Спорт • 23 Маусым, 2021

EURO-2020: 23 маусым күнінің жарыс кестесі

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропадағы футбол тойы бүгін, яғни, 23 маусым күні де жалғасын табады. Бүгінге төрт матч жоспарланған. E және F топтарының құрамалары плей-офф жолдамасы үшін таласады, деп хабарлайды Egemen.kz.

EURO-2020: 23 маусым күнінің жарыс кестесі

Нұр-Сұлтан уақытымен 21:50-де Е тобындағы Словакия мен Испания, Швеция мен Польша құрамалары кездеседі. Бұл төрт команданың да келесі кезеңге шығудан үміті бар. Топтағы ойындар тағдыры осы үшінші турда шешілгелі тұр. Көшбасшы Швеция осыған дейін Словакияны жеңіп, испандармен тең ойнады. Словакия болса Польшадан басым түскен еді. Испания шведтермен де, поляктармен де тең ойнап қалды. Еншісінде 2 ұпай ғана бар. Бір кездесуде жеңіліп, бір кездесуде тең ойнаған Польша құрамасында бір ғана ұпай бар. Соған қарамастан бүгін Швецияны жеңіп, плей-оффқа аяқ созғысы келеді.

Мұндай интрига F тобында да бар. Нұр-Сұлтан уақытымен 00:50-де Португалия мен Франция, Германия мен Венгрия кездеседі. Бұл жақтың да ойындарын болжап болмайсың. Португалиядан 0:3 есебімен жеңілгеніне қарамастан, Франциямен 1:1 есебімен тең ойнап ерлік жасаған Венгрия бүгін қалайда Германияны жеңуі тиіс. Сонда ғана келесі кезеңге шығудан үміттене алады. Алайда Германияның қандай деңгейдегі команда екенін, өткен турда Португалияның екі аяғын бір етікке қалай тыққанын (4:2) жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Сондықтан мажарларды бүгін ауыр матч күтіп тұр.

Португалия мен Франция матчын футбол сүйер қауым «финалға дейінгі финал» деп бағалап жатыр. Германияны автоголдың арқасында әупірімдеп жеңіп, Венгриямен сенсациялы түрде тең ойнаған Дидье Дешам шәкірттері әзірге бұл турнирдің жұмбақ командасына айналып тұр. Ойындары жүрмей жатыр ма, әлде бұл әдейі жасалған стратегия ма, оны тап басып айту қиын.

Алғашқы және төртінші ойынды Qazsport телеарнасы көрсетсе, екінші және үшінші кездесулерді Qazaqstan эфирінен тамашалауға мүмкіндік бар.

Кешегі ойын күнінде Англия, Хорватия және Чехия құрамалары плей-оффқа шықты. Үшеуі де бір топтың өкілдері. Англияның небәрі екі гол ғана соғып, келесі кезеңге шыққаны да таңғаларлық жағдай болды.

Жалпы алғанда дәл қазіргі уақытта плей-офф кезеңіне 9 құрама жолдама алып қойды, олар – Италия, Уэльс, Бельгия, Нидерланды, Австрия, Дания, Англия, Хорватия және Чехия құрамалары.

1/8 финалдың матчтары 26-29 маусым аралығында өтеді. Әр күнге екі ойыннан жоспарланған.