Бүгінде ауылдық жерде 6 мыңнан астам мәдениет ұйымы бар. Әйтсе де олардың барлығына тиісті жағдай жасалмаған. Үйірмені былай қойғанда, патша сарайындай зәулім мекемеде 4-5 адамнан артық қызметкер жұмыс істемейді. Себебі, талап солай. Олқылықтың орнын толтыру үшін 2025 жылға қарай ауылдарда балаларға арналған 1 600 үйірме ашылмақ ниетте. Сонда оған дейін ауыл тұрғындары қайтпек?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін ескерткен. Тіпті, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы тапсырма да жүктеген болатын. Ол аз десеңіз, сол арқылы әкімдердің жұмысын бағалайтынын баса айтқан. Міне, содан бері ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлерінің жанайқайына билік құлақ түре бастады.
«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда.
Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз», деген еді Мемлекет басшысы.
Шынында, ауылдағы мәдениет пен спорт саласының мәні кетіп бара жатқаны белгілі. Кадр тапшылығы қолбайлау. Қаладан маман шақырайын десе жалақысы аз. Жарытып айлық бермеген соң, білікті мамандар шағын елді мекеннен іргесін аулақ ұстайды. Ауылдағы бар маман баласы үшін азғантай ақшаны қанағат тұтып, жоқты бар қылып көрсетіп келе жатыр. Мемлекетіміздің өркендеуі алдымен ауылдан басталуы шарт. Оны бір кездері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан-тұғын. Бірақ сол бағытта жүйелі жұмыс жүргізілмеген соң бәрі бекер емес пе?
Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова Шығармашылық үйірмелердің бекітілген тізіміне 9 бағыт бойынша 59 түрі енгізілгенін мәлім етті.
«Өңірлер қарқынды жұмыс істеуде. Мемлекеттік тапсырысқа міндетті түрде 3 тарап қатысады. Бірінші тарап – облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының мәдениет басқармалары, олар заңнамада оператор ретінде белгіленген. Олардың негізгі функциясы – өнімді іріктеу, бөлінген қаражатты бөлу және балалар контингентін белгіленген тәртіппен жинақтау. Екінші тарап – үйірмелер қызметін ұйымдастырушылар, яғни өнім берушілер. Оған айқындалған талаптарға сәйкес келген кез келген кәсіпкер қатыса алады. Үшінші тарап – балалар, ата-аналар, қамқоршылар... Бүгінде өнім берушілер тіркелді. Мысалы, Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында балаларға ваучерлер беріліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр», деді К.Сейітова.
Оның айтуынша, ваучердің қолданылу мерзімі 10 жұмыс күні және ұзартылмайды. Осы уақыт ішінде ваучерде көрсетілген баланың заңды өкілі және өнім беруші шарт жасасады. Баланың сабақты дәлелді себепсіз қатарынан 3 рет өткізуі, шығармашылық үйірмеге бару регламентін сақтамауы өнім берушінің біржақты тәртіппен шартты бұзуына негіз болады. Сонымен қатар, оператор жеткізушіге ай сайын көрсетілген қызметтер фактісі бойынша әрбір бала үшін төлем жүргізеді. Келу табелі заңды өкілдің электронды қолтаңбасымен расталады.
Бүгінде елімізде 3 212 қолданбалы шығармашылық үйірме, балаларға арналған әуесқой бірлестіктер мен клубтар жұмыс істейді. Ең көп үйірме Алматы облысында тіркелді. Байқағандарыңыздай саны сын көтермейді, ал сапасы ше? Сапасы туралы әңгімені аталған аймаққа қарасты Балқаш ауданы, Бақбақты ауылдық Мәдениет үйінің директоры Бақыткүл Қайыпбаева айтып берді.
