Парламент • 21 Маусым, 2021

Парламент республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітті

548 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

М.Әшімбаев пен Н.Нығматулиннің қатысуымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда Парламент депутаттары Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Парламент республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекітті

Парламент сондай-ақ конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмидің жолдауын және елімізді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөнінде Үкіметтің қабылдап жатқан шаралары туралы Премьер-министр Асқар Маминнің баяндамасын тыңдады.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечина Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер бойынша қосымша баяндама жасады. Ол республикалық бюджетті атқарудағы аса маңызды мәселелерге тоқталды.

«Республикалық бюджет кірістерінде жыл сайын Ұлттық қордан трансферт өсіп келеді: 2020 жылы ол 40%-ды құрады. Пандемия жағдайының жақсаратынына сенім жоқ, ал мемлекеттік міндеттемелер көлемі өсе түсуде, әлеуметтік салаға арналған шығыстар республикалық бюджет көлемінің 40%-дан астамына жетіп отыр. Дағдарыс кезеңінде бұл шара мәжбүрлік әрі негізді болып отыр. Бірақ әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруі аясында шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу және еліміздің болашақ ұрпақ қаржысын басқару тәсілдері мен «қауіпсіздік жастығын» қайта қарау қажет», деп атап өтті сенатор Ольга Перепечина.

Ол сонымен қатар өз баяндамасында жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын айқындау, цифрлық шешімдерге негізделген салықтық және кедендік әкімшілендіруді түбегейлі оңайлатудың жаңа тәсілдерін әзірлеу, сондай-ақ сыртқы қарыз қаржысын жоспарлау мен пайдаланудың жұртшылық үшін барынша ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Ольга Перепечина кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру тізбегінен делдалдарды шығаруды, сондай-ақ жылдар бойы пайдаланылмаған қаржыны бюджетке қайтару және оларды басқа басым бағыттарға қайта бөлуді негізгі ұсыныстарының бірі ретінде атады.

Сенаторлар бірлескен отырыс барысында Министрлер кабинетінің мүшелеріне де сұрақ қойды. Мәселен, Сергей Карплюк төлем балансының тапшылығы мәселесін көтерді және жағдайды жақсарту жөніндегі шараларды тез арада қабылдаудың маңызын атап өтті.

«Өткен жылы төлем балансының ағымдағы шоты 6,3 млрд. тапшылықпен аяқталды. Қазақстанда ЕАЭО елдері арасында төлем балансының ағымдағы шотында көлемі ең үлкен тапшылық қалыптасқанын атап өту қажет. Төлем балансының тапшылығы 2015 жылдан бері байқалып келеді. Мұндай жағдай біздің импортқа тәуелді екенімізді және экспорттық мүмкіндіктеріміздің жүзеге аспағанын жақсы көрсетеді»,  деді сенатор.

Сенатор Абдалы Нұралиев өз сұрағындаауылды дамыту проблемалары мен оны қаржыландыру шараларын көтерді. Ол ауылды дамытудың тәсілдері мен басымдықтарын қайта қараудың маңыздылығы туралы айтып, бірқатар салалық мемлекеттік бағдарламаларға қарамастан, қойылған мақсаттардың бәріне әлі қол жетпегенін атап өтті. Ауылдардың 36%-ында орталықтандырылған сумен жабдықталмаған, 105 ауылда тасымал су пайдаланылады. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 45%-дан астамы жөндеуді талап етеді, электрмен жабдықтау желілерінің 58%-ы тозған.

Сенат депутаты Ольга Булавкина еліміздің «жасыл экономикаға» көшуін қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Бұл жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесі 2030 жылға қарай 15%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс екенін ескере келгенде аса маңызды. Алайда, сенатордың пікірінше, қазір булану газдары шығарындыларын реттеуде ынталандыру преференциялары жоқ, технологиялар құны - жоғары, сол сияқты энергетика саласындағы жабдықтардың тозу деңгейі де жоғары. Депутат осының бәрі біздің «жасыл экономикаға» көшуімізді баяулатады, деп санайды.

Сондай-ақ сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Дана Нұржігітова міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелерді атап өтті.

Парламент қаралған мәселелердіңқорытындысы бойынша Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.