Теннис • 22 Маусым, 2021

Теннис: Елена Рыбакина Истбурн турнирінің екінші айналымына шықты

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теннис: Елена Рыбакина Истбурн турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен өткізді.

Бірінші партияда Е.Рыбакина сенімді ойнай білді - 6:2. Екінші сетте Х.Дарт брейкпен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестірді.

Бірақ тай-брейкте Дарттың жолы болды - 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда Рыбакина жеңісті жұлып алды - 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды. Матч барысында Е.Рыбакина 22 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы үш брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол дәл осындай тартысты кездесуде әлемнің 33-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны ұтты.