Король сарайындағы аудиенция барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебіздерін жеткізді.
Елші Президент Қ. Тоқаев бастаған саяси және экономикалық реформалар, Қазақстанның халықаралық бастамалары туралы айтты, сондай-ақ Король Филипппен және оның әкесі Король Альберт II-мен жылы достық қатынаста болған Н. Назарбаевтың Қазақстан-бельгиялық ынтымақтастықты қалыптастырудағы тарихи рөлін атап өтті.
Өз кезегінде, Король Филипп Президент Қ. Тоқаев пен Елбасы Н. Назарбаевқа және барша қазақстандықтарға игілік тіледі.
Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси, сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады, пандемиямен күресу және халықты егу тәжірибесімен бөлісті. Сұхбаттасушылар, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын атап өтті.
Жүздесу соңында Елші екіжақты және көпжақты ынтымақтастық шеңберінде Бельгиямен қарым-қатынасты дамытуға бар күш-жігерін салуға дайын екендігін білдірді.