, Құдыс атаның үйіне келдім. Кереуеттің үстіне шығып ойнап жүргенімде қатты нәрсеге аяғым тиді. Ұстап қарадым, көрпенің астарына ұзын бірдеңе тігіліп, жасырылыпты.

– Мынау не ата? – деп сұрадым.

– Ойбай, бұл таяқ. Тиме, былай түс! – деп қарт мені кереуеттің үстінен түсіріп жіберді.

Арада уақыттар өтті. Құпия таяқ ойдан кетпеді. Бір күні барып, Құдыс атадан оны неге жасырып жүргенін сұрадым:

– Бұл – Қуанай хазіреттің асасы. Хазіретпен араласқан, тіпті амандасқан адамдар қудаланды, атылды. Ал маған оның таяғын сақтау бұйырды. Әр күнім терезеге қарап, «НКВД мені қаша алып кетеді екен?!» деген алаңмен өтті.

– Хазіретті қашан көрдің? – деген сұрақ қойдым бір күні.

– Қуанай тұтқындалыпты. Жым­питыға алып келеді деген хабар тарады. Ел ішіндегі білімді, оқыған азаматының қолына кісен салған қанды жүйенің кесапатына қарсы халықтың жасайтын амалы болмады. Дегенмен, ел қолдан келер құрметіміз деп, хазіреттің жолын тоспақ болды.

Алыстан қара көрінді. Жақын­даған сайын сұлбалары анығырақ бола бастады. Ортада ірі, ұзын адам келе жатыр. Жан-жағынан винтовка асынған әскер қоршаған. Ортадағысы – жарықтық Қуанай хазірет екен. Алып тұлғалы. Әскерилердің өзі иығынан келеді-ау, әйтеуір жанында шұбырған балапандай көрінеді.

Жендеттер жетектеген хазірет жа­нымызға таяды. Екі қолын артына қайырып, кісен салған. Үстіндегі жейдесінің жағасы ғана қалыпты. Қос өңірі өрім-өрім. Арқасының көретін жері жоқ. Дүре тіліп тастаған. Қаны шығып тұр. Соған қарамастан, еңсесі тік, маңғаз басып келеді. Қуанайын көзімен көрген халық қаумалай жөнелді. Бірі сөзімен күш беріп, бірі нанын, бірі суын ұсынып әлек.

Осы қауымның арасында мен де болдым, деп айтыпты Құдыс молда.

 

Түрмедегі жүздесу

Қуанай – Аллаға тағат қылған, құлшылығына құшықты адам болған. Ұрып-соғып, түрменің түбіне тыққанда да ол Аллаға деген махаббатынан айнымаған. Намаз уақыты болғанда абақтыдан еркін шығып, мешітке кетіп қа­ла береді екен. Намазын оқып бол­­ғаннан кейін түрмеге қайта оралатын көрінеді. Күзетшілер оның құлыптаулы темір есіктерді қалай ашқанын, қалай шығып кеткенін білмей дал болады. Оқиға қайталана бергесін, күзетшілер хазіретке қол да көтерген. Амалы құрыған біреу:

– Шыққан екенсіз. Мазақ қыл­ғандай қайта келгеніңіз не? Не­ге қашып кетпейсіз? – деп сұрай­ды.

Хазірет:

– Менің қылмысым жоқ, кінәм жоқ. Неге қашамын? Түбі әділет жеңеді, деген көрінеді.

Құдыс молда ас-ауқатын алып, Қуанайға жолықпақ ниетпен түрмеге бірнеше рет барады. Бірақ бетпе-бет жолыға алмайды. Түрме қабырғасында олар тек бір рет жүздесіп, тілдеседі.

– Сен маған алаңдама. Заман­ның жайы қиындады. Бізге де ақырғы сәт таяп келеді. Мені танитын, кездескен, амандасқан адам­ның бәрі назарға алынып жатыр. Тізімге сен де ілігіпсің. Ауылдан 30 үй іш жаққа жүрейін деп отыр. Сен сол көшке ілесіп, бірге кет! Барғаннан кейін де, ажырамай, елдің қазақтарының қасында бол! Аманат! – депті. Бұл хазірет пен Құдыстың соңғы кездесуі еді.

Көзілдірік кімдікі екен?

Амал мейрамы күні ауыл­дың ақ­сақалы, ақын Есен Бай­мұхам­бе­тов­ке сәлем беруге барған Мәдина Ха­санова апамызға Есен қарт:

– Қуанай хазіреттің аты атала бастады. Оны жоқтаушылар да көбейді. Өзі айтқан әділдіктің таңы туды. Құдыс молданың үйінде хазіреттен ештеңе қалған жоқ па екен? Болса, жарыққа шығаратын уақыт келді, деген ақыл айтады. Сол кезде апамыздың есіне құпия таяқ түседі.

Қуанай хазіреттің асасы осы күнге дейін Құдыс молданың ұлы Ораз ағамыздың үйінде сақталып келген. Молданың ұлы Ораз аға­мыз­дың әкенің аманатына берік болғаны соншалық, үйінде бағалы тарихи жәдігердің бар екені жайлы жан баласына тіс жармаған. Ұрпақтарының қолында Құдыс молданың неке туралы куәлігі бар екен. Ол жерде «Кенжегалиев Ку­дус­тың» 1898 жылы туғаны жазыл­ған. Қарт 1990 жылы дүние са­лыпты.

Н

Асатаяқты қолымызға алып, ұстап көрдік. Хазіреттің ұзын кісі болғаны рас екен. Таяқтың ұзын­­дығы – 140 см. Біздің бойымыз – 184 см. Өзімізді бойы ұзын адам­дардың қатарына қосып жүрміз. Ал таяқтың тұтқасының өзі кеудемізден келеді. 140 см асаны тұтқасынан, емін-еркін, қолды 90 градусқа жазған күйде ұстау үшін адамның бойы кем дегенде 2 метр болуы керек.

Асаның қандай ағаштан жасал­ғанын біле алмадық. Әйтеуір, бұ­тағы жоқ қызыл ағаш. Ортасынан темір шыбық өткізіпті. Тұтқа жа­ғын ұстауға ыңғайлы болуы үшін ақ матамен байлаған. Ұшын жезбен қаптапты. Аса ұстаған сайын серпіліп, солқылдап тұр.

Бұл асатаяқ қайда бармады екен? Бәлкім, Жымпитыдағы ескі мешіттің ішіне осы асасымен кіріп шықты ма? Қаратөбедегі Алаш сиезінде Қуанай осы таяғына сүйеніп, Жаһаншаның Осман халифаның жүрегінің қаны тамған самарқандық Куфа Құранды қалай қайтарғаны туралы жалынды сөзін тыңдап отырды ма?

Ораз ағамыздың үйінде Құдыс молданың бірқатар қолжазбасы, өзі өмірлік серік еткен Құран кіта­бы бар. Құран мен қағаздар оралған мата да көненің көзіне ұқ­сайды. Ал солармен бірге жат­қан ескі көзілдірік бізді тағы да сан ойға батырды. Біз мұндай көзіл­дірікті Алаш қайраткерлері Ха­лел Досмұхамедұлы мен Дәу­ле­т­шаһ Кү­сепқалиевтің суре­тінен көр­ген­біз. Бір қызығы, Құдыс мол­да­ның жанар оты жақсы болған, көпке дейін көзілдірік кимеген. Сонда, бұл көзәйнек кімдікі болды екен? Қуанай хазіреттікі емес пе екен?

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

 

Батыс Қазақстан облысы