Аймақтар • 22 Маусым, 2021

«Жасылдан» «сарыға» өтті

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің 21 маусымдағы ел өңірлеріндегі эпидемиялық ахуал­ды бағалау матрицасы бойынша Шымкент қаласы «сары аймаққа» өтті. Оған, өкінішке қарай, індетке шалдыққандар санының арта түсуі себеп болып отыр.

«Жасылдан» «сарыға» өтті

Шымкентте 20 маусымда коро­на­вирустың 59 жағдайы тір­кел­ді. Инфек­циялық стационарға 13 адам жатқызылып, 46 адам үй бақы­лауы­на алынды. Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1 276 орын бар, яғни төсектік орын толымдығы – 26%. Инфекциялық стационарда 338 науқас емделуде. Оның 171-і коронавирус­тан, 167-сі пневмониядан емделуде, ал 12 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте – 1 094, жалпы осы күнге дейін 462 487 адамнан ПТР сынамасы алынған. Сондай-ақ үшінші мегаполисте бір тәулік ішінде 2 354 адам вакцина алды. Егу науқаны басталғалы барлығы 228 356 адам екпе салдырды. Оның ішінде 132 259 адам вакцинаның екі компонентін алған.

Қала аумағында санитарлық-эпиде­миялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 20 мобильді топ жұмыс істейді. Олар 20 маусым күні 212 нысанға тексеру жұмыстарын жүр­гізген. Оның ішінде 8 нысанда карантин режімінің талаптары бұзылғаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Каран­тин режімінің талаптарын сақтау жөнінде күн сайын ескертіліп жатқанымен той-жиындар тыйылмай тұр. Мысалы, Еңбекші ауданы полиция басқармасының қызметкерлері карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында жүргізген рейдтік іс-шара кезінде үлкен тойдың үстінен түсті. Яғни жексенбінің кешінде аудан аумағында орналасқан Hayat тойханасы каран­тиндік шектеулерді бұзып, үйлену тойын өткізіп жатқанын анықтады. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына бағынбастан, ұйымдастырушы тойға 250 адамнан аса қонақ шақырған. Аталған жайт бойын­ша карантин талаптарын сақтамай жұмы­сын жалғастырған тойхана иесі мен той өт­кізген азаматтан түсініктеме алынды. Поли­ция басқармасының хабарлауынша, жинақ­­талған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша шара қолдану үшін тауар­­лар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқар­масына жолданған.

 

ШЫМКЕНТ