Футбол • 20 Маусым, 2021

EURO-2020: Түркия еліне қайтады

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Гарет Бэйл бастаған Уэльс құрамасы плей-офф кезеңіне шықты. Швейцария әлі де болса келесі кезеңде ойнаудан үмітті деп хабарлайды Egemen.kz.

EURO-2020: Түркия еліне қайтады

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңі қызып келеді. Ширек финал жақындаған сайын жүйріктер ширыға түскен. Әзірге ел күтпеген анау айтарлық сенсация бола қойған жоқ.

20 маусым күні топтық кезеңнің үшінші туры басталды. А тобының командалары Рим мен Бакуде тоқайласты. Осы топтың ғана емес, турнирдің анық фаворитіне айналған Италия аса тартысты өткен кездесуде Уэльстен басым түсіп, толық 9 ұпай жиды. Төреші ысқыра салысымен Уэльс қақпасын торуылдаумен болған Манчини шәкірттері ақыры 39 минутта қақпа кілтін тапты. Маттео Пессина есеп ашып, командасын алға шығарды. 2-ші таймда да италиялықтар қарқынды ойын өрнегін көрсетті. 55 минута Итан Ампаду дөрекі ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан кетті. Он ойыншымен ойнау Уэльске тіпті қиынға соқты. Соған қарамастан кездесу соңына дейін есеп өзгеріссіз күйінде қалды.

Ал Баку стадионында маңызды жолдамаға таласқан Швейцария мен Түркия матчы алдыңғы құраманың жеңісімен аяқталды. Есеп – 3:1. Алтыншы минутта Харис Сеферович гол соғып, командасына басымдық сыйлаған. 1:0 есебінің қашанда сусымалы нәтиже екені белгілі. Осыны ескерген швейцариялықтар белсенді шабуылдарын әрі қарай жалғастыра түсті. Оның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Джердан Шакири 26 минутта есепті еселеп кетті. Командалар осы есеппен үзіліске шыққан. Ал 62 минутта Ирфан Кахфеджи бұл ойындағы ғана емес, түріктердің осы турнирдегі жалғыз голын соқты. Сөйтіп, есеп айырмасын қысқартты. Алайда Кахведжи голы Түркия құрамасына серпіліс сыйлай алмады. 68 минутта Шакири турнирдегі екінші голын соғып, бұл кездесудегі дубль авторы атанды.

Ал топтағы екінші орынға Уэльс құрамасы ие болды. Негізі Швейцария екеуінің ұпайы тең. Бірақ доп айырмашылығы Роб Пейдж командасының пайдасына жұмыс істеді. Ал Италияның екінші турда-ақ плей-офф кезеңіне шығып қойғанын білеміз.

Шенол Гюнеш жаттықтыратын Түркия құрамасы Еуропа чемпионатында бір ғана гол соғып, ешқандай ұпай жинай алмай еліне қайтатын болды. Швейцария құрамасының 1/8 финалдан әлі де болса үміті бар. Өйткені үшінші орын алған 8 ұжым жиған ұпай мен қосымша көрсеткіштеріне байланысты плей-офф кезеңіне шыға алады.