Қоғам • 21 Маусым, 2021

Өзімізді өзіміз тонап жүрміз...

1147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде қырық жыл бұрынғы естіген бірауыз сөз немесе бір ғана оқиға есімізден шықпай, етегімізге жармасады да жүреді. Себебі бізді ойға батырып, қыр соңыңнан қалмайтын сәттерді жаңғыртып тұратын жайттар бар. Бұл оқиғалар біздің тікелей тіршілігімізге қатысты екені даусыз.

Өзімізді өзіміз тонап жүрміз...

Осыдан біраз жыл бұрын трансұлттық компанияның баспасөз қызметіне ауысқан бір журналист сол компаниядағы шетелдік әріптестерімен бірге Алматыға ұшып кел­ген­де әуежайда орын алған келеңсіз бір жағ­дайды жаны күйзеліп жазып еді. Ұшақ кешік­кендіктен, жолаушыларды күтіп алған адам көлігімен әуежай тұрағында біраз тұрып қалады. Шлагбаумнан шығарда сол жердегі қызметкерлер жүргізушіден терминалға төленуге тиіс ақыны төлемей-ақ өздеріне 200 теңге беріп өтіп кетуге болатынын білдіреді. Бұл оқиға шетелдіктерді де, біздің әріптесімізді де таңғалдырғаны белгілі. Өйткені заңды кассаны айналып өту – басқа ешбір елдің миына кіріп-шықпайтын жағдай.

Осы күндері Ақтөбе қаласының жүргізу­шілері қоғамдық көліктерде жолақысын қолма-қол ақшамен төлеу тәртібі жойылған­нан кейін, жұмысқа деген ынтасы бірден азайып, қалада хаос пайда болғаны туралы өңірлік БАҚ-тар жазып жатыр. Онсыз да бұл өңірде маршруттық автобустар мен жүр­гізушілер жетіспеушілігі бар. Құзырлы мекемелер бұл мәселеге шопырлардың жасырын табыс көзінен айырылуы себепші болып отырғанын жасырмайды.

Бізді ұшпаққа ешқашан шығармайтын көлденең табыс жолдарына, көлеңкелі экономикаға да мұрындық болып отырған да және оның зардабын шегіп жатқандар да – өзіміз. Үйіне, жұмысына жете алмай жүрген де – сол өзіміз. Қалалықтардың мүшкіл халін пайдаланып қалуға жанталасып жатқан да – өз таксистеріміз.

Ал қоғамдық көлік жүргізушілері жолақы­сын картамен төлеуге көшу өз­деріне тиімді емес екенін ашықтан ашық мәлімдеген. Шын­дығына келсек, жүр­гізушілердің мұн­дай «ереуілі» Ал­матыда да болғаны есімізде. Бірақ осының бәріне қарамастан, біз жақсы өмір сүргіміз, да­мыған елде тұрғымыз келеді.

Жалпы, Ақтөбе қаласындағыдай жағдай оңтүстікті де айналып өтпеді. Электронды төлем карталары енгізілетін кезде Шым­кент қаласының жүргізушілері де біраз бұлқынды. Жақында әлеуметтік желіде бір қолданушы мынадай жазба қалдырыпты:

«Ағайын-туысы көп қазақ емеспіз бе, осыдан төрт жыл бұрын қайынсіңлімнің күйеуі автобусқа кондуктор болып жұмысқа кіріп еді. Көлік жекеменшік болған соң, келі­сім бойынша күндік еңбекақысы 1 200 теңге екен. Бірақ біздің қыз 1 200 теңге дегені дұшпан көз екенін, күйеуінің күнде кешке 5 мың алып келетінін айтатын. Мейлі, төрт баланың несібесіне солай бұйыртса, амал нешік, «ебін тауып екі аса» деген сөз босқа айтылмаған. Күйеу бала өзі кондуктор болғасын бүкіл бауырларын осы жұмысқа тартты. Әлі істеп келеді. Бүгін таңертең жұмысқа келсем, автобус жүргізушілері бас көтеріпті дегенді естідім. Дереу балаларыма қоңырау соғып қатынайтын көліктің жоқтығын айтып, курсқа бармай-ақ қойыңдар дедім. Ал жүргізушілер наразылығына келсек, 150 мың теңге ай­лықты 300 мыңға дейін көтеруін талап етіп, «Шымкент Бус» автопаркінің автобустары жұмысқа шықпады. Негізі, бұрыннан құжат бойынша солай боп келген».

Сөйтіп қосымша табыстан айырылған жүргізушілер мен кондукторлар валидатор­дың істен шыққанын айтып, ақшаны қолма-қол алуды тыя қоймаған. Содан кейін қала әкімінің тапсырмасы бойынша жолақысын төлеуге жаңа тәртіп енгізілді: егер қоғамдық көлікте валидатор істен шықса, жолаушы тегін жүреді. Бұған карта қолданатын жолаушылар қуанғанымен, жүргізушілер мен кондукторларға ұнамаған көрінеді.

Осы жуырда Алматының ең әдемі шат­қалдарының бірі Алмаарасанға жол тарттық. Демалыс күндері карантиндік шек­теулерінен мезі болған, бұрынғыдай шетелдерге саяхаттап кете алмайтын ал­матылықтардың барлығы тауға үдере көшіп жатқандай әсер қалдырады. Тауға қарай ағылған көліктерде есеп жоқ. Экологиялық бекет орналасқан шлагбаумда тұрған қыз­меткерлер қолма-қол ақшаны шытырлатып санап алып жатыр. Түбіртек жоқ. Бұл қалай деп, әр көлікке, адам басына тариф бойынша төлеп, туризмге үлесін қосып жатқан пенде де жоқ.

Бірақ біз өзімізді өзіміз тонап жүрсек те, әлеуметтік мәселелері шешілген, байыған мемлекетте тұрғымыз келеді.