Пікір • 22 Маусым, 2021

Әке көрген...

1226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамында әкенің орнын «асқар тауға» балап жатамыз. Расында солай. Тіпті көнеден келе жатқан «әке көрген – оқ жонар» дейтін тәмсіліміз де бар. Осы тәмсіл-ұғымды тарқатар болсақ, оның тәрбиелік мазмұны тым тереңде. Айталық, ежелгі дәуірде «оқ жону» екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Өйткені қисық оқ жауға дарымайды. Яғни «Тобыршықты биік жай салып, Дұшпан аттым өкінбен» деп, атақты Доспанбет жырау айтқандай, жонған оғың түзу болмаса дұшпаныңды жайрата алмай­сың. Сол себепті, бағзы заманда әке ең әуелі баласына оқ жонуды үйрететін болған.

Әке көрген...

Ертедегі «оқ жону» дегеніміз күллі тәрбие­нің басы. Оның сыртында жонған оқтың түзулігі мен оқтың өзегі дымданбағанын аңғара білудің өзі үлкен өнер. Оның сыртында оқтың түзулігін екінің бірі жай көзбен қарап ажырата алмайды. Ол үшін өткір жанар, ұшқыр сезім, сұңғыла аңғарымпаздық керек. Осы үш қасиетті сіңірген ұл ғана оқ жона алады һәм оқ жонудың үлгісін өзгеге, яғни болашақ ұрпағына үйрете алады. Ондай ұлды атам қазақ «әке көрген...» деп әспеттеген. Сөйтіп әке көріп, оқ жонуды үйренген ұл – жауын жасқай алатын, елін дұшпаннан қорғай алатын қабілетке ие болады.

Сол сияқты бабаларымыз «жақсы әкенің абыройы жаман ұлды қырық жыл асырайды» дегенді көп айтады. Яғни еліне, жұртына, ағайын-туғанға, отбасына қайыр жасап, әділеттің ақ туын жықпаған, келелі кеңестерде кемел шешім айтып, бұқараға жаққан, иман ахуалы толық, адамгершілік қасиеті мығым, ең бастысы ақ пен қараны, жау мен досты айыра білетін, сол арқылы болашақ заман бағамын бажайлап, елдің тағдырын жеке бас мүддесінен биік қойған әкені, яғни кемел адамды жалпақ жұрт сыйлайтыны әмбеге аян. Ендеше, осындай тұлғаның ұрпағы болу бір бақыт емес пе?

Мысалы, өз басым тұлымшағы желбіреген жас ұлға «Бұл баланың әкесінің жақсылығын көп көріп едім, соны ұрпағына қайтарайын» деп, сетерлеп тай мінгізген немесе атан түйесін шөгеріп, екі өркештің арасына жақсы әкенің ұлын отырғызып, көзінің жасын сүртіп тұрған қарияларды көп көрдім. Тіпті іргесі берік, берекесі мығым әулеттің қызына құда түсіп келген жетім баланың түп-тұқиянын сұрап білген ел ақсақалдары бір күрсініп алып, «бұл қарақ, жақсы елдің баласы екен, жетім қылған тәңірдің бұйрығы, аталарымыз шөптің өзі жер таңдап шығады деген. Әкесі текті адам еді, соның қанынан жаралған болса, түбі бір тесіп шығары анық» деп жетімге желкілдеп отырған қызын жетектетіп жібергенді де көрдік. Бұған ойланбай жасалған, ойсыз қылық деп қарамаңыз. Ана қариялар бозбаланың бойынан текті әкенің сипатын аңғарғандықтан, оның жолына жығылып отыр. Әйтпегенде, көлденең көк аттының қанжығасына әлпештеген ару қызын байлап беретіндей қазақ ақымақ халық емес.

Десек те қазіргі таңда қалқалауға болмайтын тағы бір шындық отбасындағы әкенің рөлі отанасына байланысты. Ақылды әйел күйеуінің мәртебесін бала-шағаның алдында биік ұстау арқылы, шаңырақ тәрбиесі мен әулет бірлігін сақтай алады. Халқымыздың «жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөзі бекер емес.

Осы орайда, мына бір оқиға ойымызға орала береді. Тіпті бертінде болған көрінеді. Кеңес өкіметі әбден кемелденген шақ болса керек, ауылға айбар, қоғамға сыйлы бір азамат толыспай жатып дүние салыпты. Оның артында ақылды да, арлы әйелі және едел-жедел өсіп келе жатқан үш ұлы қалыпты. Отбасында отағасының рөлі мен орнын жақсы білетін отанасы ұлдарына жақсы әкенің орнын ойсыратпас үшін тамаша сауабы мол айла ойлап тауыпты. Бұл әйел ең әуелі, күйеуі үнемі үстінен тастамай киіп жүретін бұйра жағалы палтосын төрге іліп қойыпты. Онымен қоймай ілулі киімнің қалтасына адал еңбекпен тапқан маңдай тері мардымсыз жалақысын салып қояды екен. Ұлдары кейде болымсыз қажеттілік үшін анасынан тиын-тебен сұрамай ма. Сол кезде ақылды әйел «балам шаңырағымыздың ризығы ана әкелеріңнің қалтасында тұр. Содан барып алыңдар. Бірақ отбасылық нәпақамыз үзіліп қалмасын, қажеттіліктен тыс ақша жұмсамаңдар» деп, екінің бірінің ойына келе бермейтін қатаң тәртіп орнатыпты.

Осы бір парасатты әйелдің жасаған жақсы амалының арқасында ұлдары дүние де жоқ әкесін өгейсімей, әкесі барлардың қасында еңсесі түспей, жақсы әкенің жомарт қалтасындағы адал ризықтан ішіп-жеп ердің сойы болып өскен екен. Міне, осы оқиғадан-ақ қазақ қоғамындағы әкенің орны айқындалып тұрған жоқ па?!