«Бұрынғыға қарағанда ауылдағы мәдени нысандар жыл сайын жанданып, түрленіп келе жатыр ғой. Тәубе! Десе де әлі де жолға қойылмаған мәселелер жоқ емес. Мысалы, кадр тапшылығы. Еден жуушы бағбанның қызметін қатар алып жүруге тура келеді дегендей. Оны бір деңіз. Әртүрлі үйірмелер ұйымдастырғанымызбен бөлмелерге ауыл балалары сыймайды. Қосымша сабаққа қызығушылар өте көп. Кейде ойлаймын, кітапханаға арнап үлкен бөлме бергенше, жаттығу залын кеңірек қылып салса болар еді деп. Себебі қазір оқырмандар электронды кітап арқылы, үйінде отырып-ақ керегін іздеп табады. Сондай-ақ спортпен шұғылданатын арнайы құрылғылар аз. Олардың сапасы төмендеу. Залдың тарлығынан екі-үш адамнан артық жаттығу жасай алмайды. Қызықты үйірмелер ұйымдастырайық десек білікті мамандарға қолымыз жетпей отыр. Бұл жағдайлар алдағы уақытта шешіледі деген ойдамын», дейді Б.Қайыпбаева.
Қазіргі уақытта ауылдарда барлығы 12 000 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде 115,2 мың бала шұғылданатын балалар мен жасөспірімдерге арналған 9 000 үйірме бар. Қосымша шығармашылық үйірмелер ашу және балалар мен жасөспірімдердің сапалы бос уақытын ұйымдастыру мақсатында 2021 жылы алғаш рет мемлекеттік шығармашылық тапсырыс енгізілді. 2025 жылға дейін республика бойынша ауылдық елді мекендерде қосымша 1600 үйірме ашылады. Нәтижесінде, қосымша 42 мың бала мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен қамтылмақ екен. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер саны 10 600-ге жетеді. Бұл – алдағы уақыттың құрғақ жоспары.
Былтыр Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова спорт секцияларын ашу және балалар үйірмесінің қызметін қалпына келтіру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың пікірін ескеретінін айтқан еді.
«Жол картасы шеңберінде «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мәдениет туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, еңбек ұжымдарымен спорт секцияларының желісін кеңейту, балалар мен жасөспірімдер, дене шынықтыру клубтарының жұмысын жандандыру, балалар үйірмесін ашу бойынша тұжырымдаманы республикадағы барлық мәдениет ұйымының іс-шаралар жоспарына бекіту шаралары көзделген. Қазір «Білім туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізу, қосымша білім беруді жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру шаралары жайлы мәселе пысықталуда», деген болатын.
Тіпті аталған заңға тиісті өзгеріс енгізілгеннен кейін заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерге де түзету енгізілетінін де мәлімдеген. Осылайша, мектепке дейінгі тәрбие беру, орта, техникалық және кәсіптік орта, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі сияқты «Қосымша қаржыландыру әдістемесі» әзірленген. Онда есептеу алгоритмдері, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемі және жергілікті бюджеттен қаржыландырудың нақты тетіктері айқындалатын болады. Ал биыл болса:
«Ауыл тұрғындары үшін заманауи, жайлы әлеуметтік-мәдени және спорттық орта құру, ауылдық елді мекендерде тұратын балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту –министрліктің басты міндеті. Бүгінде ауылдық жерде 6 мыңнан астам мәдениет ұйымы бар. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы аясында «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, жергілікті бюджет, жеке инвестиция тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану есебінен 748 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Оның ішінде 180 жаңа мәдениет нысанының құрылысы мен 568 нысанға жөндеу жүргізіледі», деп хабарлаған болатын ведомство басшысы.
Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, әйтсе де әттеген-ай дейтін тұстарымыз әлі де бар. Бірте-бірте жөнге келеді деген сенімдеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз» деп бекер айтқан жоқ. Расымен солай. Әсіресе ауылдағы өнерлі ағайын елеусіз қалып келеді. Осы күнге дейін елдік руханиятқа тіреу, спортқа сүйеу болған сол аядай ауылдан шыққан дарынды жастарымыз еді. Мұны уақыт та дәлелдеді. Еңдеше ұлттық мұрат жолында аянбай еңбек еткеніміз абзал.