Оқиға • 21 Маусым, 2021

Атырау облысында бір күнде екі адам суға кетті

496 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 20 маусымда Құрманғазы және Жылыой аудандарында екі адам шомылуға белгіленбеген орында суға батып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау облысында бір күнде екі адам суға кетті

«Құрманғазы ауданындағы 21 жастағы жігіт сағат 9:00 шамасында жеке көлігін жөндету үшін Шортанбай ауылындағы жұмыстасының үйіне барған. Кейін сағат 16:30 шамасында көлік жөндейтін жұмыстасымен бірге суға түсу үшін Қиғаш өзенінің жағалауына келген. Көлік иесі өзен жағалауындағы темір пирстан суға секірген. Шамалы уақыттан соң судан  шықпаған жүргізушіге алаңдаған досы дереу жергілікті полиция инспекторы мен ауыл тұрғындарына хабарлап, суға батқан жігітті іздестіру жұмысы басталған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Оқыс оқиға туралы хабар Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөліміне сағат 17:15-те түскен. Ауданның жедел-құтқару жасағынан 6 қызметкер, 1 техника мен 1 жүзу қайығы жұмылдырылып, кешкі сағат 19:00-де суға батқан жігіттің денесі өзеннен шығарылған.

Сол күні Жылыой ауданында да 1983 жылы туған ер адам суға батқан.

«Тұрғызба ауылында екі жігіт қой кезегіне шыққан. Күннің ыстығынан салқындау үшін 38 жастағы жігіт Жем өзеніне суға түскен. Ол суға секірген бойда батып бара жатқАны туралы айғайлап, көмек сұраған. Алайда, жағада қалған азаматтың көмектеспек болған әрекетінен нәтиже шықпаған», деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Бұл туралы 112 нөміріне сағат 17:20-да хабарланыпты. Жылыой аудандық жедел-құтқару жасағының 4 қызметкері сағат 18:03-те суға кеткен жігіттің денесін жағаға шығарған.