Өнер • 20 Маусым, 2021

«Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалінің гала-концерті медицина қызметкерлеріне арналды

277 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» атауымен өткен «Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалі үлкен гала-концертпен аяқталды. Бұл ауқымды іс-шара халық денсаулығын қорғап, коронавируспен күресте алдыңғы шептен көрінген медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс айту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана кештері» Х Халықаралық өнер фестивалінің гала-концерті медицина қызметкерлеріне арналды

Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері концерттің басты қонақтары болып, әлемге белгілі әртістердің өнерін тегін тамашалай алды. Фестивальдің ұйымдастырушылары оларға көмек ретінде MuzVac деп аталатын өздерінің жаңа музыкалық вакцинасын ойлап тапты. Бұл – вирусты жеңу үшін иммунитетті нығайтудың, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың тиімді құралы. Музыкалық вакцинаның құрамына сахна майталмандары шырқаған классикалық өнердің жауһарлары енді.

Көрермен қауым бұл кеште Италия мен Швецияның танымал жұлдыздары – Антонелло Кароцца, Риккардо Бертоццини, Миа Стегмар - Дженни Тарнебергтің өнерін тамашалады. Бұған қоса, өздерінің орындаушылық шеберлігін белгілі отандық әртістер Ерлан Рысқали мен Альфия Каримова, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен Нұр-Сұлтан қаласы Филармониясының камералық хоры паш етті. Дирижерлік тұғырды Италиядан келген маэстро, әлемнің үздік оркестрлерімен жұмыс істеген Роберто Молинелли басқарды. Дирижер өз сөзінде пандемия кезінде қайсарлық танықтан дәрігерлерге алғысын білдіріп, фестивальдің ізгі мақсаттарын бөлісу үшін бұл іс-шараға барлық әртістердің зор қуанышпен келгендерін жеткізді.

Концерттік бағдарлама әлемдегі сан мың тыңдарманға жағымды әсер сыйлаған ХХ ғасырдың үздік туындыларынан құрылды. Атап айтқанда, «АВВА» және «Queen» топтарының атақты әндері, «Профессионал», «Зұлым, жаман, жақсы», «Миссия» сынды әйгілі кинофильмдерге жазылған Эннио Морриконенің музыкасы. Тіпті арнайы осы концерт үшін итальяндық композитор Эннио Морриконенің ұлы өзінің бейнеқұттықтауын жолдады. Ол өз өнерімен адамдардың жан дүниесін сауықтыруға және жақсылық жасауға ұмтылған Морриконенің музыкасы «Дегдар» қорының қайырымдылық қызметімен үндес екенін атап өтті.

Тыңдарман қауым «Астана кештері» фестивалінің қорытынды концертіне жоғары баға берді. Залдағы көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметі соған дәлел болды.

«Бүгінгі ерекше концерт шынымен де өз атауына сәйкес болды. Біз әлемдегі үздік вакцина – музыкалық вакцинаның көп мөлшерін зор ықыласпен қабылдадық. Әр композиция біз үшін сыйлық сияқты болды. Осы кеште шырқалған керемет музыканы біз ұзақ уақыт жадымызда сақтаймыз» - сынды пікірлер арқылы көрермендер өз лебіздерін жеткізді.

Фестивальдің ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, JTI компаниясы. Ұйымдастырушылардың баспасөз қызметі мәлімдегендей, фестиваль «MuzVac - үздік музыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, Елорда күнін мерекелеу аясында өткізілді. Қайырымдылық жоба елордалық көрерменге 3 концерт ұсынды.

Жалпы, «Астана кештері» өнер фестивалі Дариға Назарбаеваның бастамасымен жас Елордамызға деген зор сүйіспеншіліктің белгісі ретінде дүниеге келгені белгілі. Бұл фестиваль музыкалық өнердің сан түрлі жанрларын біріктіретін ерекше  концепцияның арқасында еліміздің мәдени өміріндегі игі дәстүрге айналды.

Фестивальдің серіктестері – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, «Астана Опера» театры, «Хабар» агенттігі.