Аға буын заманының осы бір қиын кезінде ел иығына түскен ауыртпалықты кәтепті қара нардай бірге көтеріскен жастарға, мектеп оқушыларына дән разы болып, ақ баталарын берді. Тәлімді тәрбие алып, жас құрақтай жетіліп келе жатқан жастар болса, мақтау-марапаттау үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен қауіп-қатерге қарамай, ізгілікпен әдіптелген ізетті іс-қимылдарын өрістете берді.
Әрбір көкіректе қиын уақытта қысылған адамдарға қамқор болсам екен деген ізгі ниет еріктілер жылының аясында кеңінен өрістеді. Аудан орталығындағы №1 орта мектептің еріктілері мен жастар ресурстық орталығы «Біз біргеміз» акциясы аясында көп еңбек етті.
Жан шуағын себезгілейтін, естіген жанның ет жүрегін елжірететін нәтижелі іс-қимыл жас толқынның тарапынан жасалуы тіпті қуанышты. Аудандағы Макинка, Бұланды Донской, Мақпал орта мектептерінің оқушылары республикалық «Қазақстан – мейірімділік мекені» акциясын бірден қолдап әкетті. Ең алдымен мұқият тізім жасалды. Ерікті жастар қолдау-көмекті қажет ететін адамдардың назардан тыс қалып қоймауына айрықша мән берді. Жақсылық жасауға топтасқан жас қауым тізім бойынша мекенжайларға барып, олардың өтініштерін тыңдап, қолдан келер көмектен аянып қалған жоқ. Бұл өңірде қар қалың түседі. Жалғызілікті жандарды қыста қинайтын жай да осы. Өткен қыста топ-топ болып аула аршыған жас толқын жүздеген текше метр қарды елді мекеннің сыртына шығарып берді.
Дерт дүмеп тұрған кезде алдын алу мақсатында жадынамалар үлестіріп, облыстың бас санитарлық дәрігерінің карантин кезіндегі шектеу мен толықтырулар туралы қаулысын таратып, жалпақ жұртты құлақтандырды. Созылмалы сырқаты бар, қарға адым жер мұң болып отырған қарияларға емханадан тегін дәрі-дәрмектерді апарып беріп, алғыстарын арқалады.
Жақсылық жасаудан аға буын да шет қалған жоқ. Мәселен, «Семізбай-U» серіктестігі провизорлық стационарға 2 оттегі конденсаторын, 10 пульсоксиметр, ондаған дана комбинезон, медициналық халат, төсектік орын жабдықтарын сатып алып берді. Жинақтай айтқанда, осы заттар үшін серіктестік 2,5 млн теңге қаражатын жұмсады. Ал ел жайы десе елеңдеп тұратын еріктілер өз қолдарымен әдемілеп, берік етіп бетперделер тігіп, тұрғындарға тегін таратты. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларына, еңбек ардагерлеріне қаржылай көмек көрсетті, азық-түлік себеттерін таратты.
Облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Сұлтанбек Бекешев, «Феникс» еріктілер орталығының жетекшісі Сұлтан Жолдыбаев жастармен семинар кеңестер өткізді. Жиын барысында ел бірлігін нығайта түсетін жақсылық шарапаттың игі әсері туралы әсерлі әңгімелер айтылды.
Біржан сал еліндегі берекелі шаруа ең алдымен тұтастықты, адамгершіліктің дәні себілген аймақта жақсылықтың жалауы биіктеп тұратынын көрсетіп берді. Жанашырлық ісімен өзгеге үлгі-өнеге болған жастардың шаруасы атап айтуға тұрарлық.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы