Экономика • 23 Маусым, 2021

Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды

735 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров қазақстандықтарға жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған бағдарлама керегін айтты, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды

Партия өкілдері премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Мәжілісмендердің пікірінше, елдегі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану жөніндегі жобаның аралық нәтижесін қорытындылау қажет.

«313 мыңнан аса азаматтың арнайы шотына 1 триллион 400 миллиард теңгеден аса қаражат аударылды. Олардың бәрі зейнетақы жинағынан пайда көрді. Бұл жоба бүкіл экономикаға әсер етті. Осы тұрғыдан алғанда, экономикалық пайда көбіне екі мегаполистегі құрылыс салушылар, банктер мен импорттаушыларға түскенін көріп отырмыз. Бірақ халықтың тұрғын үйге қол жеткізуі әлі де қиын, бұл жүйелік проблема шешілмей қалды. Қоғамда тұрғын үйдегі бөлініс тек нашарлады», деді Айқын Қоңыров Мәжіліс отырысында.

Депутаттың айтуынша, тұрғын үй мен құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты жағымсыз жанама әсерлер қатты ықпалын тигізді. Бұл инфляцияның жалпы үдеуіне де әсер еткен.

Қоңыров зейнетақы науқаны басталғаннан бері елдегі пәтерлердің бағасы 8,3 пайызға өскенін еске салды. 2020 жылдың мамырынан 2021 жылдың мамырына дейін өсім шамамен 22 пайыз болған.

Айқын Қоңыровтың сөзінше, мұның салдарынан инфляция халықтың барлық тобына әсер еткен, ал зейнетақы жинағын тұрғын үй алу үшін қолданғандар саны осы уақытқа дейін халықтың екі пайызына да жетпеген.

«Мемлекет әрекет етеді, бірақ әдеттегідей кешігіп қалады. Монополияға қарсы агенттік бағаларды реттеуге тырысып жатыр, бірақ БЖЗҚ-дан алынған қаражаттың таусылуына байланысты бағаның өсуі табиғи түрде баяулап келеді. Осылайша, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану жөніндегі жобаны жалғастыра отырып, екінші кезеңде қосымша жүйелі шаралар қосу маңызды деп санаймыз. Бұл шаралар жеке топтарға емес, бүкіл қоғамға арналуы керек. Шаршы метрді жалпы пайдалануға беру тиімділікті бағалау критерийі ретінде ескірген және шындықты көрсетпейді. Бұл «инвестициялық көпіршік» алып келді және көптеген азаматтың тұрғын үй мәселесін шешпейді», деді депутат.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы депутаттық сауалында «мемлекет қазақстандықтардың басым көпшілігін сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты мәселе қылуы тиіс» деген пікір білдірді.

«Біздің азаматтарымызға жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған «Жер үй» бағдарламасы қажет. «Қазақстанның Халық партиясы» фракциясы Үкіметке ЖТҚ үшін жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін ойға қонымды құрал - мемлекет кепілдік беретін облигациялар шығару және оған БЖЗҚ қаражатын инвестициялауды ұсынады. Бұл көптеген қазақстандықтың өз үйін салу үшін жер учаскелеріне құқығы мен арманын іске асыруға, инфрақұрылымы бар аумақтар жоқ деген проблеманы шешуге және ең бастысы, тұрғын үй саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. «Жер үй» ЖТҚ дамыту бағдарламасымен бірге қажетті құрылыс және әрлеу материалдарының, ілеспе тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамыту жөніндегі шаралар атқарылуы керек», деп ұсынды Айқын Қоңыров